ҚР ҰҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақстандық физикалық қоғам» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Төлеген Қожамқұлов сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Біреулер адам тағдырдың сызып берген жолымен жүреді десе, екіншілері тіршілік иесі өз тағдырын өзі қалыптастырады деген пікірді қолдайды. Ал мен жігерсіз жандар өмірдің ағысымен тағдырдың жазғанына көніп жүрген кезде, арманы асқақ, мақсаты айқын тұлғалар тыңнан сүрлеу салып, оны даңғылға айналдырады дегенге көбірек иланамын. Бүгінгі кейіпкеріміздің өмірі мен ғылымдағы жолы осыны айғақтай түседі.
Төлеген Әбдісағиұлы 1946 жылы 29 сәуірде Жамбыл ауданы Жамбыл ауылында дүние есігін ашқан. Әкесі Әбдісағи – майдан даласында елі мен жерін жаудан қорғаған, І дәрежелі «Отан соғысы» орденінің иегері. Ол аты аңызға айналған 8-гвардиялық Панфилов дивизиясының қатардағы жауынгері болған. Анасы Қаншайым Досбайқызы «Алтын алқа» төсбелгісімен марапатталған.
Төлегеннің зеректігі мен білімге қабілеттілігі мектеп қабырғасында байқала бастайды. Оқу мен тәрбиеде озық болғаны үшін бүкілодақтық «Артек» пионер лагеріне жіберілген қазақстандық дарынды оқушылардың бірі болған. Сол лагерьде түрлі спорттық жарыстарға, соның ішінде шахматқа қатысып, қазақ әндерін шарықтата орындағаны үшін «Артек» алтын медалін иеленеді. Ол кезде бар-жоғы 13 жаста еді.
Мектепті 16 жасында үздік тәмамдаған Төлеген сол жылы ҚазМУ-дың (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) физика факультетіне түседі. Мұнда да озық білімімен лениндік стипендиат атанған ол ғылым, спорт және музыкамен белсенді айналысқан. Осы кездері алғашқы ғылыми еңбектері де жариялана бастайды. Нәтижесінде «Гравитациялық өрістің энергия-импульсі, псевдотензорының әртүрлі формалары» атты күрделі тақырыпта диплом қорғап, 1967 жылы университетті үздік бітіріп шығады.
Төлеген Әбдісағиұлы А.Иоффе атындағы Ленинград физика-техникалық институтының аспирантурасына бөлінген жалғыз орынға жіберілді. Институт қабырғасында П.Капица, И.Курчатов, Н.Семенов, Л.Ландау, Ю.Харитон, тағы басқа да көрнекті ғалымдар еңбек еткені белгілі. Ол – Л.Ландау мен Э.Лифшицтің әйгілі көптомдық теориялық физика курсын толық меңгеріп, емтиханнан сәтті өткен алғашқы қазақстандық. Оның кандидаттық диссертациясы «Ядродағы бөлшектердің тиімді өзара әрекеттесуін зерттеу» деп аталды. Ғылыми жетекшісі профессор Л.Слив болды.
Туған елден жырақта жүрген Төлеген сағынышын «Туған жерді есіңе ал» әні арқылы жеткізеді. Сондай сәттерде ол Ленинград қаласындағы Жамбыл көшесіне барып, қуаттанып қайтуды әдетке айналдырған. Бұл да болашақ ғалымның алға қойған мақсатына жету үшін қолдау болғаны анық. Оның осындай ерекше қасиеті өз жолын қалыптастыруға себеп болған еді. Б.Константинов атындағы ядролық физика институтының жыл сайынғы мектептері, сондай-ақ Л.Ландау атындағы теориялық физика институтының ғылыми семинарлары оның табиғи талантын ашуда және жоғары деңгейдегі кәсіпқой физик-теоретик ретінде қалыптасуында баға жетпес рөл атқарды. Ол Нобель сыйлығының лауреаты Л.Ландаудың шәкірті әрі серіктесі, академик А.Мигдалдың жетекшілігімен беделді ғылыми тағылымдамадан өтті. Теориялық физиктердің әлемдік элиталық қауымдастығына қабылданды.
1986 жылы Т.Қожамқұлов Украина КСР ҒА теориялық физика институтында (Киев) «Тордағы калибрлі өрістерді стохастикалық кванттау. Теория және сандық эксперимент» атты торлы калибрлі теориялар (торлы кванттық хромодинамика) бойынша КСРО-да тұңғыш докторлық диссертация қорғады. Көп жылғы еңбегі нәтижелі аяқталғанда көңілі шалқып, ғимаратта тұрған фортепианода ойнай бастаған. Оның «Жан элегиясы» атты жаңа мелодиясы осы кезде дүниеге келген.
2010 жылы CERN-нің Үлкен Адрон коллайдерінде алғаш рет кварк-глюон плазмасы – Үлкен жарылыстан кейінгі бір секундтың алғашқы бөліктеріндегі әлемдегі заттың күйі алынды. «Физика үшін керемет күн» деп аталған бұл шынымен де тарихи оқиға Төлеген Әбдісағиұлының осыдан 24 жыл бұрын докторлық диссертациясында баяндалған элементар бөлшектердің құрылымы туралы тұжырымдарды эксперименталды түрде растады. Ал 1989 жылы КСРО Жоғары аттестаттау комиссиясы Т.Қожамқұловтың профессор ғылыми атағын бекітті.
Біздің кейіпкеріміз – әлемнің заманауи физикалық болмысын бейнелеу мен дамытуға бағытталған 300-ден аса ғылыми мақала мен монография, кітаптар, оқу құралдары, «Кванттық механика» атты қазақ тіліндегі тұңғыш оқулықтың, тағы басқа да еңбектердің авторы. Академик құрған ғылыми мектеп бүкіл әлемге кеңінен танылды, оның шәкірттері мен ізбасарлары бүгіндері АҚШ, Австрия, Франция, Израиль, Ұлыбритания, Италия, Жапония, Ресей сияқты ғылыми орталықтарда жұмыс істейді.
Ол 1970-1998 жылдары ҚазМУ-да ассистенттен бастап, аға оқытушы, доцент, профессор, теориялық физика кафедрасының меңгерушісі, физика факультетінің деканы қызметтерін абыроймен атқарды. Оның ерекше таланты, жүйелі ойлау қабілеті, көшбасшы-инноваторлық әлеуеті факультетте жұмыс істеген кезде де айқын көрінген. Елімізде ЖОО аясындағы алғашқы ғылыми-зерттеу институты болған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Эксперименталдық және теориялық физика» ғылыми-зерттеу институтын құрып, оның тұңғыш директоры болды. Институт тек қызметкерлер үшін ғана емес, студенттер үшін де ғылымның нағыз алаңына айналды. Бүгінде ЭТФ ғылыми-зерттеу институты Қазақстандағы ең ірі мекемелердің біріне айналған. Т.Қожамқұлов бастаған институттың бір топ ғалымдары – үш буын физиктері әлемдік деңгейдегі іргелі зерттеулерінің нәтижесі үшін Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанғаны көп жылғы қиын жұмыстың нәтижесі десе жарасады. Бір институттан 6 қызметкердің Мемлекеттік сыйлықты жеңіп алуы бұрын-соңды кездеспеген құбылыс еді.
Осы жылдары Қазақстанның егемендік алуымен білім беру жүйесіне бейімделу талабы тұрған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика факультетінде оқытудың үш сатылы жүйесі мен кредиттік технологиясын дамыту басталды. Кейін бұл тәжірибе бүкіл университетке және бүкіл республикаға тарады. Ол – «несие» ұғымының қазақ тіліндегі баламасы болып табылатын «қосар» сөзінің авторы. Бұл термин білім берудің несиелік жүйесінің мәнін жақсы көрсетеді. Осындай жаңашылдығы үшін Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен Т.Қожамқұловқа 1996 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» атағы берілді.
1998-2001 жылдары Т.Қожамқұловтың ректорлығы кезінде Талдықорған университеті барлық қырынан жарқырап, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті деген мәртебеге ие болды. 2001-2008 жылдары Т.Қожамқұлов Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры лауазымында университетті жоғары халықаралық деңгейге көтерді. Жаңа ректордың алғашқы қадамдарының бірі – оның академиялық кеңесте ҚазМУ қалашығының негізін қалап, 1970-1986 жылдары университет ректоры болған Ө.Жолдасбековті мәңгі есте қалдыру мақсатында Студенттер сарайына сол кісінің атын беру ұсынысы болды. Кадрларды даярлауға және ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруға түбегейлі жаңа көзқарас енгізілді. ҚазҰУ республикадағы алғашқы университет болды. Онда дәстүрлі құрылымдармен қатар 15 ғылыми-зерттеу орталығының, 7 ғылыми-зерттеу институты мен технопарктің желісі құрылды. Сондай-ақ үш сатылы оқыту енгізілді: бакалавриат, магистратура, PhD докторантура. Бұл ғылыми-білім беру саласында инновациялық кластерлердің нақты пайда болуының үлгісі болып саналатын.
Студенттердің демалысына, тамақтануына, спортпен шұғылдануына, рухани дамуына, шығармашылық белсенділігіне заманауи жағдай жасалды. Жатақханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, интернетке қол жеткізе алатын компьютерлік сыныптар құрылды. Кәсіби спортшылар саны артты. 2001 жылы бір ғана спорт шеберіне кандидат және 16 бірінші разрядты студент болса, 2008 жылдың басында 12 халықаралық спорт шебері, 34 спорт шебері, 61 спорт шеберіне кандидат және 384 бірінші разрядты студент, оның ішінде Олимпиада құрамасының 16 мүшесі және Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының 46 мүшесі болды. Университеттің биология факультетінде дене шынықтыру бөлімі ашылды.
2001 жылы ҚазҰУ-да докторлық және ғылым кандидаты дәрежелерін алу үшін бірнеше ғана диссертациялық кеңес болса, 2007 жылдың соңына қарай 67 мамандық бойынша 24 докторлық кеңес болды. МАГАТЭ-нің мақсатты грантымен 2005 жылы үш онжылдықта алғаш рет университет гамма қондырғыларын іске қосып, Курчатовта 78 Кабельт-60 радиоизотопын жоюға қол жеткізді. Университеттің үздік студенттері үшін 100 Президенттік стипендия тағайындалды.
Т.Қожамқұлов университеттердің Ұлы хартиясына қол қойды (Болонья, Италия, 2003). ҚазҰУ Болон процесіне толықтай қатысқан Қазақстан мен Орта Азиядағы алғашқы университет болды және Қазақстанның Жоғары мектебінің қазіргі әлемдік білім беру кеңістігіне тікелей кіруіне жол ашты. ҚазҰУ еліміздің жоғары оқу орындары арасында бірінші болып 2006 жылы «Алтын сапа» сыйлығына ие болды
Ғылым мен білім беруді, мәдениетті, спортты, ұлттың рухани және дене тәрбиесін жетілдіруге, халықтар арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Т.Қожамқұлов Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі болып сайланды (Мәскеу қаласы, 1994). Қазақстан Жоғары мектеп ғылым академиясын құру бастамашыларының бірі және вице-президенті болды (1995), Халықаралық шығармашылық академиясының (Ресей, 1998); жаратылыстану ғылымдары академиясының (Ресей Федерациясы, 2003); Ұлттық инженерлік академия (2004); Қазақ білім академиясының (2006) академигі болып сайланды; Құрметті академик (2004), вице-президент (2005), Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі (2008); Қазақ ұлттық ғылым академиясының, Музыка академиясы (2006); І. Жансүгіров атындағы ЖМУ (2012); Dankook University (Оңтүстік Корея, 2006) құрметті профессоры атағына ие болды.
2008 жылдың сәуір айынан бастап Т.Қожамқұлов ҚазҰУ ректорының кеңесшісі, ЭТФ ҒЗИ ғылыми жетекшісі, сондай-ақ 2017 жылдың сәуір айынан бастап «Қазақстандық физикалық қоғам» РҚБ-ның негізін қалаушы әрі президенті.
Т.Қожамқұлов Қазақстан ғалымдарының Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымымен (CERN) (Женева, Швейцария) өзара қарым-қатынасына бастамашы болды. 2018 жылы Женевада физиктердің қатысуымен CERN мен ҚР Үкіметі арасында халықаралық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. 2019 жылы ҚР Парламенті келісімді ратификациялады және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «ҚР Үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымы (CERN) арасындағы Ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы халықаралық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңына қол қойды. Бұл – айтулы оқиға. Қазақстанның CERN-ге қатысуы тек жаңа білімге ғана емес, сонымен қатар ғылыми зерттеулердің деңгейін және елдің халықаралық беделін көтеруге зор мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Т.Қожамқұлов «Парасат» және II дәрежелі «Барыс» ордендерімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына – 10 жыл», «Астанаға – 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 25 жыл» медальдарымен, «Алтын барыс» төсбелгісімен марапатталды. Алматы облысының, Талдықорған қаласының, сондай-ақ АҚШ-тың Аризона штаты Тусон қаласының Құрметті азаматы.
Т.Қожамқұлов – ғұлама ғалым, көрнекті физик-теоретик, кванттық өріс теориясы, салыстырмалық және гравитация теориясы, атом ядросы мен элементар бөлшектер физикасының аса ірі маманы, жасампаз-педагог, ғылым, білім саласының білікті ұйымдастырушысы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Эксперименталдық және теориялық физика» ҒЗИ-ның негізін қалаушы, тұңғыш директоры.
2026 жыл Т.Қожамқұловтың туғанына 80 жыл және оның Украина КСР Ғылым академиясының Теориялық физика институтында (Киев) «Тордағы калибрлі өрістерді стохастикалық кванттау. Теория және сандық эксперимент» атты торлы калибрлі теориялар (торлы кванттық хромодинамика) бойынша КСРО-дағы тұңғыш докторлық диссертация қорғағанына 40 жыл толды. Бұл жұмыс КСРО-да кванттық хромодинамикадағы пертурбациялық емес әдістер бойынша жаңа ғылыми бағыт ашып, ғылыми ортада жоғары бағаланды.
Қуат Қайранбаев




