Қонаев қаласындағы Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектепте «Ақын, сазгер және кітапхана» атты әдеби-сазды кеш өтті. Рухани шараға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмар, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Ержан Тоқтар, Қонаев қалалық білім бөлімінің бас маманы Айдана Аманжол және жергілікті қаламгерлер қатысты.
Кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, кітапханашылар мен қаламгерлер арасында байланыс орнату мақсатындағы шараны ашқан Ержан Тоқтар мен Айдана Аманжол жиналғандарға Ұлттық кітап күнінің маңызын айтып, аталған №4 білім ордасының мұғалімі, сазгер Жанатбек Рақымжанұлының жергілікті ақындардың сөзіне жазылған «Қапшағай толқындары-2» атты балаларға арналған ән жинағының тұсаукесер рәсімін жасады.
Кеш барысында Төлеужан Нүсіпжанұлы кітап оқудан жалықпауға үндесе, ақын Берік Байылов өзін кітап оқуға және өнерге баулыған ұстазы Гүлстан апайын әлі күнге дейін есінен шығармайтынын айтты. Сонымен қатар қазақ журналистикасының қайраткері, жазушы Зарыққан Есілбаев 1992 жылы 17 қаңтарда Балқаш аудандық газетінде қызмет атқарып жүрген кезінде Дінмұхамед Қонаевпен емен-жарқын әңгімелесіп, сұхбат құрып, қолтаңба алғаны жайлы әңгімелеп берді. 80 жылдық мерейтойында ұлы адамнан сұхбат алған сәтте төбесі көкке жеткендей болып, шексіз қуанышқа бөленіп, кеудесін мақтаныш сезімі кернегенін тебірене жеткізді.
– «Ақкөл көтерілісінің ақиқаты» атты кітабымды 30 жыл бойы жазуыма тура келді. Көнекөз қариялармен сұхбаттасып, Ақкөл көтерілісі жайлы зерттеу жұмысын жүргізе бастаған тұста газетке мақала жариялаған едім. Сол кезде «үш әріптің» қызметкері келіп, аталған көтеріліс туралы айтуға да, жазуға да болмайтынын ескертіп, ол жайында ешкімге тіс жармайтыным жөнінде қолхат жаздырып алды. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін зерттеуімді әрі қарай жалғастырдым. Бұл кітапты жазып шығу өте қиын болды. Көтерілісшілердің және аштықтың тауқыметін тартқан ата-әжелеріміздің тағдыры жайлы қалам тербеген кезде көзімнен жас тамып отырды. Сонымен бірге «Іле-Балқаштың тұңғыш болысы» кітабын жазу үшін екі жылға жуық архивте тапжылмай отырып дерек жинадым. Жалпы, менің кітаптарымның көпшілігі архив материалдарына сүйеніп жазылған, – деген Зарыққан Әбілқасымұлы аталған екі кітабын білім ордасының кітапханасына табыс етті.
Ақын Бижамал Тұрсынқызы поэзияның құдіреті жайлы сөз қозғады. Өлең арқылы қала басшыларына сөзін өткізгенін мысалға келтірді. Одан кейін ақын Ізтілеу Тойшыбайұлы өзінің де әуесқой спортшы әрі жанкүйер екенін айта келе, бірнеше кітабын мектеп ұжымына сыйлады.
Ақын Алтыншаш Жақиянова шабыт кез келген уақытта келетіндіктен әрдайым қағаз-қаламын дайындап жүретінін, өйткені сол сәтте жазып алмаса, кейін ұмытып қалатынын тілге тиек етті. Өскелең ұрпақ үшін 20-дан астам кітап шығарғанын, көз майын тауысып жазған сол шығармаларды осы мектептің оқушыларының да оқитынына сенімді екенін жеткізді.
Ақын-жазушылар мен оқушылар арасындағы сұрақ-жауаптан кейін «Қаламгер қазынасы» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Бұл көрмеде кеш қонақтарының шығармалары қойылған.
Сахнада әр мектептен келген оқушылар шараға қатысушы ақындардың өлеңдерін жатқа оқығаннан соң, ақын Ізтілеу Тойшыбайұлының ақ батасымен рухани кеш өз мәресіне жетті.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ



