Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Алатау қаласының аумағында орналасқан Александр Асанов атындағы ату клубы базасында болып, мәресіне жеткен стенд атудан рейтингтік әлем кубогында жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінген Әсем Орынбайды құттықтап, меценаттар тарапынан тарту етілген автокөліктің кілтін салтанатты түрде табыстады.
Марат Елеусізұлы дүбірлі додада топ жарып, облыстың ғана емес, ел абыройын асқақтатқан мерген аруды марапаттау рәсіміне жиналған жұртшылықты Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, Әсем Орынбайдың әлем кубогын жеңіп алып, әлем рекордын қайталағанын атап өтті.
– Бұған дейін де әлем кубогын иеленген болатынмын. Өз облысымызда өткен жарыста жеңімпаз болудың әсері мүлде басқа екен. Оның үстіне бұған дейін тіркелген әлем рекордын қайталадым. Қуанышым қойныма сыймай тұр. Әрдайым қолдау көрсетіп, жаттығу жасауымызға да көңіл бөліп жүрген облыс әкіміне шексіз алғысымды білдіремін,– деді Әсем Орынбай ағынан жарыла.
Әсем Маратқызы өзінің 15 жасынан бастап спорттың осы түрін таңдауына аңшылықпен айналысатын әкесінің себепкер болғанын, жетістіктерге жетуінде бапкерлерінің үлесі зор екенін тілге тиек етті.
Стенд атудан әлем кубогы – Халықаралық спорттық ату федерациясының (ISSF) рейтингілік кестесі бойынша өз рейтингін арттыруға және 2028 жылы Америка Құрама Штаттарында өтетін XXXIV жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға квота алуға мүмкіндік беретін жарыс. 40-тан астам елден 300-дей спортшы бақ сынаған байрақты бәсекеде топ жарған екі дүркін әлем кубогының иегері атанған жерлесіміздің жеңісті жолы жалғасып, алдағы спорт аламандарында жеңімпаз болуына тілектестік білдіреміз.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ
Алатау қаласы



