Алматы облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясындағы іс-шаралар жалғасуда. Бүгін облыс аумағында «Таза бейсенбі» тазалық акциясы ұйымдастырылды. Шараға мемлекеттік қызметкерлер, өңір жастары және еріктілер қатысты.
Табиғатты аялау мен қоршаған ортаның тазалығына үлес қосу мақсатындағы бұл шарада қатысушылар таңмен таласа Қонаев қаласының кіреберіс қақпасындағы «Барыс» монументі, «Sinoil» жанармай құю бекеті және «Аристократ» тұрғынүй кешенінің маңын қоқыстан тазартып, бірлесе әрекет етудің жарқын үлгісін көрсетті.
Бүгінде Республикалық экологиялық «Таза Қазақстан» бағдарламасы қарқынмен қолдау табуда. Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының ақпаратына сүйенер болсақ, Қонаев қаласындағы тазалық жұмысына 1500- ден адам адам қатысып, 21 тоннаға қоқыс шығарылып, 34 гектар аумақ тазартылған. «Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес бізде тазалық жұмыстары 13 апта бойы жалғасып келеді. Күні бүгінге дейін тазалық жұмыстарына 310 мыңнан астам адам қатысып, 7,5 мың тонна қоқыс шығарылып, 4,5 мың гектар аумақ тазаланды. Әрбір елді мекеннің тазалығы тұрғындарға тікелей байланысты. Өйткені әрбір көше, әрбір аула, әрбір үй – сенің ауылыңның, қалаңның, ауданыңның айнасы», – дейді облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының бөлім басшысы Әлина Түсіпбаева.
Аталған жалпыұлттық экологиялық бағдарлама аясында алда аймақ аумағында әрбір елді мекенде аулалар мен көшелерді тазалау, тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыр,ағаш көшеттерін отырғызу ,өзен-көлдердің жағалауларын қоқыстан тазарту жұмыстары жалғасын таппақ.
Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы




