Таза қала, таза орта таза ауладан басталады. Бүгінгі Алматы облысы бойынша жаппай сенбілікке Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары да түгелдей қатысып жатыр.
Қолдарына құрал-сайманын алып, дайын тұрған қала тұрғындары, жастар мен еріктілер Есік қаласында тазалық жұмыстарын таңертең ерте бастап кетті. Есік қаласына бұрылыстан, яғни Алтын Адам аллеясының Құлжа тас жолымен түйіскен жерінен басталған тазалық 9 шақырым жерге созылды. Алтын Адам аллеясынан бөлек, Уәлиханов, Орынбетов көшелеріне де тазалық жұмыстары жүргізілді. Жол бойын күл-қоқыстан тазартып, ағаштардың түбі әктелді. Сонымен қатар көшедегі көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтіретін және қураған ағаш бұталары кесілді. Көше жарық шамдарын қалпына келтіру жұмыстары да қатар жүргізілді. Есік қаласындағы тазалыққа 5 техника жұмылдырылып, 200-дей адам қатысты. Жалпы, 15 тонна қоқыс шығарылды.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы дәл осындай тазалық жұмыстары аудандағы 25 ауылдық округте де таңертеңнен басталды. Ауыл тұрғындары аулаларын, көшелерін тазаласа, мекеме қызметкерлері өз аумақтарындағы санитарлық жағдайды ретке келтірді. Сондай-ақ қоғамдық орындар, балалардың ойын алаңдары, саябақтар мен ауылдық амбулаториялардың, мектептер мен балабақшалардың маңы тазартылып, абаттандыру жұмыстары жасалды, жол бойындағы ағаш түптері әктелді.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 2024-2029 жылдарға арналған өңірлік тұжырымдаманы іске асыру үшін белгіленген нақты жоспарға сай ауданда тазалық жұмыстары, сенбіліктер тұрақты өткізіледі. Елді мекендердің тазалығына атсалысу – әр азаматтың борышы.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ



