☀️
18°C
Қонаев
Сенбі, Мамыр 16, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    Ұлттың жоғын түгендеген ұста

    16.05.2026
    in Барлық жаңалықтар
    Ұлттың жоғын түгендеген ұста
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Қазақтың рухани мұрасы тек архивтер мен көне кітаптарда ғана сақталмайды. Ол халықтың күнделікті тұрмысында, ұста соққан темірде, зергер қашаған күмісте, қобыз бен домбыраның үнінде, бесіктің иісінде елмен бірге өмір сүреді. Ұлттың ұмыт бола бастаған осынау асыл қазынасын қайта тірілтіп, дәстүрлі қолөнерге жан бітірген санаулы тұлғалардың бірі – ұста Дәркембай Шоқпарұлы еді. Ол шеберлікті кәсіп емес, ұлт алдындағы аманат деп түсінді. Ғұмырын қазақтың көне өнерін зерттеуге, жоғалғанын жаңғыртуға, кейінгі ұрпаққа жеткізуге арнады. Ұста жасаған әр бұйымда халықтың тарихы мен рухы жатты. Бүгінде оның мұрасы – қазақ мәдениетінің алтын арқауына айналған құнды қазына. Ұстаның 80 жылдық мерейтойына орай, ізбасары, қолөнерші, Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің директоры Дәулет Дәркембайұлымен сұхбаттасып едік.

    – Дәркембай Шоқпарұлын жұрт қазақтың дәстүрлі қолөнерін жаң­ғыртып, оның қадір-қасиетін кеңінен танытқан көрнекті ұста ретінде таниды. Сіз үшін әкеңіз қандай адам еді? Ол кісінің тұлғасын өзгелерден даралап тұратын ең басты қасиеті қандай болды?
    – Әкем Дәркембай танымал ұста-зергер Ерғожаұлы Шоқпардың шаңы­ра­ғында дүниеге келген. Шоқпар ата­мыздың Алдамберді, Ахмет деген інілері болған. Сол бауырларымен бірге тұрмысқа қажетті бұйымдар мен әшекей жасап, тапқан пұлымен әулетті асырап, ауылға белгілі ұста атаныпты.
    Шоқпар атамыз Еңбекшіқазақ ауданының Ақши деген ауылында тұрған. Кейін ұжымдастыру басталған шақта көрші жатқан Казатком ауылына ұста керек болып, Шоқпар атамызды сол жаққа жібереді. Әкем Дәркембай сол ауылда ержетіп, сегізжылдық мектепті тәмамдайды. Бала күнінен зерек, қағылез, тілге шешен, шығармашылыққа, бейнелеу өнеріне жақын өседі. 13 жасында әкесінен айырылып, кіші әкесі Ахмет қолына алады. Ауылға белгілі ұста Ахмет атамыз әкемізге ұсталықтың қыр-сырын үйретіп, қолөнерге баулиды. Мектепті тәмамдаған соң ұжымшардың қара жұмысын істеп, әрі мектеп директорының өтінішімен бір жыл мектепте неміс тілінің мұғалімі болып, оқушыларға сабақ береді. Осылайша оқуға қатарластарымен бірге құжат тапсыра алмай қалады. Десе де, арман қуып, 1965 жылы Алматыдағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне қолөнерді үйрететін бөлім болмай, кітап безендіруші мамандығына қабылданады. 2-курсты оқып жүргенде әскер қатарына алынып, қазіргі Ресейдің Пермь қаласында борышын өтейді. Елге оралғанда оқуын жалғастырып, диплом жұмысына кітап безендіру ісі бойынша емес, қазақтың ұлттық дүниесін жасауды жөн көріп, сол кездегі училищенің директоры Ақырап Жұбановтан рұқсатын алып, қымыз құятын ыдыс-аяқ, торсық пен кесеқап жасайды. Ауыл-ауылды аралап жүріп, тері, ағаш, металл өңдеудің көне тәсілдерін қойын дәптеріне түсіріп, қазақтың қайталанбас қолөнер туындыларын жинақтауды қолға алады. Қазақтың қолөнеріне, этнографиясына, мәдениетіне, тіпті тіл саласына қосқан үлкен үлесі осылай басталды. Бұл – әкемнің ұлтқа деген адалдығы. Ол кісінің тұлғасын өзгелерден даралап тұратын ең басты қасиеті – ісіне адал болды. Әкем үшін қолөнер – тек материалдық дүние емес, рухани мұра болатын. Қолөнер бұйымдарының тек сыртқы формасына ғана емес, ішкі мазмұны, философиясына да жіті мән берді. Ұлттық өнерді халықтың жаны, рухы, тарихы деп қабылдады. Әкем осындай тереңдігімен мен үшін әркез биік болды.
    «Қарны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп Абай атамыз дөп айтқан ғой. Әкеміз ешқашан бізді бос отырғызбайтын. Ол кісі жалқаулықты жаны сүймейтін. «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті», «Ешқашан өтірік айтпа, біреудің затын алма» дегенді жиі айтты. Әр ісіне ұқыпты болатын. Тиянақтылықты, тәртіпті үйретті. Күнделік жазып, маңызды дүниелерді қағазға түртіп жүретін. Ол кісі менімен көп ақылдасатын. Қай істе де «Сен қалай ойлайсың?» деп, пікірімді біліп отыратын. Қалада қолөнермен айналысу қиынға соққанда, ауылға көшуді ойлады. Сонда Алматының маңына емес, туған ауылына барды. Бір күні «Қазақта «Шамның жарығы өз түбіне түспейді» деген жақсы сөз бар. Өз ауылыма бір пайдам тисін. Көшсек, туған жерге – Ақшиге көшейік» деді. Сөйтіп, 1996 жылы Ақшиге көшіп келдік. Осы жерде қаншама шәкірт тәрбиелеп, қаншама қолөнер бұйымдарын жасады.
    – Ұлттық өнерге халық­тың жаны деп қараған ұста қолөнердің қыр-сырын, оны жасау жолдарын жіті меңгеріп, кеңінен насихаттап қана қоймай, әр бұйымды терең зерттеп, оның тұрмыста қолданылуы, салт-дәстүрге байланысы, тіпті атауына да мән берді емес пе?
    – Әкем қазақ өнерін сөз өнері, саз өнері және сән өнері деп үш категорияға бөлетін және осы үшеуіне де өлшеусіз еңбегі сіңді. Герольд Бельгер бір жазбасында: «Бір киіз үйдің төңірегінде қазақта жүз сөз табылып қалады. Бір ғана сырғаның қазақта 20-30 түрі табылады. Бір ғана пышақтың ұшы, қазинегі, кежегесі, ілдірігі, жүзі, сағасы, жемесі, алқымы, сырты, құрсауы, дүмі, шығыршығы болатынын марқұм Дәркембай ұста жазып та, суретін салып та түсіндіріп еді», – деп әкем туралы жазған-ды. Қолданыстан шығып қалған қолөнер бұйымдарымен бірге оның атауы да, оны жасаудағы әдіс-тәсілдердің аталуы да ұмыт болатынын ескерген әкем олардың бәрін қағазға түсіріп, анықтамасын жазып, тіл ғылымына, этимология, этнолингвистикаға үлесін қосты. Сонымен қатар әкемнің өлең жазатын ақындығын да айта кету керек. «Зердемменен зерлеп өлең, еңбегімді елге берем» деп жырлап жазған өлеңдері топтастырылып, «Ай-Алқа» атты жыр жинағы шыққан-ды.
    – Сөз өнері мен сән өнерін айттық. Дәркембай ұстаның саз өнеріне, ұлттық музыка мәдениетін жаңғыртуға қосқан үлесі жайында да айтып өтсеңіз.
    – Әкем 1979 жылы Венгрияның Кечкемет деген қаласында болады. Сол жерден ойыншықтар музейін көріп, керемет әсерленіп, «Бізге де осындай бір музей керек екен. Біздің музейімізде қазақтың қуыршақ театрының бір көрінісі – ортеке тұрса, сан түрлі саз аспаптарын қойсақ, елге танытсақ» деген оймен көргенін қағазға түртіп алады. «Қазақтың ұлттық музыка аспаптарын жинаушы, музыкатанушы Болат Сарыбаевтың коллекциясы бар, жетпегенін өзіміз жасармыз» деп, елге келгенде ойын Мәдениет министрлігінде жұмыс істеп жүрген Өзбекәлі Жәнібековке айтады. Бұл бастаманы жөн көрген Өзбекәлі ағамыз Болат ағамен сөйлесіп, ол кісі де құптап тұрған соң Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевқа ұлт аспаптар музейін ашу идеясын ұсынып, рұқсатын алады. Солай жұмыс басталып кетеді, бірақ жеме-жемге келгенде Болат Сарыбаев жылдар бойы еңбектеніп жинаған музыкалық аспаптарын тегін бермейтін болып шығады. Ол кісі сұраған қомақты қаржы жоспарға енбеген, оны тауып бере салу да оңай емес. Музей ашу идеясы туралы Дінмұхамед Ахметұлына айтылып қойған. Сонымен Өзбекәлі Жәнібеков әкеме жағдайды түсіндіреді. «Осының бәрін бастаған – мен. Жаныма он шақты шәкіртімді алып, дереу жасап шығайық» деген әкем «Қазреставрация» мекемесі мен республикалық қолөнер музейінде бас суретші-реставратор болып жүрген жерінен жұмыстан шығып, музейге қажетті саз аспаптарын жасауға кіріседі. Көне аспаптарды жасау барысында этнографиялық деректерге, халық шеберлерінің тәжірибесіне және тарихи мәліметтерге сүйенген. Кейбір ұмыт болған аспап түрлерін қайта жасап шығару үшін ел арасындағы көнекөз қариялармен кездесіп, зерттеу жұмыстарын жүргізген, әрі жасаған аспаптары туралы «Білім және еңбек», «Пионер», «Балдырған» сынды басылымдарға мақала жазып, өзі салған суреттерімен қоса жариялап отырған. Осылайша, бір жылдан кейін музыкалық аспаптар музейі ашылады. Бұл – әкемнің музыка саласына да, музей ісіне де қосқан үлкен үлесінің бір мысалы.
    Музей ісі демекші, 2000 жылдардың басында қазіргі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде оқу орнының тарихын, қазақ әйелінің рухани болмысын, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді насихаттауға бағытталған ерекше мәдени орталық ретінде «Ақтұмар» тарихи-этнографиялық музейі ашылды. Әкем осы музейдің тақырыптық жоспарын дайындап, «Әйел әлемі» атты этнографиялық коллекцияны жасады. Қазақ әйелінің көне заманнан бүгінге дейінгі өмірін бейнелейтін бірнеше бөлімнен тұратын экспозицияларда бойжеткен қыздың жасау-жабдықтары, қалыңдықтың сәукелесі, әже бейнесі, жауынгер қыздың киімі мен қару-жарағы, ұлттық тұрмыстық бұйымдар – бас-аяғы 253 жәдігермен 2005 жылы музейді толық дайындап шықты.
    – Шәкірттері Дәркембай Шоқпарұлын «Дәркембай көке» деп атайды екен. Сіз де сөз арасында «көке» деп отырсыз.
    – Әкем мен шешем шаңырақ кө­тер­ген соң қазіргі Тұздыбастау ауылында пәтер жалдап тұрған екен. Менің алдымда 1970 жылы туған Нұрлан деген бауырым болыпты. Әке-шешеміз пәтерден-пәтерге көшіп-қонып жүріп, сол тұңғыштары шетінеп кеткен екен. Содан кейін мен туғанда әке-шешем «Ары-бері көшіп жүріп, баладан тағы айырылып қалмайық» деген уайыммен, мені нағашы ата-әжемнің қолына беріпті. Әкем жастайынан жетім қалып, мен өз ата-әжемнің көзін көрмедім. Солай мектеп жасына дейін мені нағашыларым өсіріп жеткізген. Жеті жасымда Алматыға әке-шешемнің қолына келдім. Ол кісілерді анда-санда ауылға келгенде ғана көрген соң бастапқыда бөтенсіп жүрдім. Әкем соны байқап, бір күні шақырып алып, «Мені кім дейсің?» деп сұрады. «Білмеймін» дедім. «Онда көке де» деді. Солай әкемді «көке» атап кеттім. Мен көке деген соң, бүкіл шәкірттері де «Дәркембай көке» дейтін болды.
    – Дәркембай ұстаның ұлы ғана емес, жанындағы шәкірті де болдыңыз. Атакәсіпті тастамай, әкеңіздің жолын жалғап жүруіңіз әке аманаты ма, әлде өз таңдауыңыз ба?
    – Екеуі де бар. 10-сыныпта оқып жүргенімде бір күні әкем қандай мамандық иесі болатынымды сұрады. Ол жағын әлі ойламағанымды айтқанымда «Бір ай уақыт беремін, ойлан» деді. Ойлана келе әкем сияқты қолөнермен айналысқым келетінін түсіндім. Әкем маған «осы іспен айналыс» деп тікелей айтпаса да, ол кісінің жылдар бойғы еңбегі, ұлттық қолөнерге деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығы, бізге берген тәрбиесі осындай таңдау жасауыма түрткі болды. Оның үстіне, үйде де, мектепте де көретінім қолөнер болатын. 4-сыныпта оқып жүргенде мектепте қолөнер үйірмесі ашылып, мен оған төрт жыл үзбей қатыстым. Құдайберген Кәзімұлы Болатбаев деген мықты ұстазымыз болды. Мені өнерге баулыған, өнерге қызықтырған алғашқы ұстаздарымның бірі – әкем болса, енді бірі – осы кісі еді. Сонымен араға бір ай салып, әкеме «Сіз сияқты қолөнермен айналысамын» дегенімде әкем қатты қуанды. Таңдауымды құптады.
    – Дәркембай ұста ұлттық қолөнердің ұмытылып кетпеуіне көп еңбек сіңіріп, көне өнерді қайта жаңғыртты. Осы орайда «Атақты ұстаның ұлы, ізбасары қазақтың қолөнерін насихаттауда қандай іс тындырып жатыр?» деген сауал туындайды.
    – Индустрияландыру кезінде зауыт өнімдері көбейді, ұжымдастыру салдарынан көшпелі өмір салты өзгерді. Бір кездері ұста, зергер, ерші сияқты жеке шеберлердің жұмысына сұраныс азайып, қазақтың қолөнері кенжелеп қалды. Өйткені бұрын қолмен жасалған бұйымдардың орнына зауыт, фабриканың дайын өнімдері келді. Ер-тұрманды бұрын бар сән-салтанатымен шеберлер жасаса, енді ол да бір қалыппен зауыттан келеді. Оюлап, теріден тігетін қазақтың саптама етіктері жоғалып, орнын қоқиған керзі етіктер басты. Тұрмыста қолданатын бұйымдар, ыдыс-аяқтан бастап, киім-кешекке дейін бәрі дайын, бірақ бәрі бөтен, қазаққа жат еді. Ешқайсысында ұлттық нақыш, қазақы бояу жоқ. Ұлттық құндылықтар мен күнделікті тұрмыс арасы алшақтай бастады. Сұраныс болмаған соң қолөнермен айналысатын, оның қыр-сырына қанық шеберлер де азайды. Осыған іштей налыған әкем ел аралап, көнекөз шебер, ұсталардан қолөнердің әдіс-тәсілдерін үйреніп, оны қағазға түсіріп, әр бұйымның анықтамасы, оның шығу тарихы, жасалу жолы туралы өзінің салған суретімен қоса газет-журналдарға ғылыми-зерттеу, танымдық мақалалар жариялап жүрді. Қарап отырсақ, әкем 200-ден астам ғылыми мақала, «Өрім өру», «Домбыра жасау», «Теріден жасалатын бұйымдарды құрастыру технологиясы», «Теріден жасалатын бұйымдардың арнайы композициясы», «Қазақтың қолөнері» сынды бірнеше кітап, «Қазақтың қолданбалы өнері» атты альбом-кітап шығарған. Сондай-ақ 30 шақты ұжымдық оқу-әдістемелік құралы тағы бар. Қазақ қолөнері жайлы жазып-сызып қана қоймай, көпшілік назарына теле-радио бағдарламалары арқылы теле-сабақ жүгізіп, көрерменге өнер мазмұнын терең таныта білді. Қазақ қолөнерінің тарихын айқындайтын «Зергерлер», «Шебердің оралуы», «Дом без углов», «Үш арыс», «Возвращение на лоно неба» сынды тағы басқа деректі фильмдер көрермен назарына ұсыныл­ды. Мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, кеңестік кезеңде құлдырай бастаған қазақ қолөнерінің қайта жаңғыруына жол ашты. Әкемнің бұл орасан еңбегі – мен үшін үлкен жауапкершілік. Оның өмір бойы жинаған мұрасы жай ғана бір отбасының дүниесі емес, тұтас ұлтқа ортақ қазына деп түсінемін. Сондықтан қазір музей жұмысын дамытуға, жастарға ұлттық өнерді насихаттауға күш салып келеміз. Түрлі көрмелер, кездесулер ұйымдастырамыз. Шеберлік сабақтарын өткіземіз. Ең бастысы – жастардың ұлттық өнерге қызығушылығын ояту. Көрген-білгенімізді үйретіп, шәкірт те тәрбиелеп жатырмыз. Қазір қолөнерге деген жастардың қызығушылығын арттыру үшін, қолөнер бұйымдарын кеңінен насихаттап, оның қыр-сырын таныту үшін әлеуметтік желілерді пайдалануды қолға алдық. Әсіресе, жастар көп қолданатын тик-ток желісінде жаңа аккаунт ашып, қолөнер бұйымдары, оның жасалу жолдары туралы шағын видео салып отырамыз. Бұл да заманға сай ұлттық құндылықтарымызды танытудың бір жолы. Мықты мобилограф алып, шеберлердің әдіс-тәсілдерін көрсетсек деген де жоспар бар.
    – Қазіргі жастар қолөнерге қызыға ма?
    – Мүмкін жастардың бәрі емес шығар, бірақ бір байқағаным, кейбір жастар бірден нәтиже көргісі келеді. Айталық, бір бұйымды жасап, соны сатып, бірден байып кетемін деп ойлайды. Қолөнермен айналысу – шығармашылық қабілетті айтпағанда, төзімді, қажырлы еңбекті, уақытты талап ететін жұмыс. Алдымен тәжірибе жинақтау қажет, құрал-сайманды түгендеу керек. Бұл бірден бола қалмайды. Сондықтан қолөнерді бүгін бастап, ертең тастап кететін жастар жоқ емес. Дегенмен, осы іске қызығушылық танытып, ынта-шынтасымен кірісіп істейтін іні-қарындастарымыз да баршылық. Қарапайым кәдесыйдан бастап, үлкен тапсырыстар алып жатқан жастарға қарап қызығамыз.
    – Дәркембай ұста «Қазақта «сувенир» деген сөз жоқ. Олар барлық затты қолданған» деген екен. Ал қазір қолөнер бұйымдары көбіне кәдесый ретінде жасалады. Осы турасында не айтасыз?
    – Көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ, расымен, тұрмыстағы кез келген затты кәдеге жаратып, пайдаға асырған. Ал әлде­нені кәдесый ретінде жай ғана қойып қою – ары-бері көшіп-қонатын жан үшін артық жүк еді. Дегенмен, қазір заман басқа. Сырттан келетін турист «Қазақ деген кім?» дегенде, біздің ұлттық құндылықтарымыз­ды, мәдениетіміз бен өнерімізді, тарихымыз­ды танытатын кәдесый керек.
    Кәдесыйдан бөлек, күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар да жасалып жатыр. Қолөнер бұйымдарына тапсырыс берушілердің екі түрі болады. Мысалы, қамшыға тапсырыс берерде «Маған алтындап, күмістеп, қолданатын мықты қамшы жасап бер» дейді. Ол адам заттың сапасына қарайды, бағасына қатты бас ауыртпайды. Енді бір адамдар «Үйімде қамшы ілініп тұрса болды» дейді. Ол адам қамшының сапасы, сәні емес, бағасына қарайды. Яғни адамдар материалдық жағдайына қарай тапсырыс береді. Біреулер зауыттан шыққан сандықты сатып ала салады. Енді біреулер шеберлерге жасатады. Сол сияқты ат әбзелдеріне, теріден торсыққа, ыдыс-аяққа, саз аспаптарына тапсырыс көп түседі. Қолдан жасалған бұйым болған соң, оның бағасы да қымбатқа шығады.
    – Дәркембай Шоқпар­ұлының 80 жылдығына орай қандай іс-шаралар ұйым­дастырылып жатыр?
    – Халықаралық музейлер күніне орай, Қонаев қаласында Дәркембай Шоқпарұлының 80 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы дала шеберлері» атты халықаралық шеберлер фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл тек қолөнер шеберлерінің көрмесі емес, сонымен қатар ұлттық өнерді ұлықтап жүрген өнерпаздардың мәнді, мазмұнды кеші болмақ. Бұдан бөлек, 29 мамырда Есік қаласындағы Т.Молдағалиев атындағы Мәдениет үйінде «Ұста рухы – ұлт мұрасы» атты үлкен іс-шара ұйымдастырамыз. «Алашқа аты мәшһүр Дәркембай ұста» кітабының тұсаукесер рәсімі өтеді. Әкеміздің рухына бағыштап Құран оқытып, ас бермекпіз.
    – Әңгімеңізге рахмет!

    Сұхбаттасқан – Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
    Еңбекшіқазақ ауданы

    Соңғы жаңалықтар

    Ел құрметтеген ел ағасы
    16.05.2026
    Тұлғаларға тағзым
    16.05.2026
    ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ
    16.05.2026
    Өркениет бастауы
    16.05.2026
    Ән қанатында
    16.05.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>