Талғар ауданында Алматы облысының полиция қызметкерлері арасында бокстан аймақтық жарыс өтті. Құқық қорғау ұйымдары қызметкерлерінің кәсіби даярлығын арттыруға бағытталған бұл турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылып, үздік спортшылардың басын қосты. Жарысқа Алматы облысының аудандық және қалалық басқармасынан 150-ден астам полиция қызметкері және Жетісу облысының өкілдері қатысты.
Мұндай жарыстар полиция қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, сонымен бірге олардың арасындағы өзара ынтымақтастықты да нығайтады. Бұдан басқа, бұл іс-шара қызметкерлердің жауынгерлік дайындығын арттырады және күнделікті жұмыста қажетті дағдыларды дамытуға ықпал етеді.
Алматы облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әсет Табеев жарыстың маңыздылығына тоқталып, мұндай турнирлердің кәсіби даярлықта ерекше орын алатынын атап өтті.
– Дене шынықтыру дайындығы полиция қызметкерлері қызметінің ажырамас бөлігі саналады. Бокс рухты көтереді және әркімнің өзіне деген сенімін арттырады. Сонымен қатар жарыс командалық рухты нығайта түседі, тәртіп пен жеке шеберлікті ұдайы жетілдіруге деген ұмтылысты арттырады, – деді ол турнирдің ашылу рәсімінде айтқан құттықтау сөзінде.
Жарыс 60-тан 90 келіге дейінгі сегіз салмақ дәрежесінде халықаралық бокс ережесіне сәйкес, олимпиадалық жүйе бойынша ұйымдастырылды. Әр жекпе-жек жоғары қарқынмен өтіп, қатысушылар өз дағдыларын толық көрсетуге тырысты. Әсіресе 70 келі салмақта жеңімпаз атанған Іле ауданының өкілі Мирас Шәріпов ерекше шеберлігімен көзге түсті. Жойқын соққы алмасу кезінде ол өзінің жоғары техникалық дайындығы мен сенімді қорғанысын көрсетті. Соның арқасында барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Сондай-ақ өз салмақ дәрежесінде Мұхаммед Омар, Нұрсұлтан Малов, Дулат Нұрдәулетов, Айбек Меденов, Әбдек Қанатбеков, Айбек Ахметов және Нияз Абдуханиев жеңімпаз атанды. Бұл спортшылар да жарыс кезінде жақсы техникалық және тактикалық дайындығын көрсетіп, жеңіс тұғырына көтерілді.
Жарыс қорытындысы бойынша республикалық чемпионатқа жолдама алған үздік спортшылар анықталды. Енді олар Қарағандыда өтетін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің чемпионатында Алматы облысының намысын қорғайтын болады.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы



