19 мамыр күні Алатау қаласында Auto Flight компаниясының eVTOL үлгісіндегі жолаушыларға арналған электрлі тік ұшып-қонатын әуе аппаратының Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы демонстрациялық ұшуы өтеді. Аталған шара қарсаңында қалада жаңа ұшу аппараттарына сынақ жүргізіліп жатыр.
Әкімдік мәліметінше, мамандар дайындықтың пилоттық кезеңін жүзеге асыруда. Оның аясында жаңа буындағы жолаушылар әуе аппараттарының мүмкіндіктері, жүк жеткізуге арналған ұшқышсыз жүйелер, сондай-ақ қала аумағындағы әуе қозғалысын цифрлық басқару жүйесі (UATM) сынақтан өткізілуде.
Жобаға Оңтүстік Корея, Италия және Қытай елдерінен халықаралық серіктестер қатысуда. Демонстрациялық ұшу мен сынақ жұмыстарын қазақстандық Alatau Advance Air Group компаниясы мемлекеттік органдармен бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Әкімдік өкілдері барлық ұшулардың уәкілетті органдармен келісілгенін және қауіпсіздік талаптарына сай жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ бұл сынақтар қалалық әуе мобильдігін дамыту (Urban Air Mobility) тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Бастама Алатау қаласын жоғары технологиялы, экологиялық таза әрі инновациялық шаһар ретінде дамыту стратегиясының бір бөлігі ретінде қарастырылуда.



