Жамбыл ауданында ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған «Жамбыл мұрасы – ұлт қазынасы» атты облыстық жас ақындар айтысы ұйымдастырылды.
Іс-шара «AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» жобасы аясында өтті. Өнер додасына Алматы облысының аудан-қалаларынан келген 16 мектеп оқушысы қатысып, айтыс өнеріндегі қабілеті мен сөз саптау шеберлігін көрсетті.
Жыр додасының негізгі мақсаты – Жамбыл Жабаевтың әдеби мұрасын жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттау, қазақтың айтыс өнеріне қызығушылықты арттыру және өңірдегі талантты оқушыларға қолдау көрсету.
Іс-шараның ашылуында «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Серік Нұрқадыров жас ақындарға сәттілік тілеп, ұлттық мұраны сақтау мен ұрпақ тәрбиесі партия жұмысының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Жамбыл Жабаев – қазақ руханиятының биік тұлғасы. Ол ұлттың сөз өнерін, елдік мұратын және халықтық даналығын бір арнаға тоғыстырған дара ақын. Сондықтан оның мұрасын жас ұрпаққа насихаттау – тек мәдени шара емес, ұлттық тәрбиенің маңызды бөлігі. “AMANAT” партиясы “Ұлттық мұра” жобасы аясында осындай бастамаларға ерекше мән береді. Біздің мақсатымыз – жастардың бойында туған жерге құрмет, елге қызмет ету жауапкершілігі мен ұлттық құндылықтарға адалдық қалыптастыру. Бүгінгі айтысқа қатысып отырған оқушылар – сол рухани сабақтастықтың жалғасы», – деді Серік Нұрқадыров.
Облыстық айтысқа Жамбыл, Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ, Алатау, Балқаш, Райымбек аудандары мен Қонаев қаласынан келген жас ақындар қатысты.
Сахнада оқушылар Жамбыл мұрасын, туған жерге құрметті, елдік пен бірлікті, ұлттық құндылықтарды және бүгінгі қоғамдағы өзекті тақырыптарды жырға қосты. Қатысушылардың өнері тіл байлығы, тақырыпты ашуы, сахна мәдениеті, суырыпсалмалық қабілеті және қарсыласына жауап беру шеберлігі бойынша бағаланды.
Жыр додасына қатысқан Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас айтыстың жыр алыбы туған қасиетті өңірде өтуі ерекше мәнге ие екенін айтты.
«Жамбыл жері – қазақтың сөз өнері мен жыр дәстүрінің киелі мекені. Бұл топырақта Сүйінбай мен Жамбылдай ұлы тұлғалардың ізі қалды. Сондықтан бүгінгі айтыстың дәл осы өңірде өтуі – ауданымыз үшін үлкен мәртебе. Осындай рухани мәні зор шараның “AMANAT” партиясының бастамасымен ұйымдастырылуы жас таланттарға жол ашып, ұлттық өнерді дәріптеуге серпін береді. Айтыс – жай ғана өнер жарысы емес, ол баланы ойлануға, елдің сөзін айтуға, туған жерді құрметтеуге тәрбиелейтін үлкен мектеп. Бүгінгі додада жеңілген ақын жоқ деп ойлаймын. Себебі әр қатысушы Жамбыл мұрасын дәріптеп, ұлттық өнердің абыройын асқақтатты», – деді аудан әкімі.
Қазылар алқасының шешімімен айтыстың бас жүлдесі Қарасай ауданының жас ақыны Қази Нұрғисаға бұйырды. Бірінші орынды Балқаш ауданынан Нұрланқызы Кәусар иеленді.
Екінші орын Қарасай ауданынан Нұршабеков Рауан мен Жамбыл ауданынан Зинулла Ақнұрға берілді. Үшінші орынға Талғар ауданынан Сәрсенбек Несібелі, Қонаев қаласынан Сыбанқұл Әдемі, Жамбыл ауданынан Бақыт Жансая және Еңбекшіқазақ ауданынан Рахимов Даниял лайық деп танылды.
Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталып, барлық қатысушыға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар берілді.
Айта кетейік, биыл қазақ поэзиясының алыбы, халық ақыны Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толып отыр. Осыған орай Алматы облысында ұлы ақынның мұрасын дәріптеуге арналған мәдени-рухани іс-шаралар ұйымдастырылуда.



