Биыл қараша айында Қаскелең қаласында орналасқан «Pladis Kazakhstan» компаниясында сұранысқа ие шоколад кәмпиттерін өндіретін жаңа желіні іске қосу жоспарланып отыр. Оған құйылатын қосымша инвестиция көлемі 4,5 млрд теңгені құрайды.
Кәсіпорын директоры Фатих Үстүнелдің айтуынша, компания өз қызметін 1995 жылы «Хамле компани ЛТД» ЖШС ретінде бастаған. Өндірісті кеңейту мақсатында кезең-кезеңімен жаңа инвестиция тартылып отырған. Бұл ретте ең табысты жылдардың бірі 2017 жыл болды. Қазіргі таңда компания ауданның жүйе құраушы кәсіпорындарының бірі саналады. 2024 жылы кәсіпорында ребрендинг жүргізіліп, атауы «Pladis Kazakhstan» болып өзгертілді. Бұл әлемге әйгілі «Pladis» компаниялар тобына кіретін заңды тұлғалардың бірігуімен байланысты. Холдингтің бас кеңсесі Англияда орналасқан.
Кәсіпорынға бөлінген жер аумағы – 6,9 гектар. Қазіргі уақытта мұнда алты өндірістік желі жұмыс атқаруда. Жыл сайын кәсіпорын 100-ден астам атауы бар 26 мың тонна дайын өнім шығарады. Тұтынушылар арасында «Albeni» шоколад батончиктері, «Halley» маркалы маршмеллоуы бар сэндвич-печенье, «Biskrem dark» салмасы бар печеньесі және «Ulker» брендімен шығарылатын өнімдері үлкен сұранысқа ие. Компанияның басқа да танымал брендтері қатарында «Hamle», «McVitie’s», «Digestives», «Godiva», «Alpella» және «Flame» бар. Сонымен қатар мұнда бисквит өнімдері, түрлі кәмпиттер, вафли, рулет пен сағыз өндіріледі.
Ғимараттың бесінші қабатында заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген үлкен зертхана мен сапа бөлімі жұмыс істейді. Компания өнімдерінің «Халал» және «Денсаулық» сертификаттарына ие болуы олардың қауіпсіздігі мен жоғары сапасын дәлелдейді. Сондай-ақ өнімдер «Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі туралы», «Тағам өнімдерін таңбалау талаптары», «Тағам қоспалары, хош иістендіргіштер және технологиялық көмекші құралдардың қауіпсіздік талаптары» стандарттарына сәйкес келеді.
Шикізаттың 60 пайызы, демек, ұн, қант, крахмал, сірне, шәрбаттар мен түрлі қораптар жергілікті өндірушілерден сатып алынады. Мысалы, ұн «АзияАгроФуд» акционерлік қоғамынан, сірне Жаркент крахмал-сірне зауытынан, қораптар «Kagazy Recycling» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен жеткізіледі. Ал шоколад Түркиядан әкелінеді.
Кәсіпорында бүгінде 538 адам еңбек етеді. Оның ішінде технологтар – осы өндірістің ерекшеліктеріне сай арнайы оқытылған жергілікті мамандар.
Компания өнімдері Қазақстан нарығында ғана емес, экспортқа да шығарылады. Өнім өткізу үлесі ішкі нарық пен экспорт арасында 50/50 қағидасымен бөлінген. Экспорт географиясына Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Әзербайжан, сондай-ақ Ресей, Беларусь, Украина, Грузия, Қытай және Моңғолия кіреді. Оның ішінде Қытайға ай сайын компанияның тәтті өнімдері тиелген 20 жүк көлігі жөнелтіледі.
Кәсіпорынның Астана, Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларында төрт филиалы, сондай-ақ Қазақстанның өзге қалаларында 21 дистрибьюторы бар. 2025 жылы компанияның бюджетке төлеген салық көлемі 3,5 млрд теңгені құрады. 2024-2028 жылдар аралығында бұл өндіріске салынатын инвестиция көлемін екі есе арттыру жоспарланған. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашу және салық түсімдерін көбейту көзделіп отыр.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы




