Алматы облысында 14–16 мамыр аралығында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Іс-шараны облыстық Полиция департаменті өткізіп, оған қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің 166 қызметкері жұмылдырылды.
Шараның негізгі мақсаты – құқықтық тәртіпті нығайту, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және қауіпсіз орта қалыптастыру.
Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің өкілдері, ата-аналар комитеттері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатысты.
Рейд барысында полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың алкогольдік ішімдік тұтыну, ұсақ бұзақылық жасау, сондай-ақ түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз ойын-сауық орындарында және қоғамдық орындарда жүру фактілерін анықтау бағытында тексеру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, түнгі клубтар, компьютерлік клубтар, саябақтар мен басқа да қоғамдық орындар бақылауға алынды.
Сонымен қатар, оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары арасында бопсалаушылықтың алдын алу және жолын кесу мақсатында арнайы жұмыстар жүргізілді. Білім беру ұйымдарының жатақханалары тексеріліп, жасөспірімдердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды.
Іс-шара аясында мектептер мен колледждерде педагогтар мен ата-аналар комитеттерінің қатысуымен түсіндіру кездесулері ұйымдастырылды. Кездесулер барысында оқушылар мен студенттерге құқықтық сауаттылық, қауіпсіздік талаптарын сақтау, заң бұзушылықтың салдары, буллинг пен бопсалаудың алдын алу мәселелері түсіндірілді.
Рейд нәтижесінде түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген бірқатар жасөспірім анықталып, олардың ата-аналарына қатысты әкімшілік шаралар қабылданды. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген кәсіпкерлік нысан иелері де жауапкершілікке тартылды.
Өткен іс-шаралар туралы 132 ақпараттық бейнематериал Instagram, Facebook және өзге де әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарияланды.
ЖПШ барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне басымдық берді.
Іс-шараның үшінші күні жалпы 370 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Сонымен қатар, профилактикалық есепке 6 кәмелетке толмаған жасөспірім және бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамаған 7 ата-ана алынды.
Жамбыл ауданында «кәмелетке толмағандарды қылмыстық әрекеттерге тартатын көшбасшылар» және «бопсалаушы» санаттары бойынша екі жедел-маңызды ақпарат ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және криминалдық полиция бөлімшелеріне жолданды.
Алматы облысының Полиция департаменті кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Мамандардың айтуынша, мұндай профилактикалық шаралар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, олардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне және түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алуға ықпал етеді.
Әсем Фазылова
Алматы облысы Полиция департаментінің
Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары,
полиция подполковнигі Б.С.Дакеевтің ұсынуымен әзірлеген




