20 мамыр күні Іле ауданындағы Н.Тілендиев атындағы Мәдениет үйі аудандық «Іле дарыны» атты форум өтті. Форум білім, ғылым, өнер және спорт салаларында жоғары жетістікке жеткен дарынды оқушыларды ұлықтап, олардың табысына үлес қосқан ұстаздар мен ата-аналардың еңбегін насихаттауға арналды.
Іс-шараға аудан әкімдігінің өкілдері, мектеп директорлары, ұстаздар, ата-аналар және дарынды жастар қатысты. Форум барысында аудан оқушыларының республикалық және халықаралық олимпиадалардағы, ғылыми жобалардағы және спорттық жарыстардағы жетістіктері қамтылған арнайы бейнеролик ұсынылды.
Жиынға Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов қатысып, дарынды жастарды құттықтады.
— Мемлекеттің ең үлкен капиталы — білімді ұрпақ. Бүгінгі форумда отырған әр оқушының жетістігі — үлкен еңбектің нәтижесі. Сіздер ауданымыздың ғана емес, елдің болашағын қалыптастыратын буынсыздар, — деді аудан әкімі.
Форум аясында республикалық және халықаралық деңгейде жоғары нәтиже көрсеткен 7 дарынды оқушы марапатталды. Сонымен қатар, жас таланттардың жетістігіне қолдау білдіріп жүрген 5 ата-анаға аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Іс-шара барысында республикалық олимпиаданың құқық негіздері пәні бойынша ІІІ орын иегері, №38 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Тажбенова Данияла, тәжірибелі ұстаз Кенжалыева Перуза және ата-аналар атынан Алиева Жанар сөз сөйлеп, білім мен отбасы тәрбиесінің маңызын атап өтті.
Форум концерттік бағдарламамен жалғасып, аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары көрермендерге ән мен би тарту етті. Сонымен қатар, №28 мектеп-гимназиясы оқушылары орындаған дарынды оқушылар гимні форумның мазмұнын айшықтай түсті.



