Сынаптай сырғыған уақыт тағы бір оқу жылын тарих еншісіне қалдырып отыр. Осы орайда оқу жылын табысты қорытындылап отырған облыстың білім беру саласында жүзеге асқан ілкімді істер мен қол жеткен жетістіктерге тоқтала кетпекпіз.
Биыл облыс көлеміндегі 497 жалпы білім беретін мектепте білім алушылар саны 360 230-ды құрап, өткен оқу жылымен салыстырғанда 7 552 оқушыға артып отыр. Бұл көрсеткіш өңірдегі білім беру саласының тұрақты дамуын және оқушылар контингентінің ұлғайғанын айғақтайды. Мемлекеттік білім беру ұйымдарында 11-сыныпты 18 693 оқушы аяқтайды. Оның ішінде 1 844 мектеп бітіруші «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер болса, 1 680 түлек «Үздік аттестатқа» ұсынылды. Сонымен қатар 9-сыныпты 33 268 білім алушы бітіреді, оның ішінде 4 130 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер болып отыр.
Оқу жылының соңғы күні – 25 мамыр. Осыған орай жалпы білім беретін мектептерде «Білімім – Отаныма!» атты республикалық сынып сағаты өткізіледі. Сынып сағатында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарына басымдық беріліп, адами капитал, білім, ғылым және инновацияны дамыту Халықтық Конституцияда айқындалған басты стратегиялық бағыттар ретінде дәріптеледі.
Мемлекеттік емтихандар мен аттестаттау – оқушылардың білім алу жолындағы маңызды кезең. Олардың объективтілігі мен ашықтығы білім беру жүйесіне деген қоғамның сеніміне тікелей әсер етеді. Сондай-ақ барлық қатысушы үшін тең мүмкіндіктер мен әділдік қағидаттарын қалыптастырады. Биыл 9 (10) сынып білім алушылары 29 мамыр мен 11 маусым аралығында төрт пәннен және 11 (12) сыныпты бітірушілер 2 маусым мен 15 маусым аралығында бес пәннен емтихан тапсырады. Оның біреуі таңдау пәні. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін 10 мамыр мен 10 шілде аралығында 11-сыныптың 18 693 түлегінің 16 155-і тіркелді. Тестілеу нәтижелері түлектердің жоғары оқу орындарына түсуіне және мемлекеттік гранттар конкурсына қатысуына мүмкіндік береді.
11-сынып оқушыларының алтын ұямен қоштасуына байланысты білім ордасының салтанатты жиын өткізу туралы шешімі дербес қабылданады. Оқушылар онда ұстаздарына алғыс білдіріп, өлең оқып, ән айтып, түлектер вальсін билеу секілді мектеп дәстүріне сай шараларды атқара алады. Аттестат табыстау салтанаты барлық білім беру мекемелерінде 17-18 маусым күндері өтеді. Түлектерге арналған салтанатты іс-шара аяқталғаннан кейін барлық білім алушылардың үйлеріне аман-есен оралуы қатаң бақылауға алынып, олардың топтасып жиналып, беймезгіл уақытта қыдыруына жол берілмейді. Полиция департаментімен бірлесе отырып, адамдар көп шоғырланатын орындарда рейдтік бақылау жұмыстарын жүргізу қамтамасыз етіледі.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі өткен жылдардағы тәжірибені зерделей келе, 2026-2027 оқу жылы 1-сыныпқа қабылдау науқанының басталу мерзімін 1 сәуірден 27 мамырға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Өзгеріс құжат қабылдауды тиімді әрі сапалы ұйымдастыру және оқу процесіне кедергі келтірмеу мақсатында жасалған. Осыған орай барлық білім беру ұйымдарында 1-сыныпқа құжаттар бекітілген кестеге сәйкес 27 мамырдан 31 тамызға дейін қабылданады. Кесте бойынша Алматы облысында 1-сыныпқа құжат қабылдау мерзімі 18 маусым-31 тамыз аралығында жүзеге асырылады.
Білім беру мекемесінде мектепалды даярлық бағдарламасын меңгерген және сол мектепте оқуын жалғастыруға ниет білдірген балалар 1-сыныпқа автоматты түрде қабылданады. Ал баланы басқа мектепке орналастыруды жоспарлаған ата-аналар құжаттарды жалпы белгіленген тәртіппен тапсырады. Алдын ала болжам бойынша Алматы облысында 2026-2027 оқу жылында 1-сыныпқа шамамен 35 мың бала қабылдау жоспарлануда.
Осылайша білім ошақтары жылдағы дәстүрге сай 11-сынып оқушыларын жаңа өмірге қанат қақтырып, алдағы оқу жылында мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер үшін есігін айқара ашады. Ал біз бүгінгі мектеп бітірушілерге «Ақ жол саған, жас түлек!» демекпіз.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
