Перейти к содержимому

Мектебім – балалық мекенім

Бұдан 11 жыл бұрын табалдырығын имене аттап, білім нәрімен сусындаған алтын ұямен қоштасар сәт те келіп жетті. Болашағымның іргетасы қаланған білім ордасын «Алтын белгі» үміткері ретінде аяқтап отырғаным өзім үшін үлкен жетістік, мектебім үшін зор мәртебе деп білемін. Былтыр соңғы қоңырау жиынында «Алтын белгі» үміткері болған мектеп бітіруші Аружан Амангелді жас түлектер атынан «Білім кілтін» маған табыстап, білімнің белгісі ретінде биікте ұстауды аманаттаған еді. Сол сәтте болашақ түлектерге үлгі болуға және ұстаздарымның сенімін ақтауға уәде еткен едім. Қазіргі сәтте сол уәде үдесінен шыға алғаныма сенер-сенбесімді білмей, толқынысқа толы, тебі­реністі сәтті бастан өткеру­демін. Былтырғы түлектің амана­тына адал болып, уәдемді орындауыма сүбелі үлес қосқан ұстаздарыма алғысым шексіз. Әсіресе ғылыми бағытқа қызығушылығымды оятқан алғашқы ұстазым Айымбала Доланқызына басымды иемін.

Айымбала апай қолыма қалам ұстатып, әріп танытып, жазу-сызуды меңгертті. 2-сыныптан бастап түрлі байқауларға қатыстырып, көптің алдында сөйлеуді үйретіп, бүгінгі жеткен жетістіктеріме бірден-бір себепші болды. Сондықтан Айымбала апай – жүрегімнің түкпірінен ерекше орын алған жан. Орта және жоғары сыныптардағы жетекшілерім болған Арайлым Маханова мен Әсел Керімқұлованың да қамқорлықтары ерекше болды. Олар әрқашан қолдап, жігерімді жанып, ізденіске жетелеп отырды. Сонымен қатар облыстық пән олимпиадаларында топ жарып, «Шерхан Мұртаза мұрасы» ғылыми жоба бағытында 1-орынды еншілеп, «Қалалық үздік дебатер – 2025» байқауында 2-орын алып, «Үздік дебатер» атағын иеленуіме, басқа да түрлі деңгейдегі білім бәйгелерінде жүлделі орындарды олжалауыма Гайния Мақсұтқызы, Ләйлә Асылханқызы және Назерке Жомартқызы сынды жетекшілерімнің өлшеусіз үлес қосқанын атап өткен жөн.
Мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған сәттегі менің алдымдағы ең үлкен қадам – қаржыгер мамандығын меңгеру. Сол үшін ҰБТ-да география-математика бағытын таңдадым. Болашақта анамның кәсібін жалғастырғым келеді. ҰБТ сынағының алдында қобалжып, уайымдап тұрғаным жасырын емес. Дегенмен үнемі тілеуімді тілеп, қай кезде де жанымнан табылатын ата-анамның және болашағыма нық қадам жасауға жол сілтеп отырған сүйікті ұстаздарымның қолдауы үміт отын маздата түседі.
Он бір жыл білім нәрімен сусындаған мектебіммен қоштасу сәті жақындаған сайын көңілімде қуанышпен қатар қимастық сезімі де арта түсуде. Мектеп – мен үшін тек білім ордасы ғана емес, балалық шағымның ең әдемі естеліктері қалған ыстық мекен. Осында білім алдым, достар таптым, жетістікке жеттім, тәжірибе жинадым. Алдағы уақытта да ұстаздарым мен ата-анамның сенімін ақтап, алған білімімді ел игілігіне жұмсауға тырысамын.

Еркежан КӘКІМЖАН,
Қасым Қайсенов атындағы №4 орта
мектептің 11-сынып оқушысы
Қонаев қаласы