Перейти к содержимому

Бала тәрбиесі – ортақ жауапкершілік

Педагогтердің білім алу­шылар үшін тек оқу процесі кезінде ғана жауапты болуының заңмен бекітілуі өте маңызды әрі әділетті шешім деп есептеймін. Бұл заңның педагогтердің құқығын қорғап қана қоймай, қоғамдағы ұстаз мәртебесін арттыруға да ықпал ететіні даусыз. Өйткені мұғалім тәулік бойы баланы бақылаушы емес, оның да жеке өмірі, отбасы, демалысы бар. Сондықтан кәсіби міндетінен тыс жүктеме мұғалімге артық салмақ түсірері анық.

Ата-ана баласының мектептен кейінгі жүріс-тұрысына, қауіпсіздігіне, тәртібіне жауап беруі қажет. Әке-шешенің өз перзентінің бос уақы­тын қалай өткізетінін қадағалап, оның кіммен араласатынын біліп оты­руы тиіс. Педагогтің негізгі міндеті – оқу процесін сапалы ұйымдастыру, білім беру, тәрбие бағытында бағыт-бағдар көрсету. Сол себепті мұның заңмен бекітілуі – уақыт талабы. Себебі соңғы жылдары мұғалімдерге тек білім беру міндеті ғана емес, баланың мектептен тыс уақыттағы әрекеттеріне дейін артық жауап­кершілік жүктегені жасырын емес.
Ақдала орта мектебінің мұғалімі Жұлдыз Төлеубекова педагогтердің тек оқу процесі кезінде жауапты болуы өте орынды шешім деп есептейді. Ол мұғалімнің негізгі міндеті сапалы білім беру екенін, сабақтан тыс уақытта баласының қауіпсіздігі мен тәртібіне ата-ана жауапты болуы керегін тілге тиек етті. «Бұл заң ұстаздардың құқығын қорғап, олардың мәртебесін арттыруға ықпал етеді. Ата-аналардың жауапкершілігін күшейтіп, мектеппен өзара түсіністік қалыптастыруға септігін тигізеді», – дейді Жұлдыз Дулатбиқызы.
Аталған заңды ата-аналар қауымы да қолдап отыр. Соның бірі – Топар ауылының тұрғыны Нұрсәуле Байтоқова.
– Бала тәрбиесі, оның бос уақытын қалай өткізетіні, қай ортада жүргені – бірінші кезекте ата-ана жауап­керші­лігіндегі мәселе. Бала – барша­мызға ортақ. Десек те, әркім өз жауапкер­шілігін дұрыс атқарғанда ғана ұрпақ тәрбиесі нәтижелі болады. Осындай әділ шешімдер болашақ ұрпақтың саналы, тәрбиелі болып өсуіне жол ашады, – дейді Нұрсәуле Дүйсембекқызы.
Сайып келгенде, мұғалім мен ата-ана арасындағы міндеттердің айқын­далуы қоғамдағы тәртіп пен өзара түсіністікті қалып­тастырады. Сондықтан педагогтердің тек оқу процесі кезінде жауапты болуы туралы заңды мұғалім еңбегін құрметтеуге және білім саласындағы әділдікті қалыптастыруға жасалған ма­ңызды қадам болды деп санаймыз.

Алтынай СЕЙІТКЕН

Балқаш ауданы

t>