Осыдан үш жыл бұрын Қаскелең қаласында «Qazaq-British International School» (QBIS) атты білім ордасы ашылған еді. Қазақ-Британ мектебі болғандықтан, мұнда оқушылар мемлекеттік және «Кембридж» бағдарламасы араласқан арнайы оқу жүйесімен білім алуда. Бүгінде аталған мектеп дарынды балалар ордасына айналды.
Атап айтсақ, 8 «А» сынып оқушысы Дінмұхамед Тұрысқұлов таяуда «Harvard Crimson Global Essay Competition» халықаралық эссе байқауында жеңімпаздар қатарынан көрінді. Гарвард университетінің «The Harvard Crimson» студенттік газеті ұйымдастырған байқауға 140-тан астам елден 10 000 талантты оқушы қатысып, 150 бала финалға өтті. Солардың ішінде біздің жерлесіміз Дінмұхамед Тұрысқұлов та болды. Ол Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша 10 үздіктің арасынан табылды. Бұл – тек Қарасай ауданы ғана емес, сондай-ақ Алматы облысы үшін де үлкен жетістік.
– Байқаудың ережесіне сәйкес қатысушылар креативтік, аргументтік және журналистік бағытта эссе жазуы керек болды. Ал тақырып, мазмұн – қатысушының өз еркінде. – Мен креативтік бағытты таңдадым. Ойлана келе, әр үйде тұратын қолжуғыш туралы қалам тербедім. Сол арқылы бір отбасының өмірін, күнделікті тіршілігін, құпияларын көрсетуге тырыстым. Нәтижесінде менің эссем жоғары бағаланды. Қуанышымда шек жоқ, – деді Дінмұхамед.
Тағы бір 8-сынып оқушысы Айбол Абай биологияға байланысты ерекше жобаны іске асырды. Ол өз үйінде шағын құс фермасын жасап, түрлі-түсті балапан шығаруды қолға алады. Ол үшін Айбол үйінде жұмыртқа инкубаторын жасап, енді өсіп жатқан жұмыртқаға ине арқылы түрлі-түсті бояуды енгізген. Нәтижесінде жұмыртқадан қызыл, жасыл, көк түсті балапандар шыққан. Алайда 2-3 айда олардың алғашқы қауырсындары түсіп, түсі қайта қалпына келген. Соған қарамастан балапан өсіруді ұнатып қалған Айбол әрі қарай осы бағытта жұмыс істеуді тоқтатпақ емес.
– О баста қызығушылық ретінде бастаған жобамды әрі қарай дамытып, кәсіпке айналдырғым келеді. Қазірдің өзінде менің үйімде 35 балапан бар. Алдағы уақытта олардың санын көбейтемін. Осылайша шағын цехты үлкен құс фермасына айналдыруды көздеп отырмын, – деді болашақ жас кәсіпкер.
Жақсы нәтижеге қол жеткізген үшінші оқушыға келетін болсақ, ол – 9-сыныпта білім алып жүрген Салтанат Қожагелдиева. «Дарын» олимпиадасында ағылшын тілі бағыты бойынша жеңімпаздар қатарынан көрінді.
– Мен бала кезімнен түрлі байқау, олимпиада, дебаттарға қатысқанды ұнататынмын. Оның үстіне өзге пәндердің ішінен маған ағылшын тілі ерекше жақын. Сондықтан «QBIS» мектебіне ауысып келгелі ағылшын тіліне аса мән беріп келемін. Болашақта халықаралық қатынастар мамандығына түсіп, өмірімді сол саламен байланыстырғым келеді, – дейді Салтанат.
«QBIS» халықаралық мектебінің негізін қалаушы Айгүл Тәңірбергенованың айтуынша, жоғарыда атап өткен балалардың ішінде Дінмұхамед пен Салтанат грантта оқиды. Бұл – дарынды балаларға арналған мектептің игі бастамасы.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
Қарасай ауданы
