⚠️ Ауа райы табылмады.
Жұма, Мамыр 22, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    Қарадалада қарқын алған жобалар

    22.05.2026
    in Барлық жаңалықтар
    Қарадалада  қарқын алған жобалар
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Түгін тартсаң, майы шығатын қасиетті Қарадаланың жылдан-жылға дамуы, эконо­микалық тұрғыдан әлеуеті­нің артуы көзге көрініп-ақ тұр. Өрік өсіруден республика көлемінде алдыңғы орынға шығуының өзі жердің қасиетін, елдің еңбекқорлығын аңғартады. Соңғы жылдары бірқатар жаңа нысандар, кәсіп түрлері, қызмет көрсету орындары ашылып, өңір экономикасын өркендетуге өз үлесін қосып келеді. Солардың бірі – «Alma Seeds» ЖШС.

    Аталған компания күнбағыс пен жүгерінің жоғары сапалы тұқымдарын өндіруге маманданған. Халықаралық генетикалық материалдармен жұмыс істеудегі тәжірибесі әлемдік стандартқа сай тиімді өндіріс жүргізуге мүмкіндік береді. Жылына 1500 тоннаға дейін тұқым өндіріп, оның өнімділігін арттыру мақсатында сынақтан өткізіп отырады. Серіктестік директоры Салтанат Хамзина ауданға іссапармен келген облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлына кешеннің жұмысын таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
    Бұдан кейін Бақытнұр Бақытұлы бастаған жұмыс тобы облыстағы ең ірі құс фабрикасы «Прима құс» ЖШС-на атбасын бұрды. Бүгінгі күнге дейін 65 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған фабрика жылына 26250 тоннаға дейін құс етін нарыққа шығара алатын дәрежеге жетті. Енді үшінші кезең құрылысы басталды. Биыл желтоқсан айында аяқталады деп болжанған нысан құрылысы іске қосылса, өнім көлемі тағы да артпақ. Жылына 35 мың тоннаға дейін құс еті еліміздің түкпір-түкпіріне және шетелге жөнелтілмек. 700-ден астам аудан тұрғынын жұмыспен қамтып отырған өндіріс ошағы жылдан-жылға даму қарқынын үдетіп келеді.


    Облыс әкімінің орынбасары Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Алим Кебировтің үйіне арнайы барып, бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлауға жанын да, барын да салған қазына қартқа алғысын айтып, сый-сияпат көрсетті.
    Сапар барысында аудандағы өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады. Модернизациядан өткен ауандық кітапханада өңірдегі «Арасан» учаскесінің мәселесі көтерілді. Аудан әкімі Бота Елеусізова «Арасан» учаскесінде 82 демалыс орны тіркелгенін, 772-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылғанын айта келе, сол демалыс орындары шамамен 95 су ұңғымасын қазып, пайдаланып отырғанын сөз етті. Ал Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының мәліметінше, оның ішінде тек 49 ұңғымаға ғана рұқсат құжаттары рәсімделген. Алайда қалған қазылып жатқан және жұмыс істеп тұрған демалыс орындарындағы ұңғымалардан алынатын су көлеміне, сондай-ақ сыртқа ағып кетіп жатқан пайдаланылған суға нақты есептеу жұмыстары жүргізілмейді. Бұл өз кезегінде жер асты суларының төмендеуіне және минералды су температурасының азаюына алып келуі мүмкін. Сонымен қатар туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бұл учаскеге медициналық пункт, полиция пункті, автокөлік жолдарын жасап, инфрақұрылымды дамыту қажет. Ал бұған «Арасан» учаскесінде әлі күнге дейін елдімекен статусының жоқтығы өз кедергісін келтіруде. Аудан басшысы аталған мәселелердің шешілуі ауданның туристік тартымдылығын арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізетінін тілге тиек етті.
    Жаңабай Құдайбергенов атын­дағы орта мектеп ғимаратында білім саласындағы жетістіктер таныс­тырылды. Осы оқу жылында 73 бала облыстық, 14 шәкірт республикалық олимпиаданың жеңімпазы атанған. 2023-2024 оқу жылында И.Молутов (Бахтия) атындағы №3 орта мектебі, 2024-2025 оқу жылында №1 Шонжы мектеп-лицейі, Долайты, Тиірмен ұйғыр орта мектептері республикалық 100 олимпиадалық мектептер қатарына қосылған. Бұл – аудан үшін зор мәртебе, үлкен мақтаныш.


    Білімді шәкірттердің таудай талаптарын таныған соң Бақытнұр Бақытұлы бастаған топ мектептің мәжіліс залында Шонжы ауылы тұрғындарымен кездесу өткізді. Аудан әкімі Бота Елеусізова өңір­дің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бастамалар жайында кеңінен баяндады. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс салаларындағы жоғарғы көрсеткіш тұрақты екенін, инвестиция көлемі де 2025 жылы 2024 жылмен салыстырғанда 7,2 млрд теңгеге артқанын аңғардық. Соңғы үш жылда «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы ауданның 192 тұрғынына 1,5 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Бағдарлама аясында 15 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, 283 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауыл шаруашылығында техниканы жаңарту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізілуде. Аудан бойынша 771 техника болса, оның 61 пайызы жаңартылған. Тек осы жылдың алғашқы 3 айының өзінде 445 млн теңгеге 38 жаңа техника алынған.
    Су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстар да күшейтілуде. Егер 2024 жылға дейін аудан бойынша мұндай технологиялар небары 450 гектар алқапта ғана қолданылса, 2024-2025 жылдар аралығында бұл көрсеткіш 4090 гектарға дейін ұлғайды. Яғни екі жылдың ішінде су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі шамамен 9 есеге артты. Ал ағымдағы жылы қосымша 1 150 гектар алқапқа енгізу жоспарланып отыр.
    Қазіргі таңда Қалжат, Шонжы және Қырғызсайдағы ауызсу құбырларын күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары іске асырылып жатса, Сүмбе ауылында ауызсу жүйесін тарту жұмыстары толық аяқталды. Сондай-ақ шекара маңындағы инфрақұрылымды дамыту бағытында Қалжат және Сұңқар шекара заставаларын ауыз­сумен қамтамасыз ету жұмыстары орындалуда. Осы орайда, Қалжат шекара заставасына 126 млн теңге, ал Сұңқар шекара заставасына 261 млн теңге қаржы қарастырылған.
    Тұрғындар тарапынан аудан басшы­сына сауалдар аз болмады. Оның дені баспана жайы. Ауданға музей, достық үйін салу мәселелерін де тұрғындар өтініш ретінде жолдады. Бота Серікқызы барлық сауалға мұқият жауап беріп, мәселенің оң шешім табуына күш-жігерін салатынын жеткізді.
    Түстен кейін Ұйғыр ауданына жұмыс сапарымен облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев келді. Ең әуелі Марат Елеусізұлы «Netflix» кинокомпаниясының түсірілім ала­ңында болды. Шетелдік киногерлер­дің таңдауы біздің өңірге түскеніне ризашылығын білдірді. Алматы облы­сы аумағындағы түсірілім жұмыстары Ұйғыр және Кеген аудандарын, сондай-ақ Қонаев қаласына жақын орналасқан Іле өзенінің жағалауы аумағын қамтымақ. Бұл дегеніміз – Алматы облысының халықаралық имиджін дамытуға, өңірдің туристік әлеуетін әлемдік деңгейде ілгерілетуге, сондай-ақ жергілікті еңбек, сервистік және инфрақұрылымдық ресурстарды тарту арқылы өңір экономикасына оң әсерін тигізеді деген сөз.
    Енді Ұйғыр ауданындағы жылдар бойы бос жатқан иен далаға жан бітпек. Аграрлық саладағы озық тәжірибе мен жаңа технологияларды пайдалану арқылы 4500 гектар аумақ жасыл желекке айналмақ. Harvest Agro агроиндустриалдық кластерінің алғашқы қадамына көпшілік куә болды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев аудандағы ауыл шаруашылығы кластерінің алғашқы қадамына сәттілік тіледі.
    Жобаны іске асыру биыл ақпан айында басталды. Жалпы ауданы 4500 гектарды құрайды. Аумақта жүгері мен мақсары өсіру жоспарлануда. Өнім көлемі – жылына 20000 тонна жүгері мен 4500 тонна мақсары. Негізгі бағыттарының бірі – жер асты суларын пайдалану негізінде заманауи суару жүйесін дамыту. Жоба аясында ұңғымаларды бұрғылау және ирригациялық инфрақұрылым құру жұмыстары жүргізілуде. Жобаның бірінші кезеңінде мақсары өсіру үшін 1 200 гектар жер игерілуде. Қазіргі уақытта 30 ұңғыманы бұрғылау және 30 спринклер машинасын орнатуға дайындық жұмыстары басталған.
    Облыс әкімі Марат Елеусізұлы мұнан соң «Assem Kaljat» ЖШС-ға келді. 2500 га аумақта жүгері және дәрілік шөптерді (қызыл мия) там­шылатып суару арқылы өсіруді қолға алған серіктестік құрылтай­шы­сы Марат Әубәкіров аймақ басшы­сына жұмыс барысын таныстырып, алдағы жоспарларын ортаға салды. Бұл кәсіпорын 150-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.
    Ұйғыр ауданы тоғыз жолдың тора­бында орналасқан аумақ екені баршаға аян. «Қалжат» кеден бекеті арқылы көршілес мемлекеттерге жүк көліктерінің ағыны жыл сайын артпаса, азаяр емес. Олардың барлығы да аудан аумағы арқылы өтеді. Кейде ол көліктер қолайлы тұрақ болмағандықтан арнайы қарастырылмаған аумақтарға тоқ­тайтын. Осы мәселе де енді өз шешімін табатын болды. Аудан орталығы Шонжы ауылдық округіне қарасты 15 гектар жерге «Parking For Trucks» ЖШС-ның инвестициялық жобасы аясында жылына 1500-ге тарта жеңіл және ауыр жүк көлігіне арналған тұрақ салынбақ. 611 миллион теңге көлемін­дегі инвестициялық жобаның баста­машысы – Сайдиакрам Джамиев атты азамат.
    Жоба аясында қажетті инфра­құрылым қарастырылып, жаңа жұмыс орындары ашылады және жергілікті бюджет кірісі ұлғаяды.
    Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев аудан аумағындағы осындай ауқымды жұмыстар легімен танысты. Ауданның, қала берді облыс әлеуетінің артуына мүмкіндік беретін бұл жобалар алдағы уақытта тек халық игілігі үшін жұмыс істемек. Аталмыш нысандар пайдалануға берілсе, өңірде жұмыссыздық деңгейі де едәуір төмендемек. Бастысы, осы істі жүзеге асыруда бармақ басты, көз қыстылыққа бармай, инвесторларға барынша қолдау көрсетіп, көмек қолын созу қажет. Осыны да ескерткен аймақ басшысы Қарадаладағы іссапарын тәмамдады.

    Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

    Ұйғыр ауданы

    Соңғы жаңалықтар

    Қой қоздап, қорада шу
    22.05.2026
    Қарадалада қарқын алған жобалар
    22.05.2026
    Тексеріс нәтижесі қандай?
    22.05.2026
    Жас патриоттар жарысы
    22.05.2026
    ҰҚК Шекара академиясы полигонына – 75 жыл!
    22.05.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>