Перейти к содержимому
Главная страница » Шәкірттерді қуантты

Шәкірттерді қуантты

Қарадаланың қасиетті топырағынан түлеп ұшып, алты Алашқа танылған Сәуле Досжанды жерлестері мақтан етеді. Аядай Ақтамнан шыққан Сәуле Мағазбекқызы бүгінде құнды шығармаларымен танымал жазушы. Оның қаламынан туындаған прозалық, поэзиялық дүниелері талай додада топ жарды. 2011 жылы Ұйғыр ауданының, 2019 жылы  Алматы облысының Құрметті азаматы атанды. 2020 жылы ҚР Президенті Жарлығымен «Халық алғысы» медалімен марапатталып, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болды. Шығармалары орыс, испан, неміс, қытай, ағылшын, араб, француз, венгер, түрік, чех және қырғыз  тілдеріне аударылған. Қазақстан Жазушылар одағының және  Журналистер одағының мүшесі. «Үшінші есіктің құпиясы», «Жатқа туған бала», «Үлкен үйдегі үрей», «Қасірет пен тағдыр», «Ауылдан шыққан миллионер», «Үзілмеген үміт», «Біртуар» атты прозалық туындылары бүгінде ел сүйіп оқитын шығармалар қатарында.

Сәуле апайымыздың атағы қанша­лықты жер жарып тұрса да, өзінің қарапайымдылығынан, адамдығынан айныған емес. Туған жерге деген құрметін де басқа дүниеден биік қояды. Жыл сайын туған ауылы Ақтамға келіп, өзі білім алған мектеп­тегі талапты, талантты шәкірт­терге өзінің қолдауын білдіріп кетеді. Яғни жылда дарындыларға өзінің шәкіртақысын беруді дәстүрге айналдырған.
Биыл да дәстүр бойынша Ақтам ауылындағы орта мектепте кездесу өтті. Бұл кездесуге облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, Халық қаһарманы, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов, генерал-лейтенант Алик Шпекбаев, ҚР Парламентінің 4-шақырылым депутаты Тұрарбек Асанов арнайы қатысты. Игі жақсы бас қосқан кездесу жоғары деңгейде өтті. Ұлылардың табанын Ақтамға тигізген осы ауылдың ержүрек қызы Сәуленің ғибратты ісіне ел болып алғыс айтты. Келген қонақтар мен ауыл азаматтары жазушы туралы жылы лебіздерін білдіріп, шығармашылығына табыс тіледі. Сәуле Мағазбекқызы да жыл сайынғы дәстүрінен жаңылмай Ақтам орта мектебінің талантты оқушыларына өз шәкіртақысын берді.
Сәуле апаларының қолынан марапат алғандардың барлығы да – пәндік олимпиадалар мен әдеби оқу байқауларының, ғылыми зерттеу жобаларының жеңімпаздары. Аудандық деңгейдегі сайыстардан жүлделі орын алған 29 оқушыға 30 мың теңгеден, ал облыстық сайыстардың жеңімпаздарына 50 мың теңгеден  шәкіртақы беріп, бір марқайтты.
1 миллион теңгеден астам өз қаражатын жас ұрпақтың білім алуына инвестиция етіп салған Сәуле Мағазбекқызының бұл ісі көпке үлгі, өнеге. Сәуле апайы­мыз 2022-2023 оқу жылында 11 оқу­шыға, 2023-2024 оқу жылында 17 бала­ға, өткен  оқу жылында 23 шәкіртке өз қалтасынан шәкіртақы беріп, өскелең ұрпақтың білімге құштарлығын арттырса, биыл 32 балаға қуаныш сыйлады.
Екі жыр жазса, бірін Ақтамына ­арнай­тын Сәуле Мағазбек­қызы ауылына деген махаббатын тек өлеңмен, қара сөзбен, болмаса шәкіртақымен ғана жеткізген жоқ. Кезінде өзі оқыған мектептің жаңалануына да, ауылға медпункт салдыруға да атсалысқан болатын. Қашанда әр жеткен биігі мен ғұмырының әрбір сәулелі сәтін ауылымен байланыстырып отыратын Сәуле апамыздың шапағатын сезініп отырған ауыл азаматтарының да алғыстан басқа айтары жоқ. Иә, туған жерге туын тіккен деген осы болса керек.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Ұйғыр ауданы