Балқаш ауданы Бақтыораз Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясынан 44 түлек үлкен өмірге қанат қақса, оның 7-еуі «Алтын белгіге», 6-уы «Үздік аттестатқа» үміткер. Міне, осынау білім ошағынан қанат қаққалы отырған түлектерге арналған соңғы қоңырау жиыны «Білімім – Отаныма!» тақырыбында өрбіді. Салтанатты шараға Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев, «AMANAT» партиясы Балқаш аудандық филиалының төрағасы Марат Ноғайбаев, Балқаш аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнар Серікқазықызы қатысып, бітіруші түлектерге сәт-сапар тіледі. Сонымен қоса, қуанышты күні аталмыш білім шаңырағынан түлеп ұшқанына 20 жыл толған түлектер бас қосып қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Тоқтар мен Бейбіт бітіруші түлектерді арнайы ән шашуымен құттықтап келді.
Бұл күні бала жүрегін біліммен жаулаған аяулы ұстаздар – Роза Наймантаева, Дидар Әбжанова, Индира Болатқызы және Жұлдыз Тілеубекқызы 11-сынып түлектерін үлкен өмірге қанат қақтырды. Түлектер жанын ерекше толқыныс пен қимастық сезімнің бойлағанына куә болдық.
Мемлекеттік Гимнен бастау алған салтанатты жиынның шымылдығын түрген аудан әкімі Азат Үкітайұлы барша бітіруші түлектерге ақ жол тіледі.
– Ұстаздардың шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі әрдайым құрметке лайық. Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп жүрген ұстаздар қауымына шынайы алғысымды білдіремін. Сонымен қатар бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, олардың білім жолындағы жеңістеріне қолдау көрсетіп жүрген ата-аналарға ерекше ризашылығымды жеткіземін. Ұрпақ тәрбиесі – ортақ мүдде. Ал осы жолдағы бірлескен еңбек өскелең ұрпақтың жарқын болашағына негіз болады, – деген аудан басшысы түлектерге алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтиже көрсетіп, таңдаған мамандықтарының иесі атануына тілектестігін білдірді.
Келесі кезекте сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнар Серікқазықызы мен Б.Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры Альвира Манатқызы оқу жылының қорытындысын жариялап, «Алтын ұя» түлектер саябағының бой көтеруіне себепкер болған білім шаңырағының 2006 жылғы түлектеріне ризашылығын білдірді. Сонымен қоса 2025-2026 оқу жылында белсенділік танытқан «Жыл таңдауы – үздік сынып» номинацияларының иегерлерін марапаттады. Бұдан кейін мерекелік шара бітіруші түлектер, мектеп мақтаныштары Азиза Серікболқызы мен Ахмедияр Қуаныштың жылы лебізімен жалғасты. Одан кейін жүректерде мәңгі өшпес із қалдырған соңғы қоңырау соғылып, түлектердің мектеп қабырғасындағы соңғы вальс биіне кезек берілді. Бұдан соң мектептен 20 жыл бұрын қанат қаққан түлектер аудан әкімі Азат Үкітайұлымен бірге «Алтын ұя» саябағының лентасын қиды. Осы тұрғыда толығырақ тоқтала кетсек, Б.Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясының 20 жылдық түлектері мектеп ауласына «Алтын ұя» түлектер саябағын сыйға тартты. Бұл – осы білім шаңырағынан 20 жыл бұрын түлеп ұшқан арда азаматтардың туған жерге деген ерекше құрметі мен қамқорлығының айқын көрінісі. Аталған игі іс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғауға және туған өлкені көркейтуге бағытталып отыр. «Алтын ұя» түлектер саябағына 250 жеміс және туя ағаштары отырғызылып, демалуға арналған орындықтар да орнатылған. Бұл мұндағы білім нәрімен сусындайтын оқушылар мен олардың ұстаздарының бір мезгіл табиғат аясында демалуына мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Алтынай СЕЙІТКЕН
Балқаш ауданы
