Серікбай Өрікбайұлы бауырымның есімін мен алғаш рет туған інім, атақты суретші және спортшы Бексейіттің әңгімесінен үзбей естіп жүрдім. Секеңмен бірге Бексейіт өзімен ұзақ жыл дос болған Иманғали Тасмағамбетовтің, Қырымбек Көшербаевтың, Серік Әбдрахмановтың, Талғат Теменовтің, Досқан Жолжақсыновтың да есімдерін жиі-жиі еске алатын. Кейін білдім, Серікбай Нұрғисаев бастаған бұл бір шоғыр талантты, іскер, дарынды жігіттер сонау 80-жылдардың басында топ жарып, Тәуелсіздіктің бозала таңында ел ісіне араласа бастаған, сол тұстағы жастар қозғалысының көшбасшысы болған өндірдей, бірақ болашағынан үлкен үміт күттіретін ылғи сен тұр, мен атайын дейтін жігіттер болатын.
Сайдың тасындай іріктелген осынау бір шоғыр жігіт кейінгі уақытта, әсіресе 90-жылдары жарқырап көрініп, өздерін елге танытты. Әрқайсысы бір-бір саланың тізгінін ұстап, өз ортасында жетекші болды. Барлығы да бар болғаны он жылдың ішінде тәуелсіз мемлекетіміздің, қазақ қоғамының көрнекті қайраткерлері ретінде қалыптасып, өз қызметтерінде үлкен нәтиже көрсетіп, биік деңгейге жетті. Иманғали Үкімет басқарды, бірнеше қаланың, облыстың әкімі, министр атанды. Елшілік қызметте де абыроймен еңбек етті. Қырымбек те қалыспады. Лауазымдық қызметтерге көтерілді. Солардың қатарында менің кейіпкерім Серікбай бауырым да мемлекеттік, қоғамдық қызметтердің барлық сатысынан үлкен беделмен, биік абыроймен өтті. Мемлекет басшысы тағайындаған барлық қызметте де елге болсын деп жан аямай жұмыс істеді, халықтың алғысын алды.
Барлық қызметінде абыройына, арына, бойына, адамгершілігіне қылаудай да шаң жұқтырмаған, атына сөз келтірмеген басшылар, мемлекет қайраткерлері, өкінішке қарай, елімізде өте аз екенін білеміз. Олар саусақпен санарлық қана. Міне, осынау бір шоғыр, саусақпен санарлық, қазақ қоғамында тек қана жақсы істерімен жақсы атаққа ие болған азаматтың бірі, әрі бірегейі Серікбай Нұрғисаев деп нық сеніммен айта аламын. Серікбай Өрікбайұлы еліміз аяғынан нық тұрып, экономикасын реттеп, әлемдік қауымдастықтан өзінің орнын тауып, тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасқан алғашқы отыз жылдықта аянбай еңбек етті. Бірнеше жыл Қызылорда облысына әкім болып, Алаштың анасы атанған қасиетті, өнерлі өңірдің алғысына бөленді. Облыста барлық бағытта, әсіресе экономика, руханият саласында ауыз толтырып айтарлықтай мол жетістіктерге жетті. Әсіресе өнер, әдебиет саласындағы облыс әкімінің жасаған, жүзеге асырған бірнеше жобасын, әрбір өнер, әдебиет тұлғаларына көрсеткен қамқорлығын, олардың шығармаларын насихаттау жолындағы жұмыстарын, жарыққа шығарып берген қаншама туындыларын сол өңірдің азаматтары әлі күнге дейін аңыз етіп айтады, естерінен бір сәтке де шығарған емес. Содан кейінгі жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлікті басқарған кезеңдерінде де адалдығынан, жауапкершілігінен айныған жоқ. Халық қалаулысы ретінде де қаншама игі бастаманың басында тұрды.
Серікбай Нұрғисаев ел игілігі жолындағы істелген, жүзеге асырған бастамалардың барлығын аяғына дейін жеткізді. Өзі күндіз-түні сол жобаларды қадағалап, бір нәтижеге қолы жеткенше тыным тапқан жоқ. Соның барлығын мен жақсы білемін. Өзім куәмін. Серікбай бауырым сонымен бірге үлкен ғалым. Міне, қырық жылға толды, үнемі қолынан қаламы түспей, ғылыми-зерттеу жұмысымен де жемісті айналысып келеді. Экономика саласында докторлық ғылыми жұмысын Ресейдің Мәскеу қаласында биік дәрежеде қорғады. Сол арқылы Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларындағы үлкен экономист, математик ғалымдардың ілтипатына бөленді. Профессор, Қазақстанның бірнеше жоғары оқу ордасында еңбек ететін шәкірттерін тәрбиелеп, өзінің ғылыми мектебін қалыптастырды. Бірнеше іргелі зерттеу, ғылыми, әдеби-танымдық еңбектердің авторы. Бұл еңбектердің барлығы да ғылыми ортада, әдеби ортада биік бағасын алған дүниелер. Ең бастысы, Серікбай інім қазақ жазушыларының, қазақ қаламгерлерінің үлкен досы. Әсіресе, өнер адамдарына бір табан жақын. Көп ортада, Алматы және республикада өтіп жататын биік, ұлттық руханиятқа арналған жиындардың төрінде үнемі Секеңді көремін.
Секең төгілтіп сөз сөйлейді, салмақты баяндамалар жасайды. Әрбір қадамын, әрбір сөзін алдымен сабырға салып, тереңнен тартып сөз саптайтын шешендік өнерін төңірегінде жүрген біздер баяғыда-ақ бағалағанбыз. Тыңдарманға ой тастай сөйлейтін, асықпайтын, аптықпайтын, сұхбат құрып отырған серігіне аса құрметпен қарайтын осынау текті ініммен әңгімелескенді мен де асыға күтіп жүремін. Осының барлығы терең білімнен! Көп оқитын, көп ізденетін, үнемі қолынан кітап, жан қалтасынан қаламсабы түспейтін талантты інім, бауырым, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, елімізге белгілі ғалым, профессор Серікбай Өрікбайұлын үлкен белесімен құттықтаймын! Болашақта да Секеңнің алтын қаламынан іргелі, игілікті, құнарлы, ең бастысы, ұлттық руханиятымызға олжа болып қосылатын еңбектер шоғырын күтеміз.
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры,
филология ғылымдарының докторы, академик
