Жамбыл ауданының Сарыбастау ауылындағы орта мектебінде 2025-26 оқу жылының соңғы қоңырауы салтанатты түрде соғылып, жүрекке жылы әсер сыйлаған ерекше мереке өтті. Мектеп ауласын қуаныш пен толқынысқа толтырған бұл күн ұстаздар, ата-аналар мен түлектер үшін есте қаларлық сәтке айналды.
Салтанатты жиын барысында оқу мен қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан оқушылар түрлі дәрежеде марапатталып, жетістіктері көпшілік алдында жоғары бағаланды. Сонымен қатар, мектеп бітіруші жас түлектерге ақ жол тілеп, алдағы ҰБТ сынағында жоғары нәтижелерге жетулеріне ізгі тілектер айтылды. Сарыбастау орта мектебінің директоры Сәуле Әлімқұлова көпшілік алдында сөйлеген құттықтау сөзінде білім ұясының қол жеткен жетістіктеріне тоқталып, мектептің ұстаздар ұжымына алғысын білдірді. Алдағы білім сынағында мектептің бірнеше түлегі Алтын белгі мен ерекше үлгідегі аттестатқа үміткер екенін жеткізіп, оларға сәттілік тіледі.
Осындай тағылымды шараға куә болған ауыл ақсақалдары мен аналар қауымы да жас буынға өз баталарын беріп, үлкен өмірге қадам басқан түлектерге сенім білдірді. Үңгіртас ауылдық округінің ардагерлер және аналар кеңесінің төрайымы Күлшар Асылбекова: «Бүгінгі соңғы қоңырау — шәкірттердің жаңа өмірге жасаған алғашқы қадамы. Барша түлектерге сәттілік, биік белестер мен жарқын болашақ тілеймін. Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары нәтиже көрсетіп, ел мақтанышына айналатын азамат болыңдар!», деді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы
