Бүгін бітіруші түлектер үшін қайталанбас, маңызды да мәнді, тебіреніске толы күн. Тарыдай болып кірген алтын ұядан бүгін таудай болып шығып барады. Осыған орай, Райымбек ауданы Қарасаз ауылындағы ақын Еркін Ібітанов атындағы Мәдениет үйінде Албан Асан Барманбекұлы атындағы орта мектеп-гимназиясының мектеп бітіруші түлектерінің соңғы қоңырауы соғылды.
Биылғы оқу жылында республикалық және облыстық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында аудан бойынша 100-ден астам оқушы жеңіс тұғырынан көрінді.
Республикалық, облыстық, аудандық түрлі байқаулар мен пән олимпиадаларының жүлдегерлерін түлеткен білім ордасындағы салтанатты шараға Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Мухаметжанов Дидар Нұрболұлы, ардагер ұстаз Нөкеев Әділжан Қасымханұлы, Қарасаз ауылдық округінің әкімі Сәрсенбаев Ұлан Бектұрсынұлы, мектеп директоры Шағанбаев Ринат Кемелбекұлы, ұстаздар, ата-аналармен оқушылар қатысты.
«Құлақтан үнің кетпестей, сәт сапар, жас түлек!» атты соңғы қоңырау шарасының шымылдығы еліміздің Әнұранымен ашылды. Одан кейін аудан әкімінің орынбасары Дидар Нұрболұлы оқушылар мен ұстаздарды мерекелерімен құттықтады.
— Ұстаздарыңның берген білімін ары қарай ұштастырып, жоғарғы оқу орындарына түсулеріңе тілектеспіз!- дей келе, Дидар Нұрболұлы мектеп бітіруші түлектерге ақ тілегін жеткізді.
Шара барысында түлектер ұстаздарына жүрекжарды өлеңдерін арнап, әсем әндерін жолдап, 10-сынып оқушыларына аманат туын табыстады. Ал, мектеп бітіруші түлектердің ата-аналары атынан ауыл анасы Сейтпанова Разкан апа Албан Асан Барманбекұлы атындағы орта мектеп-гимназия басшылығы мен ұстаздарға ризашылығын білдіріп, түлектерге ақ жарма тілегін жолдаса, Әділжан Нөкеев атамыз ақ батасын берді. Мұнан соң, соңғы қоңырау соғылып, түлектер қоштасу вальсін орындады.
Айта кетейік аталған білім ордасынан биыл 22 түлек қанаттанса. Олардың үшеуі — Қонақбай Аделя, Мухаметкарим Ақниет, Бұлқынбек Жанерке «Алтын белгіге» үміткер болса, 2 оқушы — Естеу Әдемі, Омарғазы Ақниет «Үздік аттестатқа» үміткер.
Арман қуған түлектердің қанат қағып, ұшқалы отырған жаңа өмірінің сәттілікпен басталуына біз де тілектеспіз!
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Райымбек ауданы
