Перейти к содержимому
Главная страница » Бала — бақылауда

Бала — бақылауда

Алматы облысында «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында жастар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы кешенді жұмыстар жалғасып жатыр. Кезекті  Қарасай ауданында  өткен  «Бала — бақылауда» жедел-профилактикалық рейдіне облыстық полиция департаменті мен аудандық полиция басқармасының қызметкерлері, аудандық білім бөлімінің және Жастар ресурстық орталығының қатысуымен ұйымдастырылды.

Сағат тілі 22.00-ді көрсеткенде арнаулы инспекция өкілдерімен бірге Қаскелең қаласынан басталған түнгі рейд барысында бірқатар оқиғалардың куәсі болдық. Бұл күні рейдке қызметтік көліктер мен жүзге жуық   инспекция қызметкерлері жұмылдырылды. Ювеналды полиция инспекторлары аулаларда, саябақтарда, жастар көп жиналатын ойын-сауық орындарында рейдтік қадағалау жұмыстарын жүргізді. Кәмелетке толмаған жасөспірімдерді әсіресе компьютерлік ойын-сауық орталықтарынан жиі кезіктірдік.

Мәселен, Асыл Арман тұрғын үй кешеніндегі компьютерлік ойын клубтарының бірінен кәмлет жасқа толмаған жасөспірімдерді жолықтырдық. Олар тұрғын үй кешеніндегі ішкі істер бөлімшесіне жеткізіліп, ата-аналары шақыртылды. Олардан түсініктемелер алынып, ескертулер берілді. Бұл жағдайда ата-аналардың көпшілігі, баласының  дүкеннен зат алуға кеткенін немесе досының үйіне қонуға сұранғанын айтады. Сондықтан әрбір ата-ана баласының түнгі уақытта жалғыз жүрмеуін қатаң қадағалауы тиіс.

Түнделетіп көше кезіп жүргендердің ата-анасына алдымен ескерту жасалады. Егер құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал ата-анасы ауылдық жерде немесе басқа қалада болса, кәмелетке толмаған баласын қараусыз қалдырмай, сенімхат арқылы үлкендерге тапсырып кетуі керек. Сенімхаты жоқ туысқандар бала үшін жауап беруге дәрменсіз.

Рейд қорытындысы бойынша ондаған  компьютерлік клуб және көңіл көтеру орындарының аумақтарында 12 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Олардың қатарында кәмелетке толмағандарды түнгі орындарға кіргізу және мекеме иелері тарапынан болған заңбұзушылықтар бар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай рейдтер бір реттік емес, жүйелі түрде өткізіледі. Түнгі ойын-сауық орындарына бақылау күшейтіліп, тексерулер тұрақты негізде жалғасады.

«Жастардың қауіпсіздігі –  басты назардағы мәселе. Біз жасөспірімдерді заңсыз әрекеттерге тартудың кез келген әрекетінің жолын кесуді жалғастырамыз. Барлық түнгі мекеме заң талаптарын қатаң сақтауға тиіс. Әрбір заңбұзушылық дерегі анықталып, тиісті шара қолданылады. Жыл басынан бері облыс аумағында  өткен жедел-профилактикалық рейдтер барысында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде болуының 3052 фактісі анықталды. Атап айтсақ, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы бойынша 68 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қоса кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және күтіп-бағу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша 1499 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар қиын өмірлік жағдайға тап болған 18 жасөспірім Кәмелетке толмағандарды қолдау орталығына орналастырылды. Сондай-ақ 9 заңды өкілдің ата-ана құқықтары шектелді. Алматы облысы полиция департаменті ата-аналарды балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуге, сондай-ақ олардың жүрген жері мен араласатын ортасын, әсіресе кешкі және түнгі уақытта бақылауда ұстауға шақырамыз» – дейді  облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Берік Дакеев.

Ерзат АСЫЛ

Қарасай ауданы