Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласында Заң мен Тәртіп» идеологемасы аясында ауқымды рейд ұйымдастырылды. Іс-шара басталар алдында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Қарасай аудандық Полиция басқармасының бастығы, полковник Нұсқабек Зауланбаев рейдтің мақсат-міндетіне тоқталып, оған аудандық полиция басқармасының жеке құрамы, бірқатар бөлімдердің өкілдері мен жастар жұмылдырылғанын тілге тиек етті.
Аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Бағлан Әбішева ата-аналармен және жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп профилактикалық жұмыстардың тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқанын айтты.
– Өкінішке қарай, кейде жасөспірімдердің түнгі уақытта ересектердің бақылауынсыз жүргені анықталады. Мұндай жағдайлар олардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан біз түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, ата-аналармен байланысты одан әрі нығайтудамыз. Мұндай рейдтік және профилактикалық шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Біздің басты мақсатымыз – жазалау емес, алдын алу және балалардың амандығын қамтамасыз ету. Осы орайда баланың бос уақытын бақылау, оның қайда жүргенін білу ең маңызды жауапкершіліктің бірі екенін, оның қауіпсіздігі отбасынан басталатынын ата-аналардың қаперіне салғым келеді, – деді Бағлан Әбішева.

Рейдтік шара барысында жол қозғалысы қауіпсіздігі де назардан тыс қалмады. Түнгі мезгілде темір тұлпарды тақымдаған жүргізушіге өз өмірі үшін ғана емес, көшеден өтіп бара жатқан жаяу жүргіншілердің және қатар жолақта келе жатқан өзге көліктегілердің қауіпсіздігі үшін де жауапкершілік жүктеледі. Алайда, соны ескермегендердің ымырт үйірілген кезден жол ережесін сақтамай, салғырттыққа салынып, жауапкершілікті қаперінен шығарып алатынын жоққа шығара алмаймыз. Дәл осында жағдайды болдырмай, оның алдын алу үшін Қаскелең қаласының орталық және қалааралық күрежолға шығатын көшелерінде патрульдік полицияның мобильді экипаждары түнгі уақытта жол қауіпсіздігін бақылауға алды.

Қарасай аудандық әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Баукен Байымбетов пен патрульдік полиция ротасы командирінің орынбасары Әсемқұл Айбектің айтуынша, Қаскелең қаласының орталық көшелеріндегі түнгі уақыттардағы тексеріс кезінде жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару, мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүру, әйнектерді заңсыз қараңғылау сияқты құқықбұзушылықтар жиі кездесетінін атап өтті. Сондай-ақ қарсы жолаққа шығу, көлікті спиртті ішімдік ішіп басқару, жалған нөмір тағу деректері де жоқ емес екен. Полиция қызметкерлері осындай рейдтік шаралардың нәтижесінде жол ережесін бұзу деректерінің азайғандығын алға тартты.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
