Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – интернеттегі алаяқтықтың алдын алу. Күн санап ғаламтор желісі арқылы халықты алдап, арбайтын алаяқтар көбеюде. Көбінесе егде жастағы қарт кісілер мен балаларды алдау алаяқтар үшін өте оңайға түсуде. Әсіресе кейбір сатып алушылар интернет дүкендер арқылы төлем жасап, зат сатып алғанда ол адамның банктік карта деректері жүйеде сақталып, интернет төлем ашық қалған жағдайда, есепшоттардан ақша жоғалатын кездер де кездеседі. Одан бөлек әлеуметтік желілер дамыған сайын, алаяқтықтың түрлі әдіс-тәсілдері де көптеп белең алуда. Оның ішінде интернет алаяқтықтың мына түрлері кең таралуда. Мәселен, жоғарыда атап өткен жалған интернет дүкендер, банк қызметкерлері ретінде хабарласу, WhatsApp, Telegram арқылы жалған сілтемелер жіберу, жеке мәліметтер мен SMS-код сұрау, онлайн несие рәсімдеу және әлеуметтік желідегі фейк аккаунттар арқылы алдау деректері кездеседі. Осы тұрғыда әрбір адам өзінің жеке деректеріне мұқият қарай отырып, сақтық шараларын білуі шарт.
Ал интернет алаяқтықтың құрбаны болмау үшін ақпараттық сауаттылық керек. Осындай қиын жағдайлардың, ғаламтор желісіндегі алаяқтықтың алдын алуда тұрғындарға аудандық полиция бөлімдері тарапынан және тағы басқа жауапты мекемелерден түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілуі тиіс.
Осыған байланысты Балқаш аудандық полиция бөлімі тарапынан тұрғындарға үнемі сақтық шаралары ескертіліп тұрады. Интернет алаяқтықтың алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Балқаш аудандық полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік және криминалдық полиция бөлімшелерінің қызметкерлері бірлесе отырып, ауданға қарасты барлық ауылдық округте түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Аталған іс-шаралар барысында ауыл тұрғындарына «Egov» мобильді қосымшасы арқылы несие мен онлайн займ рәсімдеуге шектеу қою (бұғаттау) тәсілдері түсіндіріліп, практикалық көмек көрсетілді. Сонымен қатар интернет алаяқтықтан сақтану жолдары бойынша жадынамалар мен брошюралар таратылды.
Профилактикалық жұмыстар аясында Балқаш аудандық полиция бөлімінің «Instagram» парақшасына 10 ақпараттық жарияланым орналастырылды. Сондай-ақ аудан көлеміндегі барлық WhatsApp чаттарына интернет алаяқтықтың алдын алу бағытында арнайы бейнероликтер мен ескерту ақпараттары тұрақты түрде жіберіліп отырады. Осыған орай Балқаш ауданына қарасты барлық ауылдық округ пен елдімекендерде жергілікті учаскелік полиция инспекторлары тұрғындар көп жиналатын орындарда азаматтарға түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде. Сонымен қатар аудан аумағындағы мектептерге барып, мұғалімдер мен оқушылар арасында интернет алаяқтықтың алдын алу бағытында түсіндіру кездесулері де жиі өткізіліп тұрады. Кездесулер барысында интернет желісіндегі қауіпсіздік шаралары, алаяқтардың әрекет ету тәсілдері және сақтану жолдары түсіндірілді.
Криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері тарапынан әр ауылдық округте ақпараттық түсіндіру материалдары таратылып, атқарылған жұмыстар әлеуметтік желілерде жарияланып жүр.
Жақында ғана Балқаш аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Шәкәрім Әбдібеков Желтораңғы ауылына арнайы барып, тұрғындарға интернет алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп қайтты.
– Қазіргі таңда әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы адамдарды алдап, ақша иемдену жағдайлары көбейіп кетті. Алаяқтар жалған аккаунт ашып, арзан тауар ұсынып, «несие рәсімдеп береміз» деп немесе инвестиция арқылы тез табыс табуға шақырып, азаматтарды алдауда. Көп жағдайда адамдар белгісіз сілтемелерге кіріп, жеке деректерін беріп қояды. Соның салдарынан банк картасындағы қаражатынан айырылып, түрлі қиындыққа тап болады. Интернеттегі кез келген ақпаратқа сене бермей, күмәнді парақшалар мен ұсыныстарды мұқият тексеру қажет, – деді ол.
Сонымен қоса, кездесу барысында тұрғындарға банк картасының үш саннан тұратын CVV кодын ешкімге айтпау, sms арқылы келген кодты бөтен адамға жібермеу, белгісіз әрі күмәнді сілтемелерге өтпеу, алдын ала ақша аударуға асықпау қажеттілігі қатаң ескертілді. Айта кетейік, мұндай профилактикалық түсіндіру жұмыстары өңір тұрғындарына тұрақты түрде жүргізіліп тұрады.
Егер де осындай интернет алаяқтыққа тап болсаңыздар, бірден банкке немесе құқық қорғау органдарына хабарласу маңызды. Себебі дер кезінде әрекет ету арқылы алданған қаражатыңызды қайтаруға мүмкіндік те көп болмақ. Сақтық пен қырағылық кибералаяқтықтың алдын алудың ең тиімді жолы екенін есте сақтаған жөн.
Алтынай СЕЙІТКЕН
Балқаш ауданы
