XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстандағы босқыншылық пен ішкі миграция Кеңес өкіметі әзірлеген бағдарламаның құрамдас бір бөлігі еді. Алматы облысында күштеп қоныс аудару ауқымды деңгейде болғаны көптеген деректе көрініс тапқан. Мәселен, 1932 жылы Балқаш ауданынан Шелек және Еңбекшіқазақ ауданына 1000 шаруашылық қоныс аударған. Қазақ өлкелік комитетінің VI пленумында баяндама жасаған Балқаш аудандық бақылау комиссиясының төрағасы халықтың көшуге ықтияры болмаса да, әкімшілік жолмен қоныс аударылғанын атап көрсеткен. Мың шаруашылықты көшіру Алматы обком хатшысының келісімімен жүзеге асқан.
Архив қорларында Алматы облысының Балқаш ауданынан Еңбекшіқазақ ауданына жоспарға сәйкес күштеу арқылы қоныс аударған 1000 шаруашылыққа жататын 1106 адамның тізімі сақталған. «Балқаш ауданынан Еңбекшіқазақ ауданына жоспарлы жіберу бойынша қоныс аударылған шаруашылықтар тізімі» деп аталатын құжатқа сәйкес көшірілгендер Балқаш ауданының №14 ауылынан болған. Балқаш ауданының №14 ауыл кеңесі Миялы, Бақбақты ауылдарын қамтыған. Құжаттың «қоныс аудару бойынша» деген ұғымының өзі ауданнан көшушілердің ерікті негізде кетпегенін көрсетеді. Шаруалар тізімінде көшірілушілердің жасы, ұлты, жан саны, әлеуметтік жағдайы, ауылдың нөмірі көрсетілген. Мысалы, отбасында 5 адамы бар 60 жасар Бұрбеков Досболмен бірге 45 жастағы әйелі Қарманжан, 18 жасар ұлы Саржан, 7 жастағы ұлы Жалғас, 10 жастағы қызы Нұрсұлу көшкен. Тізімдегілердің ең жасы үлкені 75 жастағы Сомрат атты кейуана, одан кейінгі жасы үлкені 72 жастағы Б.Нарболов деп жазылған. 1932 жылдың 14 сәуірінде Еңбекшіқазақ ауткомы мәжілісінде аудандағы отырықшыландыру шаралары туралы төраға Мұқашевтың баяндамасы бойынша қаулыда Балқаштан көшірілгендер сөз болады. Жаңадан құрылған отырықшыландыру бойынша комиссияға «Балқаш ауданынан қоныс аудару бойынша келіп жатқан 500 шаруашылықты орналастыру тәртібі туралы мәселені ойластыру» тапсырылады. Еңбекшіқазақ ауданына Балқаш ауданынан күштеп қоныс аударылғандар саны 1000 шаруашылықты құрағаны анық емес. Қолда бар деректер 1106 адамның тізімі екінші деректегі қоныс аударылғандар саны 500 шаруашылықты құрағаны туралы мәліметтің шындыққа сәйкесетінін көрсетеді.
Біріккен мемлекеттік саяси басқарма («ОГПУ») Алматы облыстық бөлімінің мәліметі бойынша осы жылдары Балқаш ауданындағы 60 мың халықтың 12 мыңы көшіп кеткен, 36 мыңы қаза тапқан, соңында 12 мыңы ғана қалған. 1932 жылдың қысында Қаратал ауданындағы үш қазақ ауылын отырықшылыққа күштеп көшіру кезінде тұрғындардың тең жартысы қаза болған. Жергілікті «ОГПУ» бөлімінің куәландыруынша, Қаратал ауданында 1932 жылдың желтоқсаны мен 1933 жылдың қаңтар айының алғашқы 10 күнінде 569 адам аштан өлген, осы уақыт аралығында Үштөбе стансасындағы Қаратал құрылыс алаңы мен күріш кеңшарынан 300-ден астам адамның өлігі жиналып алынған. Деректер қоныс аударудың аштық жағдайында жүргізіліп, зардаптары көп болғанын көрсетеді.
Алматы облыстық мемлекеттік архивінде 1939 жылдың 5 шілдесінде Қылмыстық кодекстің 58-7-бабы, 10 б-1 және 11-баптарымен әртүрлі мерзімге сотталған «Бірлік» ұжымшарының мүшелері Нүпмахан Амабеков, Әнгебай Теңізбаев, Абдулла Дүйсембаев, Нұрмағамбет Бейсекенов, Толқын Ешмұхаметов, Тышқанбай Оспанов, Манас Дүйсембаев, Аққұс Бүркітбаев, Бораш Астакеевтердің ісі сақталған. Сотталушылардың арыздары негізінде істі қайта қараған Алматы облыстық соты тағы да сол бастапқы үкімді қуаттайды. Сотталғандар 1939 жылдың 15 қазандағы И.Сталинге екінші мәрте жолдаған арыздарында өздерінің 1931-1932 жылдары Шұбартау ауданының Пироговка селосынан Алакөл ауданына 100 шақырым жол жүріп, жаяу, жалаң аяқ, аш-жалаңаш босып келгендерін, Бақатерек, Жайнақ ауылында өздері жеке ұжымшар ұйымдастырғанын баяндайды. Босқындар ұжымшарына 33 түтін мүше болған. Аштық салдарынан мекендерін тастап келген шаруаларға «НКВД» Алакөл аудандық бөлімшесі «ұлтшыл ұйым құрды» деп айыптап, қинап мойындатуға көшкен. Бұрынғы босқындар Алматыға айдалады. Іс материалдарында сотталушылардың Ждановтың, Берияның атына жолдаған арыздары тіркелген. Сотталғандардың арызына байланысты қандай шешім қабылданғаны белгісіз.
Архив қойнауында «Торғай» қоныс аудару ауылшаруашылық артелі туралы құжаттар кездеседі. Артельдің атауы оған мүше шаруалардың қайдан келгенін көрсетеді. «Торғай» артелі 1930 жылы 4 сәуірде Алматы облысының Қаскелең ауданындағы бұрынғы Путь Ильича артелінің орнына құрылған. Торғай артелінің барлық мүшесі бұрынғы Торғай облысының тумалары, олар 1921 жылы өз ауылдарындағы аштыққа байланысты Қызылордаға қоныс аударған. Артельдің құрамы негізінен Арғын және Қыпшақ өкілдерінен құралған. Қоныс аудару ауылшаруашылық артелінің басқармасына Өтегенов (төраға), Байтілеуов, Аллабергенов, Қарбалаев және Сәрсембиев кірген. Қызылорда ауданынан Алматы облысы Қаскелең ауданы аумағына қоныс аударып келген шаруалар Жаңа Тосын, Қосшы және Таңсәрі атты үш артельге бөлінген. Аталған артельдер 1930 жылы наурызда, Алматы ауданына қоныс аудару қарсаңында бірыңғай артельге біріктірілді. Артель құрамында 65 шаруашылық болған.
Шаруалардың тұтас топтарымен қатар жекелеген адамдарды саяси сенімсіз элемент ретінде күштеп көшіру арқылы жазалаған жағдайлар да орын алған. Еңбекшіқазақ ауданы Зәкір деп аталатын № 4 ауыл тұрғыны Оспанқұл Мақашев отбасындағы 10 адаммен бай ретінде әкімшілік жолмен тұрған жерінен аудан көлеміндегі Ақжал деген мекенге жер аударылған. 7 маусымда, 1931 жылы Орталық атқару комитетіне жазған арызында О.Мақашев өзінің бай емес екенін, 1919 жылы Т.Бокин, О.Жандосовпен бірге Жетісу облревкомының уәкілі болып істегенін негіздеген. Арызына өзінің уәждерін қуаттайтын құжаттардың нотариалдық куәландырған көшірмелерін қосқан. Құжатқа «Еңбекшіқазақ ауданы дереу тергеп, нәтижесін бізге хабарласын» деген бұрыштама жазылған. Көрсетілген істе О.Мақашевтың әйелі Ф.Загидуллинаның да арызы бар. Құжаттар 1930 жылдары кеңестік билікке көмектескен, әлеуметтік жағынан орташа шаруалардың өзін «бай» деген желеумен айыптап, қуғындау саясаты жүргізілгеніне дәлел бола алады.
1932 жылдың басында Алматы облысының шекаралық аудандарына қоныс аударған босқындар легі көп мөлшерде болды. 1932 жылдың 18 қаңтардағы Қазақстандағы шекара күзеті мен әскер басқармасының С.Миронов пен С.Вершинин қол қойған ақпарында Лепсі ауданына сырттан келіп жатқан босқындар саны 700-1000 шаруашылықты құрайтыны, көшіп келушілердің басым бөлігі кедей орташалар екені көрсетілген. Ауа көшушілердің бәрі шекара өткелдеріне жақын қоныстанған. Ақпарда босқындардың көпшілігі қаңғыбас, сұрамсақтықпен айналысып, қайыршылық жағдайда бір жерден екінші жерге өтіп жүргені жазылған. Көшіп келуші босқындар өз ұжымшарын ұйымдастырған мысалдар да тіркелген. Атап айтқанда, Ақсу ауданынан келген 101 адамнан тұратын қоныс аударушылар «Бегалы» ұжымшарын ұйымдастырған.
Қазақстанның оңтүстік-шығыс өңірінде босқындарды орналастыру жұмыстары жекелеген шаруашылық салаларына жұмыс күшін тарту науқанымен қабат жүргізілді. Өңірге жұмыс күші ретінде босқындарды жалдап әкелу жұмыстары бойынша шаралар атқарылды. Алматы облысының темекі және қызылша өсіретін аудандарына босқын қазақтарды қайтару мақсатында арнайы өкілдер олар қоныс аударған өңірлерге жіберілді. 1935 жылдың 15 қазанында Әлімжан Тұранбековке берілген, облыстық жер басқармасы бастығы Меньшов қол қойған № 762 мандатқа сай, Батыс Сібір өлкесінің Бийск пен Барнауыл қалаларынан қазақ шаруашылықтарын көшіру үшін жауапкершілік және оларды жалдау бойынша тиісті ұйымдардан жалдап алу және жөнелтуге байланысты тиісті міндеттер жүктелген. Оның да зардабы шаш етектен болған.
Кеңестік көші-қон саясаты, ең алдымен, еңбек ресурстарын қайта бөлу мақсатында ішкі көші-қонға бағытталған. Мемлекет ішкі көші-қонды реттеуге тырысқан кезде табиғи ресурстар қоры аз аймақтарға қоныс аударуды ынталандыру арқылы мыңдаған адам көшірді. Кеңес өкіметінің экономикалық және саяси қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін көші-қон ағындарын ынталандыруы елдің ішіндегі шиеленісті тіптен күшейтті.
Еркін СТАМШАЛОВ,
Алматы облысының мемлекеттік архиві құжаттарды пайдалану және ғылыми анықтамалық аппарат бөлімінің архивисі, PhD
