Перейти к содержимому
Главная страница » «Қандысай» –қаралы тарих куәсі

«Қандысай» –қаралы тарих куәсі

Алматы қаласы мен Боралдай елдімекенінің арасындағы жолда халық дұғасын оқып өтеді, себебі бұл жер – тоталитарлық режим құрбандарының соңғы мекені болған әйгілі «Қандысай». 1937 жылдың 30 шілдесінде елді «жағымсыз элементтерден» тазарту үшін Ішкі істер халық комиссары (1946 жылға дейін министрлерді халық комиссарлары деп атаған) Николай Ежовтың №00447 бұйрығы шығады. Осы бұйрық бойынша ҚазКСР-інде 2500 адамды ату жазасына кесіп, 5000 адамды еңбекпен түзету лагеріне жіберу қажет болған. Осы лимит орындалу барысында Қазақстан коммунистік партиясы ОК бірінші хатшысы қызметінде болған Л.Мирзоян Сталинге хат жаза бастайды. Бұл хаттарында Қазақстанға берілген жоспардың орындалғанын, бірақ кеңестік билікке қарсы шығушылар әлі де көптігі, сол себепті лиммитті тағы көбейту жайы сұралған.

Л.Мирзоянның осы хаттарынан кейін төрт ай (1937 жылдың тамызы мен желтоқсан аралығы) жүруі керек болған репрессия 11 айға созылып 25 мың адам ату жазасына кесілді. 103 мың адам еңбекпен түзету лагеріне жіберілді. Алайда ату жазасы туралы ол уақытта айтылмаған. Тек 1938 жылы 21 наурызда түнгі уақытта Алматыда 19 адам атылғаны туралы ақпарат ертесінде «Социалды Алматы» газетіне басылып кеткені туралы дерек бар. Сол газетте «Ұзақбай Құлымбетов бастаған национал-фашистерге халықтың әділ үкімі – ату жазасы орындалды» деп жазылған. 19 адамның тізімі де берілген. Ішінде Құлымбетовтен бөлек, Темірбек Жүргенов, Нығмет Сырғабеков, Жанайдар Сәдуақасов және тағы басқалары болған.
Партия комитетінде істеген Шақпақ Артықбаевтың шопыры Айтжанның айтуы бойынша, Алаш ардақтыларының денесі жасырын түрде бүгінгі Боралдай елдімекенінің жанына көмілген. Ол кезде Шақпақ Артықбаев Алматы облыстық партия комитеті мен қалалық комитетін басқарған. Кейін репрессия құрбаны болып, 18 жылға түрмеге қамалған. Содан әлгі 19 адамды жертөледе атылып, қапшыққа салынып, кейін Айтжанның өзіне бұл кісілердің адам екенін білдіртпей: «Жан-жағыңа қарама», – деп көлігіне салып жіберген. Шопыр қапшықтағы адамдарды Боралдайдағы Қандысайға апарып, түсіріп кеткен.
Келесі күні Айтжан жұмысқа келмеген. Үйінде де, жұмыста да табылмайды. Тек 25 наурызда жұмысына келіп, шығу туралы арыз өткізеді. «Не болғанын айта алмаймын» дейді. «Жөніңді айтпасаң, шығармаймын» деп Артықбаев та қоймаған. Сол кезде шопыр өзінің түнімен қапшықта адам тасығанын біліп қойғанын жайып салады. Қандысайға барған соң Артықбаев қолына тас алып, белгі ретінде сол жерге қойып кетеді. Айтжан сол бетімен Қытайға кетіп қалады. Бірнеше күннен соң Шақпақ Артықбаев та халық жауы болып сотталады. Оның айтуынша, 18 жыл түрмеде отырған соң, 60-жылдардың ортасында Сүлеймен Есқараевтың (ол да 21 наурызда түнде атылған) баласы Марат Есқараевпен кездесіп, болған жайтты баяндап берген. Сол кезде Қызылордадан топырақ алдырып, Марат Есқараев барады. Онымен бірге Дәмеш Ермекова, Шолпан Байтұрсынова, Бейбіт Қойшыбаев секілді бір топ адам еріп барады.
Бұл 1989 жыл болатын. Кейін Құлымбетовтің жатқан жеріне топырақ саламыз деп Ырғыздан топырақ алынады. Сонау 1992 жылы арнайы зерттеулерден кейін ашылған бұл қорымда жазықсыз қуғын-сүргін көрген Алаш азаматтары жерленгені дәлелденіп, кейін ескерткіш бой көтерді. Қандысай белгітасы осылай қойылған.

Мейіржан МҰСАБАЕВ,
Алматы облыстық музейлер бірлестігінің директоры