Перейти к содержимому
Главная страница » Құрғақ шатқал оқиғасы

Құрғақ шатқал оқиғасы

Тарихтың тас бетіне қашалып жазылмаса да, халықтың жадынан өшпейтін оқиғалар болады. Солардың бірі – Аспантау өңіріндегі Қақпақ ауылы маңында отаршылдық озбырлыққа қарсы бас көтерген қазақ азаматтарының жанқиярлық ерлігі. Бұл – қаруы аз болса да, қайраты мол, саны аз болса да, намысы зор ерлердің азаттық пен әділдік жолындағы арпалысынан туған оқиға. Бүгінгі бейбіт күннің бағасын ұқтырған, ұрпақ санасына отансүйгіштік рухын дарытатын осындай тағылымды тарихты қайта жаңғырту – уақыт талабынан туындаған ең өзекті мәселе екені аян.

Патшалық Ресейдің қазақ даласын отарлау саясаты XX ғасыр басында да жалғасын тапты. Жергілікті халықты құнарлы жерден айырып, зорлық- зомбылық көрсетті. Елдің еңсесін басып, еңбегін қанады, ар-намысын аяққа таптады. Еркекті құл, әйелді күң ретінде пайдаланып, өктемдік жасады. Ұрып-соқты, сотсыз-сұрақсыз жазалады. Тіпті кейбіреулерін егіндік басындағы арық-атыздарға судың арынын басатын кұлаққа байлап, адам төзгісіз қорлық көрсетті. Өзеннен малдарын суаруға тыйым салды. Су алуға келген қыз-келіншектердің шелектерін тартып алып, өздеріне арсыз әрекеттер жасағанына жазылмаған тарих куә. Арқасүйер мемлекеті, сөзін сөйлейтін, қуаттап-қолдайтын жанашыр билігі, қорғайтын күштік құрылымы жоқ қазақ халқы тілі мен діні бөлек, ойы жаман жат жұрттың тепкісінде қалып, өз жерінде осылайша өгейдің күйін кешті.
Мұндай қорлау мен кемсіту Қақпақ ауылының өр жағындағы Құрғақ шатқалдың кіреберісін мекендеген елді де сырт айналып өткен жоқ. Құнарлы жерінен айырылған, кемсітудің алуан түрін бастарынан өткізген жергілікті халық бұл қорлыққа төзе алмайды. Ел ішінен намысты азаматтар шығып, ағайынның басын біріктіреді. Қаны бір туыстарын жаттың қорлығынан құтылу үшін қолға қару алып, әділетсіздікке қарсы тұруға, қараулықтың бетін қайтаруға шақырады. Солардың алдыңғы сапында Мергенбай Жаманкөзұлы, Қалибек Сиқымұлы, Жүніс Ақсақалұлы, Дабашы Бекмұратұлы сияқты ерлер тұрды. Олар әділетсіздікке қарсы тұрды. Екі жақтан да адамдар шығыны болады. Атылатын, жарылатын отты қаруына сүйенген жау жағы күш алып, қазақтарды кері шегінуге мәжбүр етеді. Олар шегіне-шегіне Құрғақ шатқалға таяу атты кісінің бойынан келетін биік те қалың шиге тығылып, ұрысты жалғастырады. Қазақтарды қолға түсіру оңайға соқпасын аңғарған казактар түтінге тұншықса өздері-ақ шығады деген қастық оймен шиге от қояды. Ортақ мақсат жолында өздеріне сеніп ілескен ағайындарын қалың өртке күйіп, түтінге тұншығудан, жаудың оғынан, ажал аузынан аман алып қалуы үшін Қалибек, Жүніс, Дабашы сынды азаматтар ши арасынан шығып, қайта ұрыс салады. Адамдары шығынға ұшырап, аямасқа бекінген қарсы жақ үшеуін де оққа байлайды. Жауыздық мұнымен ғана шектелмейді. Ел мен жер үшін опат болған арыстардың сүйегін бір апта бойы бермей, өзге бас көтерер азаматтардың өз еркімен берілуін талап етеді. Бірақ намысы берік, рухы асқақ елдің өрлік ісіне ешкім тосқауыл бола алмапты. Туыстары түн жамылып барып, азаттық жолында шейіт кеткен батырларының сүйегін ел ішіне жеткізіп, Қалибек пен Жүністі бір орынға қатар, Дабашыны соларға таяу жерге жерлейді. Бұл – 1914 жылғы жаздың күзге ұласар шағы екен. Сол кезде Қалибек небәрі 25 жаста болыпты. Есіл ердің артында үш жарым жасар және тоғыз айлық екі ұлы қалыпты. Жүніс болса, 24 жасында, әлі отау кұрып үлегермеген күйі шейіт кетіпті. 44 жастағы Дабашы да артына ұрпағын қалдырып, ел басындағы зобалаңның құрбанына айналған. Арыс азаматтар жеке бастың қамы үшін емес, елдің ертеңі, жердің тұтастығы, ұрпақтың болашағы мен халықтың ар-намысы үшін осылайша өздерін құрбандыққа шалған.
Бір кем дүние, кеңестік кезеңнің қасаң саясаты арыстан туған ерлердің есімін өз кезегінде ұлықтауға, қабірінің басына белгі қойып, ерліктеріне тағзым жасауға мүмкіндік бермегені. Жерленген жерлері ұрпағына белгілі болғанша аттары аталып, халыққа жариялы түрде насихатталмай, уақыт қойнауында бұғып келген. Содан бергі арада бір ғасырдан астам уақыт өткенде ғана тарихи әділет ақ таң болып атты. Жуырда батырлардың Бақберген, Марат Оразалиев, Үміт, Мұрат Қалибеков, Жапар, Ерлан Ақсақалов, Нұриман, Нұрсовет Қозыбақов сынды ұрпақтары, басқа да шөбере-шөпшектері, үрім-бұтақтары ұйымдасып, бабаларының басына алыстан менмұндалап тұратын ескерткіш орнатты. Қақпақ ауылында тұрғындардың, ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-жаранның басын қосып, батыр бабаларының рухына Құран бағыштап, үлкен ас берді. Осылайша елге мұра, ұрпаққа үлгі болатын тағы бір ерлік ел ішіне оралды.
Бүгінгі ұрпақ бейбіт өмірдің қадірін білуі үшін батыр бабалардың ерлігін ұмытпауы тиіс. Құрғақ шатқалда қаза тапқан боздақтардың қаны – азаттықтың өтеуі, рухы – елдің шырағы. Елі мен жері үшін шейіт кеткен ерлердің есімі ел жадында жаңғырып тұрса, ұлт рухы да аласармайтыны анық. Әңгімеге арқау болған Құрғақ шатқал оқиғасы осыны меңзеп тұрғандай.

Жұмабек ТҰРДИЕВ

Райымбек ауданы