Перейти к содержимому
Главная страница » АҚШ-тағысегіз университет шақырды

АҚШ-тағысегіз университет шақырды

Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері – үнемі алға ұмтылатын және білімділігімен, жан-жақты ізденімпаздығымен көзге түсіп жүрген Балқаш ауданының тумасы Даниял Қуаныш. Оның ойынша, білім тұңғиығына терең бойлаған адамның алмайтын қамалы, қолы жетпейтін шыңы болмайды. Сол үшін көп оқуды, үнемі ізденуді, үздіксіз еңбектенуді өзінің өмірлік ұстанымына айналдырған.

Даниял биыл Бақанас ауылындағы Бақтыораз Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназияны тәмамдады. «Хас жүйрікті құлын кезінен танисың» демекші, ол бала кезінен зерек, алғыр болып өседі. Түрлі сайыстарда топ жарды. Дарынымен дараланған Даниял жақында АҚШ-тағы 8 университеттің грант иегері атанды. Олардың ішінен Centre College оқу орнын таңдаған. Айта кетейік, бұл – АҚШ-тың Кентуки штатында орналасқан университет. Ол халықаралық SAT емтиханынан 1240 балл жинап, білім деңгейінің жоғары екенін байқатты. Сондай-ақ жас білімпаз IELTS сертификатын алды.
Ата-анасы да оған үнемі қолдау көрсетіп келеді. Үйдің тұңғышы Даниял – екі қарындасына қамқор аға, ата-апасының мақтанышы. «Алтын белгіге» үміткер ізденімпаз шәкіртке бағыт-бағдар берген ұстаздарын да атап өтсек, олар – бастауыш сыныпта сабақ берген Нұрбақыт Сүменов, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Роза Наймантаева, физика пәні мұғалімі Жайдары Әлімбаева және математика пәні мұғалімі Раушан Орынбаева.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Даниял жастайынан спортпен шұғылданады. Былғары қолғап шебері, сынып белсендісі. Еуропаның екі дүркін чемпионы, Азия чемпионы Ермұрат Қайыпжановтың жүлдесіне арналған бокстан 2008-2009 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы республикалық ашық турнир жеңімпазы. Бұдан басқа да жетістіктері аз емес.
2023 жылы аудан мақтанышы Даниял Думанұлы кіл мықты ұландар топтастырылған «Еліміздің маржандары» энциклопедиясына енген. Дарынды шәкірт тамыз айында үлкен арман жолында шетелге жол тартады. Алдағы уақытта АҚШ-та алған білімін еліміздің өркендеуі жолында жұмсап, ел мәртебесін асқақтатады деген сенімдеміз.

Алтынай СЕЙІТКЕН

Балқаш ауданы