Той тағылымымен есте қалады
Хантәңірі шыңының асқақ көрінісі Райымбек ауданының айбынын асырып тұрғандай әсер береді. Таулы өңір тұмса табиғатқа тұнып тұр. Мыңғырған төрт түлікті былай қойғанда, Нарынқолдың картобына тәнті болғандар азаймайды. Райымбек батырдың даңқын жалғастырған қаламгерлер – Бердібек Соқпақбаев пен Мұқағали Мақатаевтың шығармалары қазақ әдебиетіндегі құбылыс ретінде бағаланады. Айта берсе, тілге тиек ететін бірегей мысалдар жеткілікті. 90 жылдық белеске жеткен өңірдің бүгіні мен болашағы жайында аудан әкімі Дастан Құдабаевпен әңгімелескен едік.

– Дастан Сұлтанмұратұлы, биыл ауданның 90 жылдығы. Айтулы кезең қандай ерекшеліктерімен назар аударады? Сұхбатымызды той қарсаңындағы толғаныстардан бастасақ.
– Уақыт жылжыған сайын тарихтың құндылығы арта түседі. Бір сәт өткенге көз салсақ, талай оқиғалар ойға оралады. 1936 жылы Нарынқол Кеген ауданынан бөлініп, дербес өңірге айналды. Аға ұрпақтың жүрген жолы өрлік мен ерлікке толы. Әкелер тағылымы жадымызда жаңғырады. Сол қасиетті ұрпақтарға өнегелеудің жөні бөлек. Мерейтойдың басты мақсатын осылай деп ұққан жөн.
Жастар туған жер тарихын тереңнен танып, осы өңірден түлеп ұшқан айтулы тұлғалардың есімін ардақтай алса, олардың бойындағы отаншылдық рух та асқақтайды. Рухани сабақтастықты біз сәтімен жалғастыруға тиіспіз. Осыған орай, аудан көлемінде 90 жылдыққа арналған 90 шара өткізу қолға алынды. Мерейтой Алаштың ақиық ақыны, жерлесіміз Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығымен тұспа-тұс келді. Сондықтан негізгі шара ақпан айында Қарасаздағы бүкілхалықтық поэзия мерекесінен бастау алды. Әрі қарай рет-ретімен жалғасуда. «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы бойынша аудан аумағында 9 мың түп ағаш көшеті отырғызылды. Жыр мерекесінің жарасымы мен туған жер табиғатына деген жанашырлық – ел мерейінің қуанышты көрінісі.
Тағы бір мысалға тоқталайын. Бесінші маусым күні Сарыбастауда ауқымды ауыл шаруашылығы форумы ұйымдастырылады. Оның себебі –Социалистік Еңбек Ері Нүсіпбек Әшімбаев осы елдімекенді өркендетуге зор үлес қосты. Форумға ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, өңірдегі шаруа қожалықтары мен сала мамандары қатысады. Заманауи ауыл шаруашылығы техникалары таныстырылып, аграрлық саланың болашағы кеңінен талқыланады. Санап отырсақ, Нарынқол топырағынан 500-ге жуық ғылым докторы, профессор мен ғылым кандидаттары шыққан екен. Мақтанышпен айтуға болатын дерек. Осы ғалымдардың елуге жуығы шараға қатысқалы отыр. Ол кісілер биыл мектеп бітіретін 350-ден астам түлекпен жүздесіп, болашағына бағыт-бағдар береді. Сол сияқты, аудандық «Хантәңірі» (кешегі «Советтік шекара») газетінің, аудандық кітапхананың 90 жылдығы да аталмақшы. Бір сөзбен айтқанда, той-тойға ұласып жатыр.
Мерейтойдың негізгі салтанаты шілде айының басында Нарынқолда өтеді. Ғылыми-танымдық конференция болады. Кешке қарай өнер шеберлері ән мен күйдің көрігін қыздырады. Келесі күнгі шара Шалкөде жайлауында жалғасады. «Хантәңірі қазынасы» атты ауқымды фестиваль шымылдығын ашады.
– Бәрекелді! Енді ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалына тоқталсақ. Алғашқы тоқсан қорытындысы бойынша қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіздер? Қандай ауқымды жобалар жүзеге асып, қай салаларда оң өзгерістер байқалды?
– Бірінші тоқсанда межелеген көрсеткіштің бәрі жоспарлы түрде орындалды. Оның ішінде ауданда өндірілген өнім көлемі 481 млн теңгеге жетті. «Ойқарағай» көмір кеніші, «Қарасаз фут» сүт өңдейтін кәсіпорны, алтын өндіретін компаниялар жұмыстарын табысты жалғастырып, бюджет қоржынын толықтыруда. Одан бөлек ауыл шаруашылығы саласында былтыр 54 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Ауданның негізгі тыныс-тіршілігінің 90 пайызы осы саламен байланысты.
Бүгінгі күнде өңірде 267 мың бас қой, 67 мың бас ірі қара, 50 мыңға жуық жылқы бар. Бір жылда 15 мың тонна ет, 18 мың тонна сүт өндіреміз. Мал басын асылдандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Қой және ірі қара малын қолдан ұрықтандыру бойынша ғылыми-зерттеу институты мамандарымен бірлескен іс-шаралар қолға алынып жатыр. Биыл 10 мал бордақылау алаңын салуды жоспарладық. Бесеуінің құрылысы басталды. Оның үшеуі 4 мың қойға, біреуі 500 бас ірі қараға арналған.
Өңірде балық шаруашылығын дамытуға да бел шеше кірістік. Бізде оған ыңғайлы өзен-көлдер баршылық. Еңбекшіқазақ ауданында «Хан балық» деген үлкен шаруашылық жұмыс істейтінін білесіздер. Оның негізін қалаған – біздің жерлесіміз, Қарасаздың тумасы Мәрлен Тұрсынәлі. Сол азамат 10 адамды тегін оқытып, осы саланың қыр-сырына қанықтырды. Бұйырса, биыл өңірде 8 балық шаруашылығы ашылады. Үшеуінің құрылысы Қақпақта, екеуі Нарынқолда бой көтереді. Жұмыстар басталып кетті.
Әрине, аудандағы еңбектің көбін бітіретін – шаруалар. Ала жаздай мал бағып, маңдай терін төгеді. Алайда өнімді өткізуге келгенде қолдары қысқа болып қалады. Делдалдарға тәуелділігі артады. Осы мәселенің оң шешімін табу үшін нақты жұмыстарды жүйеледік. Алматы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен келісім жасап, меморандум қабылдадық. Қалада Райымбек ауданының ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған арнайы сауда орнын ашуға мүмкіндік таптық. Жамбыл ауданындағы «Империя Фуд» ет комбинаты мен жергілікті шаруалар арасында келісімшарт түзілді. Аталған кәсіпорын ірі шаруашылықтардың малын нарықтық бағамен сатып алатын болды. Комбинат басшысы шаруаларға қосымша қолдау көрсетпекші. Атап айтқанда, мал тасымалына кететін жол шығынының 50 пайызын олар өз мойнына алады. Сондай-ақ мал сою қызметі үшін ақы алынбайды және өткізілген өнім туралы ресми анықтама беріледі. Нәтижесінде шаруалар мемлекет тарапынан берілетін субсидияға қол жеткізіп, өз еңбегінің пайдасына кенеледі деп қуанып отырмыз.
– Ауыл шаруашылығын жаңа технологиямен ұштастырып, кооперативтік жүйені дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз. Нарынқолдың брендіне айналған картоп өсіру қарқыны қалай?
– Ауданда кооперативтік жүйені дамытуға ерекше көңіл бөлінді. «Алтын дән» ЖШС – картоп өсіруді жаңа деңгейге көтеруге ден қойған іргелі шаруашылықтың бірі. Былтыр серіктестік әлемге танымал «PepsiCo» компаниясымен келісімшарт жасап, чипсы өндірісіне арналған арнайы картоп тұқымын 20 гектар жерге екті. Биыл бұл бастамаға тағы екі шаруашылық қосылып, жалпы көлемі 350 гектар алқапта арнайы сұрыптағы картоп өсіру қолға алынды. Мемлекеттік қолдау аясында 500 гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізілді. Соның арқасында өнім көлемін арттырып қана қоймай, су ресурстарын тиімді пайдалануға жол ашады.
Біз ай сайын шаруалармен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстарды жан- жақты талқылаймыз. Туындаған мәселелерді бірлесіп шешеміз. Өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында төрт бірдей шағын индустриялық аймақ құру жұмысы басталды. Қазір инвесторлардың қолдауымен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар ашуға басымдық беріліп отыр. Мәселен, аудан бойынша жыл сайын 45-50 мың тонна картоп өндіріледі. Оның шамамен 12 мың тоннасы ішкі нарық қажеттілігін өтесе, 8 мың тоннасы келесі жылға тұқым ретінде сақталады. Ал қалған өнім шаруалар тарапынан Алматыға арзан бағамен жөнелтіледі. Бұл мәселені жүйелі шешу үшін қытайлық инвесторлармен крахмал зауытын салу жөнінде келісімге келдік. Инвесторлар шаруашылықты қажетті техникамен және сапалы тұқыммен қамтамасыз етеді. Ал диқандар өндірілген өнімді тікелей зауытқа өткізеді. Бұл шаруалардың табысын арттыруға жол ашады.Бұдан бөлек, ауданда кендір өндірісін дамытуға қызығушылық танытып отырған екінші инвесторлық компания бар. Аталған бағыттың экономикалық тиімділігі өте жоғары. Мысалы, дәстүрлі егін шаруашылығымен салыстырғанда, кендірдің өнімділігі 4-5 есе артық. Бүгінде Сарыжаз өңіріндегі шаруашылықтар 400 гектар жерге кендір екті. Қазір қажетті құжаттарды заңдастыру жұмыстары жүргізілуде. Егер алғашқы өнім ойдағыдай нәтиже берсе, инвесторлар кендір өңдейтін зауыт салуға дайын.
Әрине, шекаралық аймақтарға инвестор тарту оңай емес. Ауыл шаруашылығы саласына құйылған қаржының қайтарымы кейде 5-10 жылға созылады. Оның үстіне халық саны аз, нарық көлемі шектеулі болғандықтан, кәсіпкерлер тәуекелге бара бермейді. Соған қарамастан біз аудан экономикасына серпін беретін жобаларды батыл қолға алып, қолдау көрсеттік. Әріптестер сенімін нығайтуға күш саламыз. Қазір Текес пен Байынқол өзендерінің бойынан су электр стансаларын салу мәселесі инвесторлармен бірлесіп пысықталуда. Бұл бастамалар шалғайдағы Райымбек ауданының экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймайды, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауыл халқының әл-ауқатын көтеруге берік негіз қалайды деп сенеміз.
– Райымбек ауданының тарихы терең, қасиеті ерен. Бұл өлке Райымбек батырдан бастап, Ұзақ пен Жәмеңке сынды Ұлт-азаттық қозғалысының көсемдері, Бердібек Соқпақбаев пен Мұқағали Мақатаевтай алыптар, мемлекет қайраткерлері Нұрбапа Өмірзақов пен Алтынбек Сәрсенбаевтарды берді. Осындай бай рухани мұраны жадымызда жаңғыртатын, жаңа форматтағы заманауи өлкетану музейін ашу мәселесі қаншалықты өзекті деп ойлайсыз? Бұл бағыттағы ойларыңыз қандай?
– Айтқаныңыз көкейге қонады. Расында, біздің өңірге заманауи өлкетану музейі ауадай қажет. Бұл тек өткен тарихымызды танытатын мәдени нысан ғана емес, ұлттың рухани жадын сақтайтын, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыратын маңызды орталық болады деп ойлаймыз. Қазір музей салуға қатысты орын белгіленді. Ол мәселені алдағы жылға арналған ұсыныстар қатарына енгізуді жоспарлап отырмыз.
Дегенмен, бәрімізді толғандыратын бір мәселе бар. Ол – өңірде халықты тұрақтандырудың жайы. Қазір аудандағы халық саны 27 мың 400 адамды ғана құрайды. Сондықтан азаматтардың туған жерден көшпеуіне барынша жағдай жасау – басты міндетіміз. Бұл бағытта бірқатар маңызды жұмыстар жүзеге асырылды. Мәдениет үйлері мен спорт кешендері салынды, мектептер күрделі жөндеуден өтті. Ауданішілік жолдар ретке келтірілуде. Елдімекендер жарық шамдармен және ауызсумен қамтамасыз етілді. Яғни қажетті инфрақұрылым біртіндеп заманауи талаптарды қанағаттандыра түсті.
Десек те, әлеуметтік нысандарды көбейтумен көші-қон толық шешілмейді. Егер өңірде туризм өркендесе, соған қызмет көрсететін өндіріс орындары ашылса, тұрақты жұмыс көздері пайда болса, қалаға көшудің тоқтатайтыны анық. Біздегі көркем табиғат көздің жауын алады. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірде туризмді дамытуға қолдау көрсетіп отыр. Биыл туристік төрт бағытты белгілеп алдық. Ол – Шалкөде жайлауына, Хантәңірі етегіндегі Байынқол аңғарына, Көккемерге және Шұбартал жайлауына баратын жолдарды жөндеу. Жалпы ұзындығы 94 шақырым жолға 5,2 млрд теңге бөлінді. Жол сапалы жасалса, аталған орындарға келушілер саны артатыны анық. Сонымен қатар туризмге жарамды жерлердің картасы жасалды. Қай жерде, қандай бағытта жұмыстар атқарылатыны айқындалды. Алдағы аптада өңірге туроператорлар, блогерлер мен журналистерден құралған пресс-тур ұйымдастырылады. Олар екі күн бойы ауданның тұмса табиғатын аралап, туристік әлеуетімен танысады.
– Жуырда Мемлекет басшысы кітап оқу мәдениетін дамыту туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – ұлт болашағы үшін аса маңызды бастама. Себебі саналы ұрпақ тәрбиелеудің негізі – кітапта. Әлемге танылған әдебиет алыптарын түлеткен қасиетті өңірде бұл үрдіс басқаларға үлгі болуға тиіс шығар.
– Президенттің бұл Жарлығы – ел ертеңі үшін қабылданған маңызды шешім. Қай қоғамда да, ең алдымен халықтың мәдени деңгейі жоғары болуы тиіс. Көзі ашық, көкірегі ояу ұлт қана алға басады. Осы бағытта ауданымызда ауқымды жұмыстар басталды. Бүгінде өңірден шыққан азаматтар бірігіп, «Балалықтан – даналыққа» атты тағылымды жобаны жүзеге асыруға кірісті. Жоба аясында айтулы тұлғалардың еңбектері ауыл кітапханаларына таратылуда. Сонымен қатар жоғары сынып оқушылары арасында кітап оқу байқауы тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Ең бастысы, жастардың кітапқа деген қызығушылығы жоғары. Оның нақты дәлелі – Қарасаз ауылында жас баладан бастап, еңкейген қартқа дейін Мұқағали өлеңдерін жатқа оқиды. Бұл – әдебиетке деген ерекше құрметтің белгісі. Сондай-ақ мектептерде Еркін Ібітанов, Баққожа Мұқай шығармаларынан бастап, көптеген рухани дүние кеңінен насихатталуда. Мәдениет үйлерінде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ауыл тұрғыны бос уақытын шығармашылық ортада өткізетіндей мүмкіндік болуы керек деп есептеймін. Осы мақсатта түрлі мәдени жобалар қолға алынды. Соның бірі – «Екі жұлдыз» байқауы. Бұл жоба халық тарапынан үлкен қолдау тапты. Әр ауылдан бес жұп қатысып, өнерлерін ортаға салды. Қорытынды концерт Нарынқолда жоғары деңгейде өтті. Биыл жыл басынан бері тағы бір жаңа жоба – «Сағындырған әндер» басталды. Бұл байқау 41 жастан асқан азаматтар арасында ретро әндерді насихаттауға бағытталған. Осындай шаралар елдің рухани танымын байытып, мәдениеттің дамуына тың серпін беретіні анық.
– Еліміздегі №1 застава Нарынқол өңірінде, Байынқолда екен. Шекарадағы бүкілхалықтық қырағылықты шыңдау мақсатында қандай патриоттық үгіт-насихаттарға ден қоясыздар? Ауданның болашағы туралы не айтасыз?
– Аспантау өңірінде шекараны қорғау тек шекарашылардың ғана міндеті емес. Бұл – осы қасиетті өлкеде өмір сүріп жатқан әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Мұндай түсінік біздің халықтың санасына жылдар бойы сіңген. Сондықтан тұрғындар күмәнді немесе көзге оғаш көрінген кез келген жағдайды бірден шекара қызметкерлеріне хабарлап отырады. Бұл бағыттағы түсіндіру және патриоттық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі.
Шекаралық аймақтарды дамыту мәселесі Мемлекет басшысының да тікелей назарында. Президент тарапынан шекара маңындағы елдімекендерді қолдау жөнінде нақты тапсырмалар берілген. Өйткені мұндай стратегиялық маңызды өңірлерде халықтың тұрақтап қалуы – ел қауіпсіздігінің кепілі. Сондықтан шекаралық аймақтарға арнайы мәртебе берілуі қажет деп есептеймін. Мәселен, мұнда еңбек еткен азаматтардың бір жылдық еңбек өтілі бір жарым жыл болып есептелсе, бұл үлкен қолдау болар еді. Сонымен қатар жалақыға 20-25 пайыз көлемінде қосымша үстемақы төлеу, осы өңірге қоныс аударатын азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету, жол шығындарын өтеу секілді әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылуы керек.
Егер осындай нақты қолдау тетіктері жанданса, шекаралық аймақтардың дамуы тез қарқын алады. Бұрын жеңілдіктер болған. Тек шекаралық аймақта тұрғаны үшін ғана емес, таулы өңірде өмір сүргені үшін арнайы төлемдер қарастырылатын. Қазіргі ондай қолдаулар тоқтап қалды. Бұл мәселені қайта қозғап, үнемі жоғары деңгейде көтеріп келеміз. Астанадан келген депутаттар аудан халқымен кездесіп, пікір алмасты. Сол жиында біз талап-тілегімізді ресми түрде жолдадық. Қазіргі уақытта ұсыныстарымыз тиісті мемлекеттік органдардың қарауында. Ел ертеңіне үмітпен қараймыз. Бастысы, ел аман, жұрт тыныш болсын! Таяу болашақта табыстарымыз бұдан да молайып, көздеген межеге қол жетеді деген үміттеміз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Болат Мәжит
Райымбек ауданы



