Перейти к содержимому
Главная страница » Қонаевта шомылу маусымы басталды: жаңа жағажайлар, 9D кинотеатр және күшейтілген қауіпсіздік

Қонаевта шомылу маусымы басталды: жаңа жағажайлар, 9D кинотеатр және күшейтілген қауіпсіздік

Қонаевта 1 маусымнан бастап шомылу маусымы ресми түрде ашылды. Биыл жағажайларда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, жаңа демалыс орындары іске қосылды.

Қала әкімі Асхат Бердіхановтың айтуынша, коммуналдық жағажайлар демалушыларды қабылдауға дайын. Әсіресе №5 жағажайда қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Мұнда 12 құтқару мұнарасы орнатылып, 26 құтқарушы жұмыс істеуде. Сонымен қатар жағажай аумағына 21 бейнебақылау камерасы қойылған. Оның ішінде жасанды интеллект жүйесімен жұмыс істейтін камералар да бар. Барлық құрылғылар жедел басқару орталығына қосылған.

Жағажай аумағында санитарлық тораптар мен тамақтану орындары жұмыс істейді. Күн сайын арнайы қызметкерлер жағалауды бірнеше рет қоқыстан тазартады. Ал жаяу жүргіншілер үшін кіру тегін.

Биыл №5 жағажайда жаңа 9D кинотеатры ашылды. Заманауи аттракцион форматындағы кинотеатрда көрермендер фильмді арнайы дыбыс, қозғалыс және өзге де эффектілер арқылы шынайы сезіне алады.

Сонымен қатар қалада жаңа ойын-сауық орындары көбейіп келеді. Қала әкімінің мәліметінше, «Жібек Жолы» ЖШС салып жатқан аттракциондар паркі 10 маусымға қарай келушілерге есігін ашады.

«Бұл парк бірнеше жылдан бері салынып жатыр. Қазір соңғы дайындық жұмыстары аяқталуда. Жақын күндері демалушыларды қабылдай бастайды», – деді Асхат Бердіханов.

Қалада биыл жаңа форматтағы демалыс орындары да ашылуда. Соның бірі – «VE RICCI» демалыс аймағы. Кешен отбасылық демалысқа арналған. Мұнда жайлы виллалар, бассейндер және тынығуға арналған арнайы аумақтар қарастырылған.

Әкімнің айтуынша, туристік бағытта 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде қонақ үйлер, демалыс орындары мен гольф-клуб құрылысы бар.

Қауіпсіздік мәселесі де басты назарда. Қалалық төтенше жағдайлар басқармасы жағажайларда кешкі сағат 20:00-ден кейін шомылуға тыйым салынатынын хабарлады. Күн сайын патрульдеу ұйымдастырылып, кешкі уақытта арнайы рейдтер жүргізіледі.

Қала тұрғындары мен туристер де шомылу маусымының ашылуын оң қабылдауда. Ашық суда жүзуден Қазақстан және әлем чемпионы Амина Шынәділ Қапшағай су қоймасы су спорты үшін қолайлы орындардың біріне айналып келе жатқанын айтты.

«Қапшағай су қоймасы – тек демалыс орны емес, су спорты дамып жатқан маңызды аймақ», – деді спортшы.

Айта кетейік, Қонаевта алдағы уақытта 5 шақырымнан астам жағажайды абаттандыру жоспарланған. Жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асады.