Бүгін Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған көрнекті жазушы, драматург, журналист, публицист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бек Тоғысбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай «Адал еңбек пен шынайы намыс» облыстық эссе байқауы өтті. Байқау жас оқырмандардың шығармашылық және сыни ойлау қабілеттерін дамыту, қазақ әдебиетіне деген қызығушылықтарын арттыру, қаламгердің шығармаларындағы адамгершілік құндылықтарды насихаттау мақсатында өткізіліп отыр.

Бек Тоғысбаев 1936 жылы 10 ақпанда Балқаш көлінің оңтүстік-батыс жағалауындағы Көккөл ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін үздік тәмамдап, еңбек жолын республикалық басылымдарда бастаған. Әр жылдары «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Мәдениет және тұрмыс», «Жалын» журналдарында және мемлекеттік мәдениет саласында жауапты қызметтер атқарған. Қазақ әдебиеті мен журналистикасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан қаламгердің «Жаңбырлы күз», «Үміт», «Алдыңғы толқын», «Асыл адам айнымас», «Боз жорға», «Намыс», «От пен күл», «Өмір – өзен», «Тарихтың ашылмаған беттері» секілді көптеген кітаптары жарық көрді. Оның шығармалары орыс және басқа да шетел тілдеріне аударылып, оқырман қауымның жоғары бағасына ие болды.
«Адал еңбек пен шынайы намыс» атты облыстық эссе байқауы жас ұрпақтың әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, Бек Тоғысбаев шығармаларындағы ұлттық құндылықтарды, адалдық пен намыс ұғымдарын терең түсінуге мүмкіндік берді. Оған облыс көлеміндегі кітапханалардың 13–15 жас аралығындағы оқырмандары қатысты. Байқаудың талап-шарттарына сәйкес әр ауданнан бір үміткер бақ сынады. Қатысушылар жазушының «Намыс» шығармасы негізінде эссе жазып, адал еңбек, адам намысы, бақталастық пен әділ бәсеке, еңбек арқылы жетістікке жету секілді маңызды тақырыптар төңірегінде өз ойларын ортаға салды.
Осындай тағылымды шаралардың жас буынның рухани дүниесін байыта түсетіні анық. Сондай-ақ қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларының мұрасын кеңінен насихатталауға септігін тигізетіні де сөзсіз.
Айдана БАҚЫТҚЫЗЫ
Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының кітапханашысы
