Перейти к содержимому
Главная страница » Түйткілдің түйіні тарқатылды

Түйткілдің түйіні тарқатылды

Өңірде жекеменшік ұйымның мил­лиардтаған қарызынан жарық пен судан ажыратылған бірқатар елдімекен мен саяжайда электр және ауызсу мәселесі толық шешілді. Облыс әкімдігі мен «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ арасында жүргізілген келіссөз нәтиже­сінде түйткілдің түйіні тарқатылды.

Электр қуатының өшірілуі салдарынан елдімекендерді ауызсумен қамтамасыз ететін су алу ұңғымалары мен сорғы стансаларының жұмысы тоқтап қалған болатын. Бұл тұрғындарға үлкен қолайсыздық туғызды. Абоненттердің жарықтан ажы­ратылуына – жекелеген электр жеткізуші компаниялардың «Алатау Жарық Компаниясы» алдындағы қордаланған қарызы себеп. Ең ірі берешек – 1,1 миллиард теңгеден астам қарызы бар Қарасай ауданындағы «BeyAzh Trans» ЖШС-на тиесілі.
Аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаев облыстық прокуратура, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ, Қарасай ауданы әкімдігі, салалық басқармалар мен коммуналдық кәсіпорындар өкілдерінің қатысуымен шұғыл кеңес өткізіп, қалыптасқан жағдайды тұрақтандыру және тұрғындарды электр және сумен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелерін қарастырды. Нәтижесінде өтелмеген қарызға қарамастан, электр энергиясын қайта беру туралы келісім жасалды. Қарасай ауданы аумағында электрмен жабдықтау 10 маусым күні толық қалпына келтірілді. Аудан әкімдігінің мәліметінше, мәселенің салдарын жоюмен ғана шектелмей, осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеу бағытында да нақты шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, «Асыл Арман», «Алтын ауыл» және «Өмірзақ» тұрғын үй кешендерінің электр желілері «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның сенімгерлік басқаруына берілді. Тұтынушылар үшін жеке дербес шоттар ашылып, электр энергиясы үшін төлемдерді делдалсыз, тікелей төлеу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар Қарасай ауданы әкімінің өкімімен сумен жабдықтау жүйелері «Таусамалы қызмет» МКК балансына берілді. «BeyAzh Trans» ЖШС-ның берешегі заңнамада белгіленген тәртіппен кәсіпорын мүлкін өндіріп алу және сату есебінен өтелетін болады.


Өз ТІЛШІМІЗ