Қазіргі уақытта Балқаш ауданында есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алуға бағыттаған кең ауқымды және ұзақ мерзімді «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Іс-шараның мақсаты есірткі трафигін шектеуге, соның ішінде заңсыз қарасора егістіктерін жоюға бағытталып отыр. Аталған шара барысында аудандық полиция бөлімі қызметкерлері есірткі егістіктерін, жылыжайларды, жабайы өскен қарасора егістіктерін анықтап, жоюға бағытталған кең ауқымды тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар, есірткі қылмысымен күресудің тағы бір бағыты – ол есірткі сататын сайттар мен Telegram каналдарды анықтап, «Кибербақылау» жүйесі арқылы олардың көзін жою. Көшелердегі есірткі граффити-жазуларын өшіру, кінәлілерді анықтап, жауапкершілікке тарту болып табылады.
Балқаш ауданы полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының қызметкерлері кәмелетке толмағандардың арасында қылмыстың алдын-алу, жолын кесу және заң бұзушылықты болдырмау мақсатында бірқатар ауқымды жұмыстар атқаруда. Мәселен, атап айтқанда білім беру мекемелерімен зорлық-зомбылық, қылмыстың алдын алу, буллинг, кибербуллинг тақырыптарында профилактикалық жұмыстар қолға алынып, мекеме қызметкерлерімен және жастармен кездесулер өткізілді. Шара аясында Балқаш ауданы бойынша орналасқан дүкендер мен сауда мекемелерін жасөспірімдерге алкоголь өнімдері, темекі, электронды темекі сату заңнамаларымен таныстыру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар елімізде жастар арасында есірткі өнімдерін тұтыну, өндіру, өткізу бойынша қылмыстардың артуына байланысты Балқаш аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторлары, криминалдық полиция қызметкерлері және аудан көлеміндегі әрбір ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, аудан аумағында орналасқан мектептер мен колледждерге ай сайын құқықбұзушылықтардың алдын алуға, жолын кесуге бағытталған профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Ақпараттық түсіндіру жұмыстары «Нашақорлық туралы не білеміз?», «Есірткіге «жоқ» деуге 10 себеп!», «Есірткі сатушының ілгегінен қалай құтылуға болады?», – деген тақырыптарда ақпараттық парақшалар таратылды.
Есірткі және нашақорлыққа қатысты құқықбұзушылықтар мен оларға деген жауапкершілік туралы бейнероликтер аудандағы барлық білім беру мекемелерінің білім алушыларына көрсетілді және ата-аналарға «Ата-ана білуі керек», «Балаңызды қалай сақтауға болады?» деген тақырыптарда жадынамалар таратылды.
Қазіргі таңда Балқаш аудандық полиция бөлімі берген мәліметтерге сәйкес өңір аумағында есірткі тұтынатын жастар анықталмаған және полиция бөлімінің есебінде кәмелеттік жасқа толмаған тұлға тіркелмеген.
Бірақ соған қарамастан әрбір аудандық полиция бөлімдері тарапынан тұрғындарға ақпараттық түсіндіру жұмыстары жиі жүргізілуі тиіс.
Себебі есірткісіз өмір – ол бақытты өмірді таңдау.
Алтынай СЕЙІТКЕН Балқаш ауданы
