2024 жылғы 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды. Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық – бұл жай ғана мәселе емес, ол үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген құқық бұзушылық. Отбасындағы кез келген агрессия, қорқыту, психологиялық қысым немесе денсаулыққа зиян келтіру заңды бұзады және ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жасау туралы заңнаманың негізгі принциптері: заңдылыққа, адамның және азаматтың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерінің кепілдігін сақтауға, адам мен азаматтың тәніне немесе психикасына азап әкелуге жол бермеуге, отбасын қолдау және сақтауға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсету кезінде құпиялылықты сақтауға, өмірде қиын жағдайға душар болған адамдармен жеке жұмыс жүргізуге негізделеді.
Ұйғыр ауданында дәл осы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, болдырмау, болған жағдайда тиісті жазаға тарту мақсатында жыл бойы түрлі акциядар мен профилактикалық іс-шаралар өтеді. Мәселен ақпан айында «Тұрмыс» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Оның мақсаты – отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында, сондай-ақ алкогольдік мас күйінде жасалатын қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу және оны болдырмау. Акция аясында аудандағы профилактикалық есепке қоюға жататын адамдарды анықтап, спирттік ішімдіктерді асыра пайдаланатын және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол беретін азаматтар есепке қойылып, халықпен түсіндіру және алдын алу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар «Тәуекел аймағындағы қауіптер: сталкингтің алдын алу, заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақтың кепілі» атты форумда кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, сталкингтің қауіптілігі және ерте профилактиканың маңыздылығы талқыланды. Бұл форумның жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға маңызы орасан зор болды. Себебі қазір кей жасөспірімдер мен жастар өз құқығын білмеуі салдарынан көптеген қауіптерге душар болып жатады. Жастар арасында тақырып аясында сауалдар да көп болды. Мұндай ашық пікірталастардың қажеттігін анық аңғардық.
Сондай-ақ «Қауіпсіз үй» атты жергілікті рейдтік жұмыстардың да тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға септігі көп тиді. Бұл рейдтер аясында да тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін анықтап, профилактикалық есепте тұрған тұлғалармен жеке жұмыстар жүргізілді.
Ал жуырда республика көлемінде «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты ауқымды акция өтті. Акцияның басты мақсаты – отбасы құндылықтарын нығайту және оны құрметтеу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, өзара сыйластық пен мейірімділікті орнату, қоғамда құқықтық сауаттылықты арттыру және әрбір азаматтың қауіпсіз өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыру.
Акция аясында Ұйғыр ауданы орталық мешітінің имамдары және аудандық кітапхана қызметкерлерінің қатысуымен «Отбасы және дәстүр» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, кездесу барысында қатысушылар отбасы тәрбиесі, өзара сыйластық, жауапкершілік пен татулық мәселелері төңірегінде пікір алмасып, зорлық-зомбылықтың қоғамға тигізер кері әсері жайында кеңінен талқылады. Бұл акция барысында тек рейдтік жұмыстармен, тақырып аясындағы арнайы жиындармен шектелмедік. Қиын жағдайға тап болған аудан тұрғындарына қайырымдылық көрсетуді де назардан тыс қалдырмадық. Атап айтқанда Шонжы ауылының тұрғыны Г. есімді азаматшаның отбасына қолдау көрсету мақсатында қайырымдылық көмек көрсетіліп, әлеуметтік-психологиялық бағытта түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оның шаңырағында болып, жағдайымен танысып, қандай қолдаулар қажеттігін анықтадық.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғам дерті. Онымен күресу тек полиция қызметкерлерінің ғана міндеті емес. Оның алдын алу, болдырмау – әр азаматтың міндеті. Құқық қорғау органдары жыл сайын осындай акциялар мен рейдтер нәтижесінде қаншама зардап шеккен, зорлық-зомбылыққа ұшыраған жанұяларды анықтап, олармен дамылсыз жұмыстар жүргіземіз. Ал біз білмейтін, тағдырдың маңдайыма жазуы деп қана шыдап жүрген жандар да қаншама? Ертең орны толмас олқылық болмай тұрғанда олар да өз құқықтарын қорғап, тиісті орындарға келсе дейміз.
Саёра Акрамова,
Ұйғыр ауданы полиция басқармасының инспекторы, полиция капитаны
