Балқаш ауданында қызметтік міндетін адал атқарып, ел тыныштығын қорғау жолында аянбай еңбек еткен Балқаш аудандық полиция бөлімінің аға тергеушісі, полиция капитаны болған Данияр Ғалымұлының туғанына 30 жыл толуына орай еске алуға арналған шағын футболдан аудандық турнир өтті.
Аяулы азаматтың жарқын бейнесін ұлықтауға арналған тағылымды шараға аудан тұрғындары, әріптестері, туған-туыстары мен спортсүйер қауым жиналды. Өмірден ерте өтсе де, артында өшпес із қалдырған Данияр Ғалымұлының азаматтық болмысы мен ел игілігі жолындағы еңбегі әріптестерінің жүрегінен мәңгілік орын алған.
Данияр Ғалымұлы 1996 жылы Бақанас ауылында дүниеге келген. 2003 жылы Бақанас орта мектебінің табалдырығын аттап, білім шаңырағын 2014 жылы тәмамдайды. Сол жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының тергеу бөліміне оқуға түседі. Еңбек жолын 2018 жылы Кербұлақ аудандық ішкі істер бөлімінде бастап, сол жылы Балқаш аудандық полиция бөліміне анықтаушы қызметіне ауысады. 2020 жылдан тергеу бөлімшесінде жұмыс істеген. 2023 жылы аға тергеуші қызметіне тағайындалған. Міндетін мінсіз атқарғаны үшін полиция капитаны шенін алған. Алматы облыстық полиция департаментінің Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен марапатталған. Өкінішке қарай, тағдырдың жазуымен 2024 жылы небәрі 28 жасында өмірден озды.
Турнирдің басты мақсаты – марқұмның есімін ұлықтауға, жас ұрпақты отансүйгіштікке, елге қызмет етуге, салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу. Спорттық шараға аудандағы ауылдық округтерден және Алатау, Қонаев қалаларынан келген 19 команда қатысып, өзара тартысты ойын өрнегін көрсетті.
Турнирдың ашылуында сөз алған Балқаш аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Нұрбол Қамаубаев Данияр Ғалымұлының қызмет жолындағы еңбегіне тоқталып, марқұмның анасы Қалампыр Мейрамбекқызы мен әкесі Ғалым Сәдуақасовтарға құрмет көрсетті. Жиналған қауым капитанды бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті.
Тартысты өткен турнир қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен үш команда жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтсақ, жүлделі I орынды «Бақанас» командасы жеңіп алса, II орын «Миялы» командасына бұйырды, III орынды Алатау қаласынан келген «Алатау» командасы қанжығасына байлады.
Айта кетейік, аталған турнирге полиция бөлімі қызметкерлері, марқұмның нағашылары және сыныптастары демеушілік көрсетсе, ал жоғары деңгейде өтуіне Балқаш аудандық дене шынықтыру және спортты дамыту орталығы қолдау көрсетті.
«Уақыт – бәріне емші» десек те, арда азаматқа деген сағыныш сезімі ешқашан өшпейді. Ол оны танитын жандардың, әсіресе тай-құлындай тебіскен достарының, жарық дүниеге әкелген ата-анасының, жақындарының жүрегінде мәңгі сақталады. Данияр Ғалымұлының ауданға сіңірген еңбегі, жарқын бейнесі ұмытылмақ емес.
Алтынай СЕЙІТКЕН
Балқаш ауданы
