Мемлект басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған кезекті Жолдауы елді өркендетудің нақты іс-әрекеттерін тағы бір анықтап берді. Әділетті Қазақстан құрудың заңдық негіздерге сәйкес жүзеге асатын технологияларына тоқталды. Ол ешқандай қиял емес, ол әр азаматтың қолынан келетін шаруа және оны ойдағыдай етіп орындауға барша жұрт мүдделі. Өйткені, жеке жауапкершіліктен мемлекеттік жауапкершілік құралады. Соның арқасында жүзеге асқан ізгілікті нәтижелердің қызығын көретін кім? Әрине өзіміз, отбасымыз, әулетіміз. Халқымызға қажет игіліктерді ешкім сырттан келіп жасап бермейтіні Жолдауда жүрекке сіңетіндей етіп анық айтылды.
Мәселен, бір ғана суға қатысты әлемдік күн тәртібінде тұрған мәселеге қандай жауаптар табамыз? Бұл адамзат үшін де, қазақ халқы үшін де жеңіл сұрақтар емес. Осы саланы қаузайтын министрліктің құрылатыны көпшіліктің ойын дөп басты. Жолдауда осы тектес бірқатар жаңалықтар бәрімізді серпілтті.
“Біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс” – деді Мемлекет басшысы.
Біле-білсек, осы сөйлемдердің аясына бәрі сыйып тұр. Өтіріктің түптамырына балта шабылуы тиіс. Ақиқат бар жерде әділет нығаяды. Оған белсене қатысудың басты жолы – пейілді түзету. Бабалар үні Жолдау жолдарынан естілгені мені де толғандырды. Бір сөзбен айтқанда, нақтылыққа назар аударылды.
Зарыққан Есілбаев,
Ардагер журналист, Балқаш ауданының Құрметті азаматы