Перейти к содержимому
Главная страница » Таза болса табиғат…

Таза болса табиғат…

«Таза Қазақстан» эко­логиялық бағдар­ла­масы аясында қолға алын­ған тазалық жұ­мыс­тарына Балқаш аудандық кітап­ханасының ұжымы да өз үлесін қосып келеді.

Осы бағыттағы тағылымды іс-шаралардың бірі – кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған «Таза Қазақстан – экологиялық мәдениет» атты танымдық викторина. Шараның мақсаты – тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттырып, табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
Қатысушылар экология, тұрмыстық қалдық­тарды тиімді басқару, қоршаған ортаны қорғау және «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша қойылған сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін ор­таға салды. Игі шара барысында қоғам белсендісі Зәуреш Демеуқұлова экологиялық мәдениет­тің қоғамдағы маңызына тоқталды.
– Экологиялық мәдениет – әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс құндылық. Осындай танымдық және тағылымы мол шаралар арқылы біз өркениетті қоғам қалыптастырамыз, – деді ол.
Бұдан бөлек Балқаш ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аптасына екі рет өтетін сенбілікке де кітапхана қызметкерлері атсалысып келеді. Айналаны көгалдандыру жұмыстарында да бел­сенділік танытып жүр. Мәселен, олар Бақанас ауылын­дағы С. Сейфуллин көшесінде 40 түп ағаш көшетін отыр­ғызды. «Сүндетбай болыс» саябағында гүл егу жұмыс­тарына да ортақтасты. Сондай-ақ аудандық кітап­хана қызметкерлері Д.Қонаев, Ж.Жабаев көшесі мен Самал ықшамауданындағы бірнеше көшеде сани­тарлық жұмыстар жүргізіп, арықтарды қоқыстан тазартты.
– «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы – туып-өскен өлкеге деген сүйіспеншіліктің, сол өңірдің табиғатын аялаудың жарқын көрінісі. Мұндай игі бастама халықты ортақ мақсат пен жауапкершілікке жұмылдырып, туған жердің көркеюіне үлес қосуға үндейді. Таза ауыл, таза көше, таза табиғат – бәріміз­дің ортақ міндетіміз. Сондықтан әрбір азамат қорша­ған ортаға жанашырлық танытуы тиіс, – деді аудандық кітапхана директоры Ақбота Қажымұқанқызы.
Осылайша, балқаштықтар да қоршаған ортаны таза ұстау арқылы өңірдің гүлденуіне өз үлестерін қосуда. Кітапхана – тек кітап пен кітапханашының ғана емес, тазалыққа, ұқыптылыққа және мәдени орта қалыптастыруға үндейтін рухани мекен.

Алтынай СЕЙІТКЕН

Балқаш ауданы