Перейти к содержимому
Главная страница » Өзен бойы тазартылды

Өзен бойы тазартылды

Есік қаласында «Таза қала — таза өзен» атты тазалық акциясы өтті. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өткен сенбілікті Еңбекшіқазақ аудандық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырып, аудан жастары атсалысты.

Жастар қаланың орталығын кесіп өтіп жатқан Есік өзенінің жағалауын, көпірлердің айналасын күл-қоқыстан тазартты. Сондай-ақ қураған бұталар мен қурайларды отап, өзен бойындағы аумақты ретке келтірді. Акция барысында бірнеше қап тұрмыстық қалдық жиналып, арнайы орындарға шығарылды.

«Өкінішке қарай, өзен бойында қоқыс, әсіресе, пластик және шыны бөтелкелер мен целлофандар өте көп. Сондай-ақ тұрмыстық қалдықтар да кей жерлерде қап-қабымен үйіліп жатыр. Қаламыздың көркін кіргізіп, сарқырап ағып жатқан осынау Есік өзенінің бойына қоқыс төгу – өте ұят жағдай. Қала тұрғындарын тазалық сақтауға, әрі үнемі сенбілік ұйымдастырып тұруға шақырамын» – дейді Еңбекшіқазақ аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Айжан Әбіт.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралардың басты мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау ғана емес, жастардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, туған жерге деген жанашырлық пен жауапкершілік сезімін арттыру.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында аудан көлемінде түрлі экологиялық іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Табиғатты аялау – әр азаматтың міндеті. Сондықтан жастардың мұндай бастамаларға белсенді қатысуы қуантады. Тазалық жұмыстары қоршаған ортаны көркейтіп қана қоймай, қоғамда экологиялық жауапкершілікті нығайтуға ықпал етеді.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ