Перейти к содержимому
Главная страница » Қарттарға қамқорлық

Қарттарға қамқорлық

Бүгінде елімізде зейнет жасындағы адамдардың өмір сапасын жақсартуға, олардың денсаулығын нығайтуға және белсенді өмір сүруіне жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта облыстық «Белсенді ұзақ өмір орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Кеген ауданы бойынша филиалы да жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Орталықта бүгінгі таңда егде жастағы азамат­тарға арналған скандинавиялық жаяу жүріс, йога, цигун, тоғызқұмалақ, вокал, еңбек терапиясы, емдік дене шынықтыру, жадты нығайту және ІТ сауаттылығы бойынша сабақтар тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Жуырда филиалдың құрылғанына бір жыл толуына орай мерекелік шара өтті. Салтанатты жиын­ға Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Айжан Нұрмұханбетқызы, облыстық «Белсенді ұзақ өмір орталығы» КММ директоры Жәния Көпжүрсінқызы, облыстық аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Сағатқызы, Кеген аудандық аналар кеңесінің төрағасы, орталықтың кеңесшісі Бақытгүл Көнеева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Тұрсынов және аудан тұрғындары қатысты.
Аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы қарт­тар­ға қамқорлық көрсету мен олардың белсенді өмір сүруіне жағдай жасау – мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтіп, орталық жұмысына белсене араласып жүрген мамандарға Алғыс хат табыс етті. «Белсенді ұзақ өмір орталығы» КММ директоры Жәния Көпжүрсін­қызы және келген қонақтар да ізгі тілектерін айтты.
Шара аясында өнерпаз қарттар дайында­ған концерттік бағдарлама ұсынылып, жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бір жылдың ішінде орталық зейнеткерлердің екінші үйіне айналып, олардың өміріне жаңа мүмкіндіктер сыйлады. Бүгінде мұнда келушілер саны артып, орталықтың қоғамдағы маңызы айқындала түсуде.
Қариясын қадірлеген қоғам ешқашан ұтылмайды. Себебі аға буынның өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі – жас ұрпаққа үлгі мен өнеге.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы