Перейти к содержимому
Главная страница » Журналистер одағының мүшесі атанды

Журналистер одағының мүшесі атанды

БАҚ өкілдерінің мерекесінде бірнеше әріптесіміз Қазақстан журналистер одағының мүшесі атанды. Одан бөлек, ақпарат саласының дамуына аянбай ат салысып жүрген жандарға құрмет көрсетілді. Жиынға «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ерлан Жұрынбаев, «Алатау арайы» газетінің бас редакторы, Қазақстан журналистер одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуаныш Тұнғатар, «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Забира Сайділдина мен ұжым мүшелері қатысты.

Жиын барысында журналист халық пен билік арасындағы алтын көпір екендігі, еліміздегі қозғаушы күш әрі «төртінші билікке» айналып келе жатқандығы айтылды. «Ақпарат басты ресурсқа айналған заманда біздің осындай басқосуларымыздың маңызы ерекше. Бүгінде Қазақстан кеңістік пен уақыт тоғысындағы ерекше кезеңді бастан өткеруде. Мемлекет, қоғам және медиа азаматтардың сұранысына сай, елдің алдағы дамуының заманауи бағыт-бағдарын айқындап келеді. Әрине, өңірлік журналистиканың өзіндік ерекшеліктері бар. Қазір соны жете түсініп, кейбір жаңа жобаларды қолға ала бастадық. Бұл қадам біздің медиа ресурстарымызға тыңнан серпін береріне сенеміз» — деген Ерлан Сыдықұлы өзі бас болып отырған ұжымға шығармашылық табыс тіледі. Өз кезегінде Ерлан Сыдықұлы «Огни Алатау» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Александр Попов пен «Алатау арайы» газетінің тілшісі Ерзат Асылға облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаевтың Құрмет грамотасын, ал өңірлік коммуникациялар қызметінің маманы Айгерім Орынбекқызы мен Alataunews.kz сайтының тілшісі Еркежан Мырзабекқызына Алғыс хат табыстады.

Келесі кезекте сөз алған «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Забира Сайділдина әріптестерін кәсіби мерекесімен құттықтап, жүрекжарды ақ тілегін ақтарды. «Журналист болу – үлкен жауапкершілік. Себебі газетке жазылған сөз, эфирден айтылған ой – оқырманға әсер етеді. Ал қателессе, қоғамды адастырады. Сондықтан бұл салада тек адал, шыншыл, әділетті адамдар ғана шыңға шыға алады. Әлемнің кез келген нүктесіндегі жаңалықты бірнеше секундта жеткізетін заманда, жалған ақпараттың да жылдам тарайтыны жасырын емес. Осындай кезеңде кәсіби журналистердің рөлі тіпті арта түсті. Олар шынайы дерекке сүйеніп, тексерілген ақпарат тарату арқылы тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді» – деді Забира Дайранқызы.

«Алатау арайы» газетінің бас редакторы, Қазақстан журналистер одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуаныш Тұнғатар қазіргі заманғы ақпараттық кеңістік үнемі өзгеріп отырағанымен, кәсіби журналистикаға деген қоғамның құрметі ешқашан аласармайтынын жеткізді. «Бүгінде әрбір азамат ақпарат таратушыға айналды. Бұл жағдай журналистиканың миссиясына – тек ақпарат беру емес, оны тексеру, сараптау және түсіндіру міндетіне үлкен жауапкершілік жүктейді. Сонымен бірге, жасанды интеллект пен автоматтандырылған жүйелердің журналистикаға енуі де саладағы үлкен өзгерістердің біріне айналды. Бұл адам еңбегін жеңілдеткенімен, журналистік шығармашылық пен этикалық өлшемдерге қатысты сұрақтарды туындатып отыр. Аталған өзгерістер журналистика алдында жаңа мүмкіндіктермен қатар, үлкен жауапкершіліктер мен сын-қатерлер туындатып отыр. Сондықтан бүгінгі журналист үшін басты міндет – ақпарат ағынында адаспай, шынайы әрі сенімді дерек көзі болу. Өңірлік басылым осы тұрғыдан өз мүмкіндігін көрсетіп келеді» – деді Қуаныш Абайбекұлы.

Салтанатты шарада баспасөз саласында 40 жылдан астам тер төккен Жұмабек Тұрдиевке «Қазақстанның құрметті журналисі» атағы берілді. Сондай-ақ газет беттерінде қалам тербеп жүрген Аманжол Қайырбай, Естай Әбілезов, Ғалымұрат Жүкелге, Alataunews.kz сайтының тілшісі Мөлдір Иманмәди, «Алатау арайы» газетінің тілшілері Ерзат Асыл мен Құралай Мұратқызы Қазақстан Журналистер одағына мүшелікке қабылданды. Шара соңында мүшелікке өткен жандардың кәсіби шеберлігі әрдайым жоғары болуы керектігі жөнінде ізгі тілектер айтылды.

Ермұрат Мұқырбай