Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы – еліміздің рухани және зияткерлік дамуына бағытталған маңызды құжат. Қазіргі ақпараттық қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, халықтың білім деңгейін арттыру және жастардың рухани дүниесін байыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналып отыр.
Кітапхана – білім мен мәдениеттің, ұлттық құндылықтар мен қоғамдық ойдың орталығы. Сондықтан Президент Жарлығы кітапхана саласының дамуына жаңа серпін беріп, өңірлердегі мәдени-инфрақұрылымдық жұмыстарды жандандыруға мүмкіндік туғызуда. Алматы облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінде облыстық орталық әмбебап кітапханасы желісіне 145 кітапхана кіреді. Жалпы кітап қорында 2 миллион 800 мыңнан астам кітап бар. Әсіресе соңғы жылдары балалар әдебиеті, ғылыми-көпшілік басылымдар, қазақ және әлем әдебиетінің заманауи үлгілері, сондай-ақ аударма әдебиеттерге сұраныс айтарлықтай артты. Сондықтан кітап қорын сапалы әрі жүйелі толықтыру маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.
Облыста кітапханаларды жаңғырту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қазіргі уақытта төрт аудандағы кітапханалар модернизациядан өтіп, заманауи талаптарға сай жабдықталды. Жаңартылған кітапханаларда коворкинг орталығы, балаларға арналған шығармашылық алаңдар, оқырман клубтары мен цифрлық қызмет көрсету бұрыштары орналасқан. Сонымен қатар тағы екі кітапханада күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Қазіргі таңда кітапхана қызметін цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде. Оқырмандардың электронды ресурстарға деген сұранысы жылдан-жылға артып келеді. Осыған байланысты Алматы облысында Қазақстанның Ұлттық электронды кітапханасы қорын кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде аудандық мемлекеттік мекемелерде арнайы 200-ден астам QR код орналастырылып, азаматтардың электронды кітаптарға жылдам қол жеткізуіне мүмкіндік жасалды.
Электронды кітапхана жүйесін дамыту шалғай ауыл тұрғындары үшін де маңызды. Өйткені кез келген азамат смартфон немесе компьютер арқылы қажетті әдебиеттерді оқып, ғылыми еңбектермен таныса алады. Бұл білімге қолжетімділікті арттырып қана қоймай, цифрлық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.
Зерделі ұлт қалыптастыру кітапханадан басталады. Сондықтан кітапханаға салынған әрбір инвестиция – елдің болашағына, білімді ұрпақтың қалыптасуына және ұлттық руханияттың дамуына салынған инвестиция. Кітап оқитын қоғам ғана бәсекеге қабілетті, ойлы әрі дамыған мемлекет құра алады.
Ғалия Тоқабаева,
Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының директоры
