Қонаев қаласы тағы да үлкен спорттың орталығына айналды. Қалалық орталық жағажайдағы воркаут алаңында ерлер командалары арасында 3×3 баскетболдан Қазақстан Республикасы чемпионатының II туры басталды. Бұл – Олимпиада бағдарламасына енген ең тартымды әрі қарқынды спорт түрлерінің бірі.
Жарысқа еліміздің 5 өңірінен келген 9 команда қатысуда. Атап айтқанда: Samal (Астана қаласы), BQO-ARLANS (Батыс Қазақстан облысы), RV Oil, Drive Team, PIT (Алматы қаласы), Барсы Атырау, Western Wolves (Атырау қаласы), сондай-ақ Алматы облысының намысын қорғайтын екі команда – «Алатау U-18» және «Алатау U-23».
Екі күнге созылатын жарыс барысында көрермендерді тартысты әрі шиеленісті кездесулер күтеді. Бұл спорт түрінде ұзақ комбинациялар мен тактикалық үзілістерге уақыт жоқ. 3×3 баскетбол – жылдамдық, соңғы секундқа дейінгі күрес және найзағайдай қабылданатын шешімдердің ойыны. Бір ғана дәл соққы бүкіл матчтың тағдырын өзгертуі мүмкін.
3×3 баскетболының танымалдығы бүгінде әлем бойынша қарқынды өсіп келеді. Бұл дисциплина Токио Олимпиадасында дебют жасағаннан бері жоғары қарқыны мен көрерменге тартымдылығының арқасында жанкүйерлердің ерекше қызығушылығына ие болды. Ойын стандартты баскетбол алаңының жартысында өткізіледі, әр команда үш ойыншыдан және бір қосалқы ойыншыдан тұрады. 21 ұпайға бірінші болып жеткен немесе 10 минуттық ойын уақыты аяқталған кезде алда тұрған команда жеңімпаз атанады. Осындай формат әр матчты барынша қызықты әрі күтпеген нәтижелерге толы етеді.
«3×3 баскетболдан Қазақстан Республикасының чемпионаты – осы олимпиадалық дисциплина бойынша еліміздегі басты ұлттық жарыс. Маусым бірнеше турдан тұрады және олар Қазақстанның әртүрлі қалаларында өтеді. Биылғы алғашқы тур мамыр айында Алматы қаласында ұйымдастырылды. Оның жеңімпазы – «Барсы Атырау» командасы. Жүлдегерлер қатарында сондай-ақ Western Wolves (Атырау қаласы) және PIT (Алматы қаласы) бар. Әр турда командалар рейтингтік ұпай жинайды, кейін олар жалпы есепте қорытындыланады. Маусым соңында Қазақстанның ең мықты командалары анықталып, FIBA аясындағы халықаралық жарыстарға қатысатын ұлттық құрамаға үміткерлер іріктеледі», – деді Қазақстан республикасы Ұлттық баскетбол федерациясының өкілі Тимур Талқанбаев.
Чемпионаттың II турының Қонаев қаласында өтуі қаланың ірі республикалық спорттық жарыстарды қабылдайтын маңызды алаңдардың біріне айналғанын тағы бір мәрте дәлелдейді. Мұндай турнирлер үздік командаларды анықтап қана қоймай, бұқаралық спортты дамытуға, жастарды дене шынықтырумен айналысуға ынталандыруға және қазақстандық баскетболдағы жаңа есімдердің қалыптасуына ықпал етеді.
«Өткен жылы негізінен кәсіби ойыншылардан құралған Алматы облысының «Ирбис-Алатау» баскетбол клубы 3×3 баскетболдан Қазақстан республикасы чемпионатының төртінші турының қорытындысы бойынша күміс жүлдеге ие болды. Биыл облыс намысын бірден екі команда – «Алатау U-18» және «Алатау U-23» қорғап жатыр. Екі ұжым үшін де бұл – ұлттық чемпионаттағы алғашқы тәжірибе. Командалардың негізін жастар құрамасының ойыншылары құрайды. Сондықтан олар үшін ең бастысы – елдің ең мықты қарсыластарымен кездесіп, баға жетпес тәжірибе жинақтау. Чемпионатқа тәжірибелі әрі ұйымшыл командалар қатысып отыр. Сондықтан әрбір матч жас спортшыларымыз үшін үлкен сынақ болмақ. Басты мақсатымыз – мінез танытып, тәртіпті әрі ұйымшыл ойын көрсету. Бұл чемпионат біздің жас баскетболшыларымыздың қалыптасуындағы маңызды кезеңдердің біріне айналады деп сенемін», – деп атап өтті Алматы облысының 3×3 баскетболдан аға жаттықтырушысы Нұрлан Жәнібек.
Республикалық чемпионаттың қорытындысы екі күннен кейін шығарылады.
