Перейти к содержимому
Главная страница » ЕСІРТКІГЕ ЖОЛ ЖОҚ! БОЛАШАҒЫҢДЫ БҮГІН ҚОРҒА

ЕСІРТКІГЕ ЖОЛ ЖОҚ! БОЛАШАҒЫҢДЫ БҮГІН ҚОРҒА

Есірткіге тәуелділік – адам денсаулығына ғана емес, қоғамның қауіпсіздігі мен ұлттың болашағына қауіп төндіретін күрделі әлеуметтік мәселе. Есірткі адамның өмірін, денсаулығын, отбасын және болашағын құртып қана қоймай, қылмыстың көбеюіне, жастардың өмірлік мүмкіндіктерінің шектелуіне алып келеді.

Алатау қаласында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткінің заңсыз айналымының алдын алу және нашақорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы іс-шараларға құқық қорғау органдары, білім беру мекемелері, денсаулық сақтау ұйымдары, жастар ұйымдары мен еріктілер белсенді қатысады.

Қалада тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру кездесулері, дәрістер, семинарлар, спорттық және мәдени іс-шаралар өткізіліп, жастарға есірткінің зияны, құқықтық жауапкершілік және салауатты өмір салтының маңызы кеңінен түсіндіріледі. Сонымен қатар әлеуметтік желілер арқылы профилактикалық ақпараттар жарияланып, тұрғындардың құқықтық және ақпараттық сауаттылығын арттыру жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінде есірткі саудасы интернет пен әлеуметтік желілер арқылы да жүзеге асырылуда. Алаяқтар жастарға «оңай табыс» ұсынып, заңсыз жұмысқа тартуға тырысады. Мұндай ұсыныстардың барлығы заңмен қатаң жазаланатынын есте сақтау қажет. Есірткіні сақтау, тасымалдау, жарнамалау немесе тарату – ауыр қылмыс болып табылады және заң алдында жауапкершілікке әкеледі.

Әрбір ата-ана баласының кіммен араласатынына, бос уақытын қалай өткізетініне назар аударып, ашық қарым-қатынас орнатуы маңызды. Ал жастар өз денсаулығы мен болашағына жауапкершілікпен қарап, зиянды әдеттерден аулақ болуы тиіс.

Алатау қаласында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында есірткі қылмыстарының алдын алу, жастарды қорғау және қауіпсіз қоғамдық ортаны қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Есірткі – ешқашан мәселенің шешімі емес. Нағыз күш – дұрыс таңдау жасап, білімге, еңбекке және спортқа ұмтылуда.

Салауатты өмір салтын таңдаңыз! Болашағыңызды қорғаңыз! Есірткіге – қатаң түрде жол жоқ!