Жол қозғалысы қауіпсіздігі – адам өмірі мен денсаулығын сақтаудың маңызды кепілі. Жол қозғалысы ережелерін сақтау арқылы жол-көлік оқиғаларының алдын алып, өзіміздің және өзгелердің өмірін қорғай аламыз. Сондықтан қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Алатау қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында кешенді жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Қала аумағында жол инфрақұрылымын жақсарту, жол белгілерін жаңарту, жаяу жүргіншілер өткелдерін талапқа сай жабдықтау, көшелерді жарықтандыру және жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Қазіргі таңда жолдағы қауіпсіздік әр адамның тәртібі мен жауапкершілігіне байланысты. Жүргізушілер белгіленген жылдамдықты сақтап, қауіпсіз арақашықтықты ұстанып, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон қолданбауы тиіс. Сонымен қатар қауіпсіздік белдігін тағу, балаларды арнайы автокреслода тасымалдау және мас күйінде көлік басқармау – жолдағы қауіпсіздіктің негізгі талаптары.
Жаяу жүргіншілер де жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауы қажет. Жолды тек белгіленген жаяу жүргіншілер өткелі арқылы кесіп өту, бағдаршамның рұқсат беру белгісін күту және қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтері бар киімдерді пайдалану – қайғылы жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.
Соңғы жылдары электр самокаттары мен мопедтердің көбеюіне байланысты олардың жүргізушілеріне қойылатын талаптарды сақтау да аса маңызды. Жол қозғалысына қатысатын барлық азаматтар ортақ қауіпсіздік үшін жауапты екенін ұмытпауы керек.
Алатау қаласында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар, ақпараттық акциялар, мектептердегі кездесулер және тұрғындармен түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде өткізілуде. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – жол-көлік оқиғаларының санын азайту және қауіпсіз жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыру.
Жолдағы тәртіп – адамның мәдениетінің көрінісі. Әрбір жүргізуші мен жаяу жүргінші жол қозғалысы ережелерін бұлжытпай орындағанда ғана қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптасады.
Жол ережесін сақтау – өз өміріңізді және өзгелердің өмірін қорғаудың ең сенімді жолы! Қауіпсіз жол – қауіпсіз Алатау!


