Қапшағай су қоймасында ашық суда жүзуден өткен «Oceanman Qazaqstan – 2026» халықаралық жарысы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды. Бұл – Орта Азиядағы ең ірі сайыстардың бірі. Биыл 20 елден келген 3 мыңнан астам спортшы өзара сынға түсті. Сонымен қатар 10 мыңнан астам жанкүйер қатысушыларға қолдау көрсетті.
Қазақстанда бұл жарыс бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Қатысушылар 500 метр мен 10 шақырым аралығындағы 5 санат бойынша бақ сынады. Олар – Oceanman (10 км), Half Oceanman (5 км), Sprint (2 км), Oceankids (500 м) және Inspiration. Ең бастысы, додаға кәсіби спортшылармен қатар әуесқой жүзушілер, балалар, ардагерлер және ерекше қажеттіліктері бар азаматтар да қатысты. Халықаралық фестивальге облыс әкімдігі, «Самұрық-Қазына» АҚ және «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» корпоративтік қоры қолдау көрсетті.
Сайыстың салтанатты ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жобаның бұқаралық спортты дамытудағы және өңірдің туристік әлеуетін арттырудағы маңызын ерекше атап өтті.
– «Oceanman Qazaqstan» байқауы – Алматы облысының ғана емес, еліміздің спорттық күнтізбесіндегі беделді мемлекетаралық жарыстардың бірі. Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен келетін жүзушілердің басын қосатын дәстүрлі спорт мерекесіне айналған. Қатысушылар санының жыл сайын артуы жарыстың өзге де мемлекеттер арасында танымалдығы артып келе жатқанын және елімізде ашық суда жүзу спортына деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Жыл сайын Қапшағай су қоймасында ұйымдастырылатын бұл сайыс облыстың спорттық және туристік әлеуетін арттыруға, өңірдің атын әлемге әйгілеп, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға зор үлес қосып келеді, – деді Марат Елеусізұлы.
Екі күнге жалғасқан жарыстың алғашқы күні ерлер мен әйелдер арасындағы ең ұзақ қашықтық бойынша үздіктер анықталды. Оған 1300-ден астам спортшы қатысты. Ерлер арасында 10 шақырымды бірінші болып Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшыларының бірі Лев Черепанов бағындырды. Қазақстан чемпионы, Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері атанған ол қарсыластарының арасынан топ жарып, шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
– Ашық суда жүзуден өткен әрбір жарыстың өзіндік ерекшелігі бар. Ал бұл додада кіл мықтылар бас қосқан. Сондықтан осы жолғы жеңістің орны ерекше. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жанкүйерлерге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын. «Oceanman Qazaqstan» фестивалінің жеңімпазы атанғаныма өте қуаныштымын, – деді Лев Черепанов.
Әйелдер арасындағы Oceanman санатында қазақстандық Ирина Небесная абсолютті чемпион атанды. Ал Half Oceanman қашықтығында мәреге бірінші болып қазақстандық Тимофей Лебедев пен Анна Резванцева жетті.
Жарыстың екінші күні 16 жастан асқан 800-ден астам қатысушы SPRINT қашықтығы бойынша жарысты. Солардың бірі жерлесіміз – Әмина Шынәділ.
– Екі жыл бойы жүзумен айналысамын. Қонаев қаласында «Айдария» клубында дайындалдым. «Oceanman Qazaqstan» сайысында намысты қолдан бермеу үшін жарты жыл бойы үздіксіз жаттығу жасадық. Соңғы бір айда «Қапшағай» су қоймасына келіп, дайындықты тіптен үдеттік. Бүгін соның нәтижесін көріп, жеңімпаз атандым, – дейді жарыс жүлдегері.
Одан бөлек жүздеген жас спортшы үшін Oceankids және Inspiration балалар жарысы ұйымдастырылды. Аталған санаттардың қорытындысы бойынша жүлделі орындар түгелдей Қазақстан спортшыларына бұйырды. Балалар бәсекесінде бақ сынағандардың бірі – Астанадан келген Фархад Жұманах.
– Сайыс алдында қатты қобалжыдым. Бірақ ата-анам мен көрерменнің қолдауын естігенде өзімді әлдеқайда сенімді сезіндім. Осындай ауқымды шараға қатысқаным – мен үшін үлкен жетістік. Болашақта жаттығуды күшейтіп, келесі жылы тағы да ерекше әсер мен жаңа жеңістерге қол жеткізгім келеді, – деді ол.
Биылғы фестивальдің басты артықшылығы – екі бірдей ірі әлеуметтік жобаның жүзеге асырылуы. «Анашым, мен жүземін» бастамасының арқасында 130 ерекше бала халықаралық фестивальдің қатысушысы атанды. Олардың қауіпсіздігі арнайы жаттықтырушылар мен еріктілердің бақылауында болды. Ал екінші әлеуметтік бағдарлама ауылдық елдімекендерден және әлеуметтік осал топтардан шыққан балаларға қолдау көрсетуге бағытталған. Бұл жоба арқылы 90 бала алғаш рет халықаралық деңгейдегі жарысқа қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Фестивальдің ерекше атмосферасын ағылшын тіліндегі аты аңызға айналған жүргізуші Гордон Грэм толықтырды. Ол – әлемдегі Ironman сериясының ресми дауысы, халықаралық триатлон және ашық суда жүзу жарыстарының тұрақты жүргізушісі. Оның сайысты тізгіндеуі спортшыларға жігер мен сенім сыйлады.
Жарыста үздік шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Oceanman Worldwide Championship» финалдық кезеңіне жолдама алды. Алдағы уақытта олардың кәсібилігі мен шыдамдылығы тағы бір мәрте сынға түсетін болады.
Гүлзат АЗАТҚЫЗЫ
Қонаев қаласы


