Перейти к содержимому
Главная страница » Райымбек ауданына – 90 жыл: Жас журналистер форумы өтті

Райымбек ауданына – 90 жыл: Жас журналистер форумы өтті

Нарынқол ауылындағы Баққожа Мұқай атындағы Мәдениет үйінде Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойына орай, «Райымбек аудандық кітапханасына және «Хантәңірі» газетіне 90 жыл» атты жас журналистер форумы өтті.
Сахна шымылдығы «Советтік шекара» газеті, осы газетті басқарған Әлнұр Мейірбеков, кітапхана өмірі, Бердібек, Мұқағали, Еркін сынды қабырғалы қаламгерлерді сомдаған әртістердің қойылымымен ашылып, ақын өлеңдері оқылды.
Айтулы шараға қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ардагер журналистер, аудан тұрғындары қатысты. Форумды ақын Бақыт Жағыпарұлы ашып, жүргізіп отырды.
Алғашқы құттықтау сөз алған аудандық мәслихаттың төрағасы Самат Мүсірбаев шежірелі «Хантәңірі» газетінің беделді басылым екенін, оқырман мен кітап арасындағы байланыс туралы айтып, бірқатар азаматтарды «Аймаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.
Хантәңірі етегіндегі руханият саласында еңбек еткен кітапханашылардың еңбегі, парасат пайымы туралы «Кітап — адам» атты жаңа кітаптың тұсаукесері рәсімі өтті. Өз кезегінде сөз алған «Өлке тынысы» ЖШС директоры Ерлан Жұрынбаев «Советтік шекарадан» бастап, бүгінгі «Хантәңірі» газетінің шығармашылық мектеп екенін тілге тиек етіп, жас журналистерді ҚР Журналистер одағына мүшелікке қабылдап, куәлік пен төсбелгілерді табыс етті.
1936 жылдан «Советтік шекара» деген атаумен шыққан газетті басқарған Әлнұр Мейірбеков ақсақалды ешкім ұмыта қойған жоқ. «Әлнұр әлемі, Мейірбеков мейірі» деген тәмсіл қалыптасты. Осыған орай қарт журналист Әлнұр атамыздың үнтаспада сақталған дауысы көпшілікке ұсынылды.
Ардагер журналистер Батық Мәжитұлы «Нарынқолым – намысым» атты өлеңін тебірене оқыса, Рысбек Сәрсенбайұлы «Советтік шекараның» тарихына, сол кезде қызмет еткен әріптестері туралы сыр шертті.
Шара әлі де жалғасуда. Кешқұрым Нарынқол ауылының орталығында өнер жұлдыздарының қатысуымен үлкен гала концерт болмақ.
Ертең әйгілі Шәлкөде жайлауында «Хантәңірі қазынасы» атты фестивальмен шара қорытындыланбақ.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Райымбек ауданы