Перейти к содержимому
Главная страница » «Қауіпсіз демалыс» маңызды

«Қауіпсіз демалыс» маңызды

Еңбекшіқазақ ауданының прокуратурасы Bala Land балалар сауықтыру лагерінде «Қауіпсіз демалыс» тақырыбында профилактикалық іс-шара ұйымдастырды. Лагерьдегі демалушы балаларға қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, ақпарат берілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың жазғы демалыс уақытындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық сауатын арттыру және жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау.
Кездесу барысында прокуратура қызметкерлері балаларға жазғы демалыс кезеңінде жеке қауіпсіздік қағидаларын сақтау, су айдындарында, қоғамдық орындарда және жол қозғалысы кезінде қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін түсіндірді. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, заң талаптарын сақтау және құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Іс-шара аясында балалар үшін дзюдо, қазақ күресі және таэквондо сынды спорт түрлерінен әсерлі қойылымдар көрсетілді. Сондай-ақ салауатты өмір салтын дәріптеу, достық қарым-қатынасты нығайту және командалық рухты қалыптастыру мақсатында демалушы балалар арасында жолдастық футбол ойыны ұйымдастырылды. Белсенділік танытып, спорттық сайыстарға ерекше ынтамен қатысқан балаларға прокурорлар мақтау қағаздары мен естелік сыйлықтар табыстады.
Мұндай тағылымды кездесулер балалардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, құқықтық санасын арттыруға және жазғы демалысты мазмұнды әрі қауіпсіз өткізуіне оң әсер етері сөзсіз.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ