Еңбекшіқазақ ауданында «Жасыл мекен – жарқын келешек» атты жастардың экологиялық акциясы өтті. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық жобасы аясында ұйымдастырылған тазалық іс-шарасына жастармен қатар еріктілер де атсалысты.
Еліміздің ғана емес, бүкіл әлемнің түкпір-түкпірінен турист үзілмейтін Алматы облысының ең көрікті орындарының бірі – Есік көлі. Іле Алатауының баурайында, теңіз деңгейінен шамамен 1756 метр биіктікте жатқан бұл көл – Еңбекшіқазақ ауданының інжу-маржаны, әрі мақтанышы. Сондықтан табиғаттың осынау ғажап сыйын мөп-мөлдір күйінде сақтап, көздің қарашығындай қору – аудан тұрғындарының азаматтық парызы. Осы орайда көл маңында тазалық жұмыстары жиі қолға алынып, табиғат аясында демалушыларға қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті арттыру және табиғатқа жауапкершілік қарау мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да ұдайы жүргізіліп тұрады.
«Жасыл мекен – жарқын келешек» атты жастардың экологиялық акциясы да Іле Алатауы мемлекеттікұлттық табиғи паркінің аумағында, Есік көліне барар жолда бастау алды. 50 шақты жас, табиғи парктің қызметкерлері мен еріктілер жол бойын тұрмыстық қалдықтардан, қураған бұталар мен қурайлардан тазартты.
Бір өкініштісі, ішкі мәдениетінің төмендігімен табиғаттағы көз сүйсіндірер сұлулықты бүлдіріп, экологиялық вандализмнің түр-түріне баратын жандарда жоқ емес. Бірі тұрмыстық қалдықтарды кез келген жерге лақтырып, қоршаған ортаны ластаса, енді бірі флора мен фаунаға тікелей зиянын тигізіп жатады. Одан бөлек тау-тасқа есімдерін жазып, түрлі жазба қалдыратындар да бар. Бұл да – вандализмнің бір көрінісі.
«Жасыл мекен – жарқын келешек» акциясына қатысушылар тазалық жұмыстары барысында тау беткейлері мен үлкен тастарға, сонымен қатар тау жыныстарының жолға құлауынан қорғайтын жолдың екі жиегіндегі бетон тосқауылдарға жазылған жазбаларды тазартып, сырлады.
Экологиялық вандализмге қатысты жауапкершілік жайында Еңбекшіқазақ ауданы прокуратурасының прокуроры Мәулен Әбікенов сөз қозғап, жастарға ақпарат берсе, Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері парк аумағындағы тәртіп пен ережелер туралы түсіндірді.
«Таза Қазақстан» – бір күндік акция емес, ол – өмір салты. Табиғатты аялау арқылы біз келер ұрпаққа таза әрі көркем Қазақстанды аманат етеміз. Халқымыздың «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналығын ұстана отырып, туған жеріміздің тазалығы мен көркеюіне бірге үлес қосайық!», – деген аудан әкімінің орынбасары Ертай Сұлтанәліұлы аудандағы жастар саясатының дамуына өз үлесін қосып, тазалық акцияларына да атсалысып жүрген жастарды алғыс хатпен марапаттады.
«Таза мекен – әр азаматтың жауапкершілігі. Болашақ ұрпақ табиғаты тамаша, экологиясы таза елде өмір сүруі үшін ауламызды, көшемізді, туған өлкемізді таза ұстауымыз керек. Тазалық өзімізден басталады!», – деген Еңбекшіқазақ ауданы жастар ресурстық орталығының басшысы Айжан Әбіт мұндай тазалық жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты.
Қоршаған ортаның тазалығын сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатқа деген жанашырлық пен жауапкершілікті арттыру – әр азаматтың қоғам алдындағы борышы.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ


