2026 жылы «Заң және тәртіп – қоғам тұрақтылығының кепілі» атты ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Іс-шара Бахар ауылдық округінде ұйымдастырылып, оған жастар ісі жөніндегі нұсқаушы, учаскелік полиция инспекторы және ауылдық клубтың мамандары қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтардың заңға деген құрметін қалыптастыру болды.
Іс-шара барысында учаскелік полиция инспекторы қоғамдық орындарда өзін дұрыс ұстау, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі, ата-аналардың жауапкершілігі турасында баяндама жасап, мұндай құқықбұзушылықтар орын алған жағдайда зардабының да жеңіл болмайтынын ескертіп өтті. Сонымен қатар полиция инспекторы заң талаптарын сақтау әрбір азаматтың міндеті екенін де жіті түсіндірді.
Қатысушылар, әсіресе жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құқық қорғау қызметкерінен толықтай жауап алды. Мұндай ашық форматтағы кездесулер тұрғындар үшін өте пайдалы болды.
Аталған шара қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға, қауіпсіздікті арттыруға және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға өз үлесін қосады. Сонымен қатар, тұрғындарды заң талаптарын сақтауға шақырып, жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
ҰЙҒЫР АУДАНЫ


